Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы Қамшыбек Ташиевке ресми айып тағылды.

(Сурет: Азаттықтың Қырғыз қызметінен алынды)
ТАШИЕВТІҢ БОЛМАЙ ҚАЛҒАН ТӨҢКЕРІСІ
Қырғыз ақпарат құралдарының жазуынша: Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік қызметінің бұрынғы бастығы Қамшыбек Ташиевке, экс-депутат Құрманқұл Зулушевке және Жоғарғы Кеңестің бұрынғы жетекшісі Нұрланбек Тұрғынбекұлына «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және билікті құлатуға бағытталған іс-әрекеттер жасау» бойынша ресми түрде айып тағылды. Қарапайым тілмен айтсақ, «мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысу».
Күдікті деп танылған тұлғалардан Қырғызстанның Ішкі істер министрлігінде жауап алынған. Іс бір топ азаматтың мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуге шақырған «75-тің хаты» деп аталатын құжатпен байланысты. Ресми органдар әзірге тергеудің егжей-тегжейін жариялаған жоқ.
ТАШИЕВ: МЕН АҚТАЛЫП ШЫҒАМЫН!
Ал Ташиевтің өзі болса, аталған мәселе бойынша Қырғызстан халқына мәлімдеме жасап, былай дейді:
«Құрметті, ел-жұртым! Менің үстімнен қозғалған қылмыстық іс бойынша, мәлімдеме жасауыма тура келіп тұр. Себебі бүгін таңертең осы ақпарат шыққаннан бері көптеген адамдар алаңдаушылық білдіруде. Бұл қылмыстық іс бойынша менің заңды түрде қорғануға мүмкіндігім бар және Алла жазса, ешқандай кінәм жоқ, ақталып шығамын.
Кімнің кінәсі болса, сол жазасын тартады, ал таза болса — ақталады. Себебі мемлекетімізде әділетті сот жүйесін құруға мемлекет басшысының тарапынан күш салынуда. Мысалы, 25 адамнан тұратын «Кемпір-Абадтықтар» да ақталды. Сондықтан баршаңыздан тек заң аясында болуларыңызды сұраймын. Қандай да бір қоғамдық немесе басқа да адамдардың іс-әрекеттерінің қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Мен үшін уайымдап, алаңдамаңыздар. Әрқайсысыңызға үлкен рақмет айтып, ризашылығымды білдіремін. Жақсылық болса, бәрі жақсы болады», - деді.
ҚЫРҒЫЗСТАН МОДЕЛІ: ТҰРАҚСЫЗ ПЛЮРАЛИЗМ
Сарапшылардың пікірінше, Бішкектегі биліктің Ташиев бастаған топты «билікті күшпен басып алуға» айыптауы – Орталық Азиядағы саяси жүйелердің ішкі тұрақтылығы мен элита арасындағы күрестің көрінісі-міс.
Қырғызстан – посткеңестік кеңістіктегі ең саяси белсенді, бірақ сонымен қатар ең тұрақсыз жүйелердің бірі саналады. Елде бірнеше жолы мемлекеттік төңкерістер мен жаппай наразылықтар болған. Ал тәжірбиеге сүйенсек, әдетте мұндай тұрақсыздықтардан соң күштік құрылым басшыларының рөлі ерекше күшейе түседі. Себебі олар тек елішілік қауіпсіздіктің ғана емес, саяси тепе-теңдіктің де негізгі акторына айналады.
Қазір Қырғызстанның өзі ішінде Ташиевке қатысты қылмыстық іс бойынша пікірлер екіұшты.
Бір тобы – «Ташиев пен оның адамдарының бұлайша қудалануы – мемлекеттік қауіпсіздік мүддесі үшін дұрыс. Тағы бір төңкерістің алдын алу үшін дұрыс», - десе, енді бір тобы – «Екі достың ерегесі – Қырғыз қоғамын екіге жару қаупі де жоқ емес. Анығы бұл саяси ықпалды фигураны бейтараптандыру әрекеті», - дейді.
Анығы бұл екі пікірдің де түп-төркіні – Қырғызстандағы саяси институттардың әлсіздігін көрсетеді.
ГЕОСАЯСИ ФАКТОР: СЫРТҚЫ ЫҚПАЛ МЕН ІШКІ ТАРТЫС
Орталық Азияда саяси процестер көбіне ішкі динамикамен қатар сыртқы геосаяси факторлармен де қабаттасып жатады. Ресей, Қытай және Батыс елдерінің ықпал өрісі аймақта әртүрлі формаларда көрініс тауып жатады. Соның ішінде, қауіпсіздік, инвестиция және энергетика арқылы...
Қырғызстан сияқты салыстырмалы түрде ашық саяси жүйелерде элита ішіндегі тартыстар сыртқы ойыншылар үшін де сигнал ретінде қабылданады. Сондықтан Ташиев ісі тек ішкі саяси процесс емес, аймақтық тұрақтылыққа әсер ететін индикатор ретінде қарастырылып отыр.
Мұндай резонансты істер инвесторлар мен халықаралық серіктестер үшін де маңызды индикатор болып табылады. Егер элита ішіндегі қақтығыстар құқықтық емес, саяси құралдар арқылы шешіледі деген түсінік күшейсе, бұл өз кезегінде:
1) инвестициялық тәуекелді арттырады;
2) мемлекеттік институттарға сенімді төмендетеді;
3) ұзақ мерзімді экономикалық жоспарлауға әсер етеді.
Сондықтан, Ташиевке қатысты айыптау – Қырғызстандағы жеке саяси фигураның тағдыры ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы билік құрылымдарының эволюциясын көрсететін оқиға.
Mezgil.kz