Солтүстіктегі сойы бөлек көршілеріміздің көңілі бұзылып, қазақ мұнайы батысты бетке алып ағып жатқан құбырға қисынды-қисынсыз ұрынып-соғынуда. Қазіргі жағдайды солай деп сипаттамасқа сөз қалмады...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Әуелі ақпараттарды айтайық: 1 мамырдан бастап «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын (шикізат) Германияға тасымалдау тоқтатылмақ. Бұл туралы әуелі «reuters» агенттігі жазды.
Ал Ресей тарапы бұны «техникалық ақаулар шықты» деп түсіндірсе, Қазақстан Энергетика министрлігі экспорт көлемін басқа бағыттарға бұруға дайын екенін мәлімдеді.
ҚАЗАҚ МҰНАЙЫ ЖОЛДАН ТОҚТАТЫЛДЫ: РЕСЕЙДІКІ НЕ СЫЛТАУ?
Бүгін Ресейдің вице-премьері Александр Новак сөйлепті. Сөйлегенде бүйдепті. Мамыр айынан бастап Германиядағы «Шведт» (Schwedt) мұнай өңдеу зауытына экспортталып жатқан Қазақстанның мұнай транзиті тоқтатылатынын растапты. Ресми Мәскеу бұл шешімді «техникалық мүмкіндіктердің шектеулілігімен» байланыстырып отыр.
РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Қазақстанның мүдделері ескеріледі және жеткізілім басқа «бос логистикалық бағыттар» арқылы жүзеге асырылады. Алайда, бұл бағыттардың нақты қай бағыт екені әлі нақтыланған жоқ.
АҚКЕНЖЕНОВ АМАЛЫН ТАБА МА?
Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те мамыр айына арналған транзит жоспарының жоқтығын растап сөйледі. Министр бұл үзілістің астарында Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасалған соңғы шабуылдар болуы мүмкін деген болжам жасады.
«Бізде қазір бұл мұнайды басқа бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік бар. 2026 жылы мұнай өндіру көлемін қысқартуды жоспарлап отырған жоқпыз», – деп атап өтті Ақкенженов.
Айта кету керек, 2025 жылы осы бағыт арқылы Қазақстан Германияға шамамен 2,1 млн тонна мұнай экспорттаған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 730 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Егер бұл қарқын сақталған болса, жыл соңына қарай экспорт көлемі 2,5 млн тоннаға жуықтауы мүмкін еді.
Жалпы алғанда, «Дружба» бағытының тоқтауы немесе өзгеруі тек техникалық мәселе ғана емес, аймақтағы энергетикалық және саяси ахуалдың да көрінісі. Бұл жағдай Қазақстан үшін жаңа маршруттарды дамыту мен экспорттық бағыттарды әртараптандырудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеп отыр.
РЕСЕЙДІҢ ІШТАРЛЫҒЫ: МҰНАЙДЫ БІЗ САТПАСАҚ, ҚАЗАҚҚА ДА САТҚЫЗБАЙМЫЗ!
Тақырыпқа тұздық: Кремльдегі әскери-саяси басшы-қосшылар бейбіт жатқан Украинаға соғыс ашып, әлемге жексұрын атана бастаған 2022 жылдан бері Ресейге рекордтық деңгейдегі санкциялар салынуда. Ресейге қарсы санкциялар көлемі жөнінен көшбасшы – АҚШ болса, бүгінде Еуропалық одақ (ЕО) санкциялардың 20-шы пакетін мақұлдап үлгерді.
Бұдан басқа Еуропа елдері бірінің ізін екіншісі баса, Ресейдің энергетикалық қуат көздерінен жаппай бас тартуда. Сәйкесінше, нарықта Қазақстанның, Әзірбайжанның мұнайы мен газына сұраныс еселеп артуда. Ал санкция құрсауынан босай алмай, бұлғынып жатқан Кремль Қазақстан мұнайының жолын қайта-қайта кескестеуге көшкен.
Қараңыз, Украинадағы соғыс басталғаннан бері (2022 жылғы ақпан) Ресей қазақстандық мұнайдың негізгі бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысын бірнеше рет шектеді немесе тоқтатты. Атап айтқанда:
2022 жылғы наурызда КҚК жұмысы «дауыл шығып, айлақтағы құрылғылар зақымдалды» деген сылтаумен тоқтатылды.
Дәл солы жылы (2022 жылғы) маусымда терминал маңынан «Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жарылғыш заттардың табылуына» байланысты шектеу қойылды.
Онан соң, 2022 жылғы шілде Ресей соты (Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты) «Ространснадзор» анықтаған «экологиялық бұзушылықтар» үшін КҚК қызметін 30 тәулікке тоқтату туралы шешім шығарды.
Одан кейінгі жылдары да (2023–2026) техникалық себептерге немесе инфрақұрылымға жасалған шабуылдарға байланысты іркілістер тіркелді.
Сарапшылар бұны Ресейдің Қазақстанға, соның ішінде оның Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымына байланысты қысым көрсету құралы ретінде қарастырды.
Mezgil.kz