«Цикада» – жаңа короновирус»: Әлемге тез таралуда. Балаларды қорғау маңызды…

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 вирусының жаңа, қатты мутацияға ұшыраған штаммын бақылауға алды. Ресми атауы BA.3.2 болатын бұл нұсқа қазіргі таңда әлемнің кемінде 23 елінде анықталған. Ол АҚШ, Гонконг, Мозамбик және Ұлыбританияда тіркелген. Мамандардың айтуынша, бұл штамм бұрынғы нұсқаларға қарағанда аса қауіпті деген нақты дәлел жоқ. Алайда зерттеушілер оның балалар арасында жиірек таралуы мүмкін екенін атап өтуде. Осыған байланысты қоғамда «жаңа штамм қаншалықты қауіпті?» деген сұрақ қайтадан күн тәртібіне шықты.

1776244166387242.jpg

(Сурет: iaea.org)

«Цикада» туралы не белгілі?

BA.3.2 штаммы бейресми түрде «Цикада» деп аталып кеткен. Мұндай атау оның алғаш анықталғаннан кейін біраз уақыт бойы кейбір аймақтарда байқалмай, «жасырын» күйде болуымен байланысты. Бұл құбылыс жер астында ұзақ уақыт тіршілік ететін цикада жәндігін еске салады.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, бұл штамм 25 штатта анықталған. Ол тек науқастардан ғана емес, саяхатшылардан алынған сынамаларда және ағын сулардан да табылған. Бұл вирустың қоғам ішінде таралу деңгейін бақылаудың маңызды әдістерінің бірі саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған нұсқаны «бақылаудағы штамм» санатына енгізді. Бұл оның әзірге аса қауіпті деп танылмағанын, бірақ мұқият зерттеуді қажет ететінін білдіреді.

Балалар неге жиі жұқтырады?

Алдын ала жүргізілген зерттеулер бұл штаммды балалардың ересектерге қарағанда жиірек жұқтыруы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл мәліметтер толық ғылыми сараптамадан өтпегенімен, бірқатар ғалымдар бұл тенденцияның бар екенін мойындайды.

Мамандар мұны балалар иммунитетінің толық қалыптаспағанымен түсіндіреді. Балалар түрлі вирустармен аз кездескендіктен, олардың ағзасында қорғаныс механизмдері жеткілікті деңгейде дамымаған. Ал ересектердің иммундық жүйесі жылдар бойы қалыптасып, әртүрлі инфекцияларға қарсы белгілі бір деңгейде төзімділік қалыптастырады.

Сонымен қатар кейбір зерттеушілер штамм құрамындағы өзгерістер, әсіресе ақуыз құрылымындағы мутациялар балалар ағзасына ерекше әсер етуі мүмкін деген болжам айтады. Қазіргі таңда ғалымдар бұл бағытта қосымша зерттеулер жүргізіп жатыр.

Белгілері қандай?

Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, «Цикада» штаммының белгілері COVID-19-дың басқа нұсқаларынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Ауру көбіне дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрынның бітелуі, әлсіздік, бас ауруы және бұлшықет ауыруымен көрінеді. Кей жағдайда ентігу мен ас қорыту жүйесінің бұзылуы да байқалуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, вирустың әртүрлі нұсқалары бірдей жасушаларды зақымдайды. Сондықтан штамм өзгергенімен, симптомдары көбіне ұқсас болып қалады. Әзірге бұл нұсқа ауруды ауырлататыны туралы нақты дәлелдер тіркелмеген.

Неліктен бұл штамм қатты өзгерген?

Ғалымдардың айтуынша, барлық вирустар уақыт өте мутацияға ұшырайды, ал COVID-19 сияқты РНҚ-вирустар бұл процеске әсіресе бейім келеді. BA.3.2 штаммы бұрынғы «Омикрон» нұсқасынан едәуір ерекшеленеді және «жоғары деңгейде мутацияланған» деп сипатталады.

Мұндай өзгерістер вирустың иммундық жүйеден белгілі бір деңгейде «жасырынуына» мүмкіндік береді. Яғни адам ағзасы бұрын қалыптасқан иммунитет арқылы оны бірден танымауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жұқтыру көрсеткішінің артуына әсер етуі ықтимал.

Вакцина әсер ете ме?

Мутациялар вакциналардың тиімділігін белгілі бір деңгейде төмендетуі мүмкін. Дегенмен мамандар қазіргі вакциналар толықтай әсерсіз деп айтуға болмайтынын атап өтеді. Көп жағдайда вакцина аурудың ауыр өтуінен қорғайды.

Яғни адам вирус жұқтырғанымен, ауру жеңіл түрде өтуі ықтимал. Қазіргі таңда әлем халқының шамамен 67 пайызы вакцина алған. Ал жаңа штаммдарға бейімделген қосымша вакциналар барлық елде бірдей қолжетімді емес. Ғалымдардың айтуынша, жаңа вакцина тек жағдай күрт нашарлаған кезде ғана әзірленуі мүмкін.

Алаңдауға негіз бар ма?

Сарапшылар жаңа штаммдардың пайда болуы қалыпты жағдай екенін айтады. Олардың пікірінше, COVID-19 толық жойылып кетпейді және уақыт өте келе маусымдық респираторлық аурулардың біріне айналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, «Цикада» штаммы әзірге қоғамдық денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндірмейді. Бұл нұсқаның таралуы міндетті түрде ауыр жағдайлар мен өлім көрсеткішінің артуына әкеледі деген сөз емес.

Соған қарамастан, қауіп тобына жататын адамдар сақ болғаны жөн. Олардың қатарына жасы 65-тен асқан адамдар, иммунитеті әлсіз жандар және созылмалы ауруы бар науқастар жатады. Балалар арасында жұқтыру жиі болуы мүмкін болғанымен, көп жағдайда ауру жеңіл өтеді. Дегенмен егер балада өкпе, жүрек немесе иммундық жүйеге қатысты мәселелер болса, дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіну маңызды.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар