Пәкістан астанасында өткен алғашқы бетпе-бет келіссөздерде АҚШ пен Иран делегациялары ешқандай келісімге келе алмады. Бұл жолы келісімнің болмайтыны келіссөздер басталмай тұрып-ақ әмбеге аян еді.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Себебі, тараптардың мәлімдемелері қайшылықты болғаны сонша, қос тарап үшін бір-бірінің шарттары – мүлде орындалмайтын шарттар еді.
КЕЛІССӨЗ НЕМЕСЕ СОҒЫС: ТРАМП ЕКІ ЖОЛДЫҢ ҚАЙСЫН ТАҢДАЙДЫ?
Сарапшылардың дені Исламабадтағы келіссөздердің айтарлықтай тығырыққа тірелгенін айтады. Бұл жүздесудің ақпан айында Женвада өткен келіссөздерден бір айырмашылығы – енді «Иранның ядролық бағдарламасы» дейтін дәудей мәселеге Теһеранның «көзір» етіп ұстап отырған «Ормуз бұғазы мәселесі» қосылды.
Сарапшылардың пікірінше, енді Трамп әкімшілігіне екі жолдың бірін таңдауға тура келеді: бірі – Теһеранмен оның ядролық бағдарламасының болашағы туралы ұзаққа созылатын келіссөздерді жалғастыру. Екіншісі – ауқымды энергетикалық дағдарысқа әкеп соқтырған соғысты қайта жалғастыру. Сондай-ақ Ормуз бұғазын бақылау үшін ұзақ уақыттық дипломатиялық күрес жүргізу.
Бұл сценарийлердің әрқайсының айтарлықтай стратегиялық және саяси тәуекелдері жеткілікті.
АҚШ сайлап, жайлап жіберген бас келіссөзші Жей Ди Венс (вице-президент) келіссөздердің қалай өткені жайлы ашық айтпады, бар болғаны ирандық тарапқа ядролық бағдарламаны біржола жою туралы ұсыныс бергенін және Теһеранның бұл ұсыныстан бас тартқанын айтты: «Біз өзіміздің «қызыл сызықтарымыздың» қай жерде белгіленгенін және қай мәселеде ымыраға келуге даяр екенімізді ашық айттық. Олар біздің шарттарымызды қабылдамауды жөн көрді. Біз бұл жерге өте қарапайым ұсыныспен келіп, ешқандай келісімсіз кетіп барамыз», - деді Вэнс.
ТРАМП: ОРМУЗДЫ ТОЛЫҚ ҚОРШАП ТАСТАЙМЫЗ!
АҚШ президенті Дональд Трамп Исламабадтағы келіссөздерге қатысты «Truth Social» әлеуметтік желісінде екі бірдей жазба жариялады. Онда Трамп АҚШ-тың «Ормуз бұғазына кіруге немесе одан шығуға тырысқан кез келген кеменің жолын кесіп, бұғазды толық блокадада ұстайтынын» және «блокада таяу арада күшіне енетінін» мәлімдеді.
Трамп сондай-ақ «АҚШ Әскери-теңіз күштеріне халықаралық суларда Иранға баж салығын төлеген әрбір кемені анықтап, ұстауға бұйрық бергенін» және американдық флот «ирандықтар бұғазға қойған миналарды жоюды» бастайтынын жазды.
«Иран Ормуз бұғазын ашуға уәде берді, бірақ бұл уәдесін әдейі орындамады. Бұл дүние жүзіндегі көптеген елдерде алаңдаушылық туғызуда. Олардың өмірлеріне тікелей кері әсерін тигізуде. Олар уәде бергендіктен, осы халықаралық су жолын ашу процесін мүмкіндігінше тезірек бастағаны жөн!», - деді Трамп.
Трамп «кездесудің жақсы өткенін, көптеген мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілгенін, бірақ ең маңызды пункт — ядролық қару мәселесі бойынша келісім болмағанын» жазды.
«Шамамен 20 сағатқа созылған келіссөздерден кейін тек бір нәрсе қалды. Ол — Иран өзінің ядролық амбицияларынан бас тартпай отыр», - деді Трамп.
ТРАМПТЫҢ ТЕПКІНІНЕ ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы Трамптың жазбаларына жауап ретінде Иран қауіпсіздік күштері Ормуз бұғазын толық бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
«Егер жау қате қадам жасаса, бұғаздағы өлім иіріміне түседі», - делінген хабарламада.
Исламабадтағы ирандық делегацияны басқарған Иран парламентінің спикері Мұхаммад-Багер ҒГалибаф Теһеранның Ормуз бұғазын теңіз блокадасына алу туралы қоқан-лоққыларына мойынсұнбайтынын айтты.
«Егер олар соғысса, біз де соғысамыз, егер олар қисынды әрекет етсе, біз де қисынды әрекет етеміз. Біз ешқандай қорқытуға көнбейміз, олар біздің ерік-жігерімізді тағы бір тексеріп көрсін, сонда біз оларға бұдан да салмақты сабақ бере аламыз», - деді Галибаф.
СЕНІМНІҢ ЖОҚТЫҒЫ МЕН КӨЗҚАРАСТАР ҚАЙШЫЛЫҒЫ
Иран келіссөздердің сәтсіз аяқталуын тараптар арасындағы сенімнің жоқтығымен байланыстырады. Пәкістандағы Теһеран делегациясын басқарған Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф өзінің «X» әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Иранның соғысты тоқтатуға қатысты ізгі ниеті мен ерік-жігері бар, бірақ алдыңғы соғыстардың тәжірибесіне байланысты біз АҚШ-қа мүлде сенім артпаймыз», - деді.
Иран СІМ баспасөз хатшысы Эсмаил Бакаи екі немесе үш негізгі мәселе бойынша туындаған келіспеушіліктер келісімге келуге кедергі болғанын айтты. Ол тараптардың кейбір мәселелер бойынша ортақ шешімге келгенін, бірақ басқалары бойынша «көзқарастар қайшылығы» бар екенін атап өтті.
Бакаи: «Дипломатия ешқашан тоқтамайды. Бір кезеңдік келіссөздерде бірден келісімге қол жеткізіледі деп күту ақылға сыймайтын әңгіме. Анығы ондай үміт ешкімде болған жоқ деп ойлаймын», — деді ол.
Иран СІМ-і сондай-ақ: «Иран асықпайды және АҚШ ақылға қонымды мәмілеге келіспейінше, Ормуз бұғазындағы жағдай өзгермейді», -деп мәлімдеді.
КЕЛІССӨЗДЕРДЕГІ БАСТЫ ТАЛҚЫ – ОРМУЗДЫ АШУ МӘСЕЛЕСІ!
Ормуз бұғазы Иранның ядролық бағдарламасымен қатар, осы келіссөздердегі басты кедергіге айналған. Иран билігі Исламабадтағы кездесуде талқыланған мәселелер тізімінде Ормуз бұғазын бірінші орынға қояды.
«Соңғы 24 сағат ішінде негізгі тақырыптардың түрлі аспектілері, соның ішінде Ормуз бұғазы, ядролық мәселе, әскери репарациялар, санкцияларды алып тастау және Иранға қарсы соғысты толық тоқтату бойынша талқылаулар жүргізілді», - делінген Иран СІМ мәлімдемесінде.
Айта кетерлік жайт, бұған дейін АҚШ пен Иранм жүргізген келіссөздерді Ормуз бұғазы туралы мәселе мүлде болмаған. АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан соң ғана, Теһеран өзінің экономикалық — қаруын іске қосып, Ормузды бұғаттап тастаған.
Иран парламентінің вице-спикері Хаджи Бабаи: «Ормуз бұғазы Теһеран үшін «қызыл сызық». Бұғаз толықтай Иранның бақылауында және оны пайдаланғаны үшін төлемдер риалмен — Иран валютасымен — төленуі тиіс!», - деп мәлімдеген.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні «Truth Social» әлеуметтік желісіндегі жазбасында бұғаздың «жақында ашылатынын» мәлімдеді.
АҚШ Қарулы Күштерінің аймақтағы Орталық қолбасшылығы да сенбі күні су жолын миналардан тазарту бойынша кең ауқымды операция аясында американдық екі эсминецтің Ормуз бұғазы арқылы өткенін хабарлады. Алайда Иран бұл мәлімдемелерді теріске шығарып: «Әскери кемелердің Ормуз бұғазы арқылы өтуге жасаған кез келген әрекетіне қатаң тосқауыл қойылады», - деп мәлімдеді.
ИРАН ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНАН БАС ТАРТПАЙДЫ!
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің тағы бір баста тақырыбы – Иранның ядролық бағдарламасы төңірегінде өрбіген. Алайда, бұл бағытта да айтарлықтай серпіліс болған жоқ.
Тегеран мен Вашингтон арасында Обама әкімшілігі тұсында қол жеткізілген соңғы ірі келісім екі жыл бойы талқыланып келеді. Ол келісім бойынша көптеген ымыраға жол ашылған еді. Иранға ядролық арсеналының азғантай бөлігін сақтап қалуға рұқсат берілді және оның ядролық қызметіне қойылған шектеулерді 2030 жылға дейін біртіндеп алып тастау көзделді.
Алайда 2018 жылы Трамп АҚШ-ты бұл келісімнен шығарды. Ал қазір ол Теһераннан ядролық бағдарламадан толық бас тартуды талап етіп отыр. Иран бұған келісуге асығар емес. Дәл осы себепті ақпан айындағы Женева келіссөздері сәтсіз аяқталған. Содан кейін АҚШ президенті әскери қимылдарды бастауға бұйрық берді.
Ол кезде ирандықтар өздерінің ядролық операцияларын бірнеше жылға «тоқтата тұруды» ұсынды, бірақ сапасы қару-жарақ деңгейіне жақын уран қорынан бас тартпайтынын және өз аумағында уран байыту мүмкіндігінен біржола бас тартпайтынын мәлімдеді.
КЕЛІСІМНІҢ АУЫЛЫ АЛЫСТА: ТАРАПТАР ДЕГЕНІНЕН ҚАЙТПАЙДЫ!
Трамп 13 мыңнан астам нысанасы соққыға жығылып, АҚШ-тың орасан зор әскери қуатын көргеннен кейін Иран дес береді деп есептеген сыңайлы. Ал ирандықтар болса, АҚШ қанша соққыласа да оларды иіліп, берілуге мәжбүрлей алмайтынын көрсетуге бел буып отырғандай.
Трамп болса 21 сәуірде аяқталатын бітім мерзімін күтпестен, әскери картаны қайта ойнатып, ұрысты жалғастыруы мүмкін.
Вэнстің Исламабадқа сапары екі тараптың да өздерін бірінші кезеңнің жеңімпазы санайтынын анық көрсетті: Америка Құрама Штаттары өздерін — Иранға соғыршама соққы жасағаны үшін, ал ирандықтар — соған төтеп бергені үшін өздерін «жеңімпаз» деп есептейді. Бір анығы – екі жақ та қазір ымыраға келуге ниетті емес!
Mezgil.kz