Ажал алып келген «аншлаг»: Ресейде «өлім» - табыс көзіне айналды

Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресей экономикасының көптеген секторлары санкциялар мен дағдарыстан зардап шексе, керісінше, қарқынды дамып жатқан бір сала бар. Ол — ритуалдық қызмет көрсету немесе жерлеу бизнесі.

1776673235468734.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Соңғы статистикалық мәліметтер Ресей өңірлерінде жерлеу бюролары мен соған байланысты кәсіпорындар санының рекордтық деңгейде өскенін көрсетті. Бұл құбылыстың астарында не жатыр? Сараптап көрейік.

РЕСЕЙДЕ ӨЛІМ — ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ

Ресми деректерге сүйенсек, 2024-2026 жылдар аралығында Ресей Федерациясында тіркелген ритуалдық агенттіктердің саны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткен. Әсіресе, майдан даласына ең көп еріктілер мен мобилизацияланғандарды жіберген «кедей» аймақтарда (Бурятия, Тыва, Забайкалье және Орал өңірлері) бұл бизнестің айналымы 2-3 есеге артқан.

Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім тікелей Украинадағы соғыстағы адам шығынының артуымен байланысты. Мемлекет тарапынан қаза тапқандардың отбасына төленетін «табыт ақшасы» ритуалдық қызмет нарығына үлкен қаржы ағынын әкелген. Егер бұрын адамдар жақындарын қарапайым жерлеуге тырысса, қазір бюджеттен бөлінетін миллиондаған өтемақының арқасында қымбат ескерткіштерге, элиталы табыттарға және кең көлемді ас беру рәсімдеріне сұраныс артқан.

«ҚАРАЛЫ» ИНДУСТРИЯНЫҢ ЖАҢА ТРЕНДТЕРІ

Бұл сала тек бюролардың санымен ғана емес, қызмет түрінің әртүрлілігімен де таңғалдыруда:

Крематорийлер жетіспеушілігі: Ресейдің ірі қалаларында кремацияға деген сұраныс артып, жаңа нысандардың құрылысы жеделдеді.

Әскери пантеондар: Зираттарда соғысқа қатысушылар үшін арнайы секторлар бөлініп, оларды безендіру мен күтіп ұстау жеке бір бизнес бағытына айналды.

Логистикалық қиындықтар: Майданнан мәйіттерді тасымалдаумен айналысатын жекеменшік көлік компанияларының желісі кеңейді.

Экономистер бұл жағдайды «трагедиялық өсім» деп атайды. Бір жағынан, ритуалдық сала салық төлеп, жұмыс орындарын ашып жатқандай көрінгенімен, екінші жағынан, бұл — елдің демографиялық әлеуетінің жойылуының айқын белгісі. Еңбекке жарамды, репродуктивті жастағы ер азаматтардың жаппай қаза табуы ұзақ мерзімді перспективада Ресей экономикасына ауыр соққы болып тимек.

РЕСЕЙ ӘСКЕРІНІҢ АДАМ ШЫҒЫНЫ ҚАНША?

Украина Қарулы Күштері Бас штабының 2026 жылғы сәуірдегі мәліметі бойынша, толық ауқымды соғыс басталғаннан бері Ресейдің жалпы жауынгерлік шығындары жеке құрам бойынша шамамен 1 319 270 адамды (қаза тапқандар мен жараланғандар) құраған.

2026 жылдың алғашқы айларында шығын қарқындылығы жоғарылаған. Мұны Ресейдің әскери сарапшылары да айтады. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден асып түсетін көрсеткіш. Ресейдің майдан даласындағы адам шығынының күрт көбеюіне бір себеп – Украинаның дрондармен соққы беруді арттыруы.

Ашық дереккөздері жариялаған есептерге көз жүгіртсек:

Жеке құрам шығыны: 1,31 млн-нан астам адам.

Танктер шығыны: 11 880-нен астам бірлік.

Жауынгерлік брондалған машиналар шығыны: 24 400-ден астам бірлік.

Артиллериялық жүйелер шығыны: 40 300-ден астам бірлік.

Жедел-тактикалық деңгейдегі БПЛА (дрондар): 248 500-ден астам бірлік. (Дереккөз: BBC, Українська правда)

ТӘУЕЛСІЗ ЗЕРТТЕУЛЕР МӘЛІМЕТІ

«Медиазона» жобасы мен «BBC News-тің» Орыс қызметінің ашық дереккөздерге негізделген ақпараты бойынша, 2026 жылдың сәуір айының басына қарай 208 000-нан астам ресейлік әскери қызметшінің қаза тапқаны расталды. Сонымен қатар, сарапшылар нақты көрсеткіштер бұдан едәуір жоғары екенін атап өтуде.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар