Келлог қатты айтты: АҚШ жаңа «НАТО» құрмақ. Онда Украинаға да орын бар!

Украина бойынша АҚШ-тың бұрынғы арнайы өкілі Кит Келлог альянсқа балама болатын жаңа қорғаныс жүйесін құру қажет екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, қазіргі НАТО халықаралық дағдарыстарға, соның ішінде Иран төңірегіндегі шиеленіске, жеткілікті деңгейде жауап бере алмай отыр.

1775216394955416.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

КЕЛЛОГ ҰСЫНДЫ. ПОМПЕО ҚОЛДАДЫ: НАТО-НЫҢ КҮНІ ТАЯДЫ МА?

«Fox News» арнасына берген сұхбатында Келлог альянсты қатаң сынап, НАТО-ны «қорқаққа айналып бара жатыр» деп атады. Ол қазіргі құрылымның жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұру қабілеті әлсірегенін айтып, АҚШ-қа жаңа серіктестік форматын қарастыру қажет екенін жеткізді.

Келлогтың сөзінше, Вашингтон ендігі жерде нақты әрекетке дайын елдермен жаңа қауіпсіздік блогын құруы тиіс. Мұндай ықтимал альянс құрамында Жапония, Аустралия, Польша, Германия және Украина болуы мүмкін.

Бұрынғы шенеунік сонымен бірге Солтүстікатлантикалық шарттың 13-бабын еске салып, оған сәйкес кез келген мүше мемлекет альянстан бір жыл бұрын ескерту арқылы шыға алатынын атап өтті. Бұл мәлімдеме АҚШ-та НАТО-дан шығу туралы пікірталастың жай ғана риторика емес, нақты саяси сигналға айналып бара жатқанын көрсетеді.

Келлогтың бұл ұстанымын АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да қолдады. Ол НАТО-ның қазіргі жағдайын «нашар» деп бағалап, АҚШ өзіне шын мәнінде кімнің сенімді серіктес бола алатынын қайта қарауы керек екенін айтты. Ал бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші орынбасары Виктория Коутс НАТО-ның Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі соғыс жағдайында күткендей нәтиже көрсете алмағанын мәлімдеді. Оның пікірінше, Вашингтон болашақта ауқымды әрі баяу жұмыс істейтін халықаралық құрылымдардан гөрі, икемдірек серіктестік форматтарына басымдық беруі мүмкін.

ОРМУЗ ДАУЫ: НАТО «ҚАҒАЗ ЖОЛБАРЫС!»

Осы мәлімдемелер аясында АҚШ президенті Дональд Трамптың да НАТО-дан шығу мүмкіндігін «байыпты түрде» қарастырып отырғаны белгілі болды.

«Reuters» агенттігінің жазуынша, Трамп альянсты бұрыннан бері «қажетсіз құрылым» деп санайтынын айтып, оны «қағаз жолбарыс» деп атаған. Оның сөзінше, АҚШ Украинаға қолдау көрсетуге және одақтастарына көмектесуге күш салып келсе де, Иран төңірегіндегі әскери шиеленіс кезінде еуропалық серіктестер Вашингтонды толық қолдамаған.

Әсіресе Ормуз бұғазын қорғау үшін әскери кемелер жіберу мәселесіндегі келіспеушілік Ақ үй мен Еуропа арасындағы сенім дағдарысын айқын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, бұл – АҚШ-тың Еуропаны бұрынғыдай сенімді қорғаныс серіктесі ретінде қарастырудан алыстай бастағанының ең маңызды белгілерінің бірі.

НАТО ЕНДІ ҚАЙТПЕК?

Осы жағдайдың фонында НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте келесі аптада Вашингтонға барады. Альянс өкілдері бұл сапардың алдын ала жоспарланғанын айтқанымен, оның дәл осындай саяси шиеленіс кезінде өтуі ерекше назар аудартып отыр. АҚШ пен еуропалық одақтастар арасындағы қарым-қатынастағы салқындық, әсіресе қорғаныс және әскери қолдау мәселелерінде, НАТО-ның ішкі бірлігіне тікелей әсер етуі мүмкін.

НАТО – 1949 жылы құрылған ұжымдық қорғаныс альянсы. Оның басты қағидасы бойынша, бір мүше елге жасалған шабуыл барлық мүшеге жасалған шабуыл ретінде қарастырылады. Қазір ұйым құрамында 32 мемлекет бар. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия, Польша, Түркия, Италия, Испания, Нидерланд, Бельгия, Норвегия, Дания, Балтық елдері, сондай-ақ соңғы жылдары қосылған Финляндия мен Швеция бар. Финляндия альянсқа 2023 жылы, ал Швеция 2024 жылы мүше болды. Ресми түрде болашақта мүшелікке үміткер елдер қатарында Украина, Грузия және Босния мен Герцеговина аталады. Сондықтан Вашингтондағы НАТО-ға қатысты кез келген мәлімдеме тек ішкі саяси риторика емес, бүкіл Еуропа мен әлемдік қауіпсіздік архитектурасына әсер ететін маңызды геосаяси мәселе болып отыр.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар