Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

(Сурет: Ақорда сайтынан алынды)
— Алтын Орда Еуразияның ұланғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы Дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы, яғни бірде-бір тарихшы күмән келтірмейді. Бұл — мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен, бұл тақырып әлі де өзектілігін жойған жоқ. Ендеше, ешқашан жоғалтпайды. Бұл ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе, — деді Мемлекет басшысы.
Президент халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыру керектігін баса айтты.
— Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да осы. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрының бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз. Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ЮНЕСКО-мен байланысымызды одан ары дамытуға мүдделіміз!
— Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар қорының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр. Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді, — деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыс істелгенін айтты.
— Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл — ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан ары дамытуға мүдделіміз. Бұл — өзара тиімді, маңызды шаруа, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Симпозиум барысында Президент Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болғанын айтты.
Mezgil.kz