Армения Ресейдің одақтасы емес: Ереванның демаршына Мәскеу бұлқан-талқан болуда...

Әлгінде Арменияның астанасы Ереванда Еуропаның түгел басшылары жиналып саммит өткізді. Тақырыбы – «Болашақты құру: Еуропадағы тұрақтылық пен бірлік» деп аталады. Ұзын-ырғасы 50 мемлекеттің басшылары (президенттер мен үкімет басшылары) барды, қатысты.

1778231149929616.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

ПАШИНЯН: АРМЕНИЯ БҰЛ СОҒЫСТА РЕСЕЙДІҢ ОДАҚТАСЫ ЕМЕС!

Бұл жиынның жөні де, маңызы да бұрынғыдан өзгерек болды. Сол саммитке Украина президенті Владимир Зеленский де барды, артынша Армения мен Украина басшылары жеке кездесу өткізді. Екі ел басшысының осы жүздесуінен кейін саяси айтыс-тартыс тіпті өршіп кетті.

Сол кездесуде Армения премьер-министрі Никол Пашинян ағынан жарылып, біраз дүниелерді батыл айтты. Ол Украинаны қолдайтынын, оның территориялық тұтастығын мойындайтынын ашық білдірді.

Пашинянның сөзінше, Армения Украина мәселесінде Ресейдің одақтасы емес. Ол өз сөзінде КСРО тараған кездегі бұрынғы одақтас республикалардың шекараларын бекітетін 1991 жылғы Алматы декларациясын еске салды. Осылайша, Пашинян Арменияның бұл соғыста Ресейге көмектесіп жатқан одақтас емес екенін кесіп айтты. Тіпті, Арменияның Украинаға гуманитарлық көмек көрсетуді де тоқтатпайтынын ресми түрде растады.

МӘСКЕУ БҰЛҚАН-ТАЛҚАН: ЕРЕВЕН УӘДЕСІН БҰЗДЫ!

Осыдан соң-ақ, Мәскеудегілер бұлқан-талқан болуда. Кремль мұндай «соққыны» күтпесе керек, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі мен жоғары лауазымды шенеуніктері бірінен соң бірі мәлімдеме жасап, Ереванды айыптай бастады.

Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарова әуелі былай деді: «Ереван Ресейге қарсы әрекеттерге бармау туралы берген уәдесін бұзды», - деді.

Оның айтуынша, Армения билігінің қазіргі жүріп жатқан сыртқы саясаты ерте ме, кеш пе елді антиресейлік бағытқа алып келеді. Захарова Арменияның Брюссельдің айтқанына көніп, соның русофобиялық риторикасына жегіліп кеткенін айтып, қатты шүйлікті.

Одан кейін ол Зеленскийдің Еревандағы батыл сөздеріне де тоқталып: «Зеленскийдің қоқан-лоққыларына Еревандағы еуропалық саммиттің русофобиялық атмосферасы әсер етті», – деп мәлімдеді. Тіпті, Захарова армян билігіне «Сендер бұл тарихтың қай жағындасыңдар? Бір жаққа шығыңдар!» деп, нағыз «долылық» жасады.

Мәскеудің ашуын тек Захарова емес, басқалар да білдіріп жатыр. Ресей президенті Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков та бұл жағдайға қатысты өз пікірін айтты. Ол: «Жақында ғана Пашинянмен өткен келіссөздерде барлық нүктелер қойылған сияқты еді. Енді ол былай шығып, Еуропаға жарамсақтануда», – деп таңданысын білдірді.

Ушаковтың айтуынша, Армения әлі де «екі орындықта қатар отыру» саясатын ұстанып келеді. Ол: «Бұл позада қанша уақыт отыруға болатынын білмеймін, бірақ бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіреді», – деді.

Әсіресе, Кремльге Арменияның Ұлыбританиямен, Франциямен стратегиялық серіктестік туралы құжаттарға қол қойғаны мүлде ұнамаған. Мәскеу мұны «Ресеймен кооперацияны үзуге бағытталған қадам» деп есептейді. Ушаковтың ойынша, бұл жағдай Ресейге қарағанда Арменияның өзіне көбірек зиян тигізбек.

Мәскеу қазір Ереванның әрбір қадамын жіті бақылап, қыспаққа алуда. Арменияның Украина президентін құшақ жая қарсы алуы мен Пашинянның «біз одақтас емеспіз» деген сөзі Мәскеуге мүлде жақпады. Ресей Сыртқы істер министрлігі тіпті Армения елшісін шақыртып алып, «неге Зеленскийге төрден орын бердіңдер?» деп ескерту жасаған. Ереван мен Мәскеу арасындағы бұл текетірес әлі де жалғасатын сияқты. Армения өз бетінше саясат жүргізгісі келеді, ал Мәскеу бұрынғы одақтасын уысынан жібергісі жоқ.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар