Қазақстан үшін ең дұрыс жол – өзінің дипломатиялық бағытын сақтау!

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің ұзаққа созылуы халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Әлеуметтік желілерде Қазақстан тараптарға келіссөз алаңын ұсынуы мүмкін деген ақпарат тарап, тіпті Түркістанда келіссөз өткізу ықтималдығы туралы пікірлер айтылды. Мұндай жағдайда Қазақстанның бұл қақтығысқа қатысты ұстанымы қандай болуы керек деген сұрақ өзекті бола түсті.

1774881784605527.jpg

(Сурет: 3d-wood.kz)

АҚШ пен Иран арасындағы текетірес бүгінде тек екі мемлекеттің арасындағы жанжал шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Бұл қақтығыс жаһандық сипат алып, әлемдік саясат пен экономикаға ықпал ететін күрделі геосаяси мәселеге айналып барады. Мұндай жағдайда халықаралық аренадағы кез келген тұрақсыздық Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға да әсер етпей қоймайды.

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбайдың пікірінше, бұл шиеленістің ықпалы Қазақстанды да айналып өтпейді. Сондықтан елдің ұстанымы айқын әрі салмақты болуы керек. Сарапшының айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары халықаралық қақтығыстарға қатысты өзін дипломатиялық тепе-теңдікті сақтай алатын мемлекет ретінде көрсетіп келеді. Бұған Украина төңірегіндегі жағдай, сондай-ақ Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыстар кезіндегі ресми Астананың байыпты ұстанымы дәлел.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты ерекшелігі – көпвекторлы әрі прагматикалық бағыт. Бұл дегеніміз, ел қандай да бір тарапты ашық қолдап немесе айыптап, біржақты шешімге бармайды. Керісінше, халықаралық құқық нормаларын сақтау, қақтығысты келіссөз арқылы шешу және дипломатиялық жолмен ымыраға келуді қолдайды. Мұндай ұстаным Қазақстанның ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сыртқы саяси стратегиясына сай келеді.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Қазақстан тараптарға келіссөз алаңын ұсынуы мүмкін деген ақпараттың тарауы да кездейсоқ емес. Тіпті Түркістанда келіссөз өткізуі ықтимал деген пікірлердің айтылуы елдің халықаралық беделімен байланысты. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде нақтыланбағанымен, мұндай бастаманың талқылануының өзі Қазақстанның медиаторлық әлеуетіне деген сенімді аңғартады. Себебі ел бұған дейін де бейбіт диалог пен өзара түсіністі қолдайтын мемлекет ретінде танылып үлгерді.

Егер Қазақстан шынымен келіссөз өткізуге алаң ұсынса, бұл елдің халықаралық аренадағы рөлін күшейте түсетін маңызды қадам болар еді. Ал Түркістанның ықтимал келіссөз орны ретінде аталуында да өзіндік мән бар. Түркістан – тарихи әрі рухани маңызы зор қала. Мұндай мекеннің бейбіт келіссөздер алаңы ретінде ұсынылуы Қазақстанның тұрақтылық пен диалогты қолдайтын ел ретіндегі имиджін айқындай түседі.

Сарапшының пікірінше, дәл осындай жағдайда Қазақстан үшін ең дұрыс жол – өзінің қалыптасқан дипломатиялық бағытын сақтау. Яғни, тараптарды сабырға шақыру, әскери әрекеттерді тоқтатуға үндеп, мәселені халықаралық институттар аясында көпжақты дипломатия арқылы шешуді қолдау. Бұл – елдің ұлттық мүддесіне де, геосаяси қауіпсіздігіне де сай келетін ұстаным.

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс Қазақстанды сырт айналып өтетін мәселе емес. Оның саяси, экономикалық және өңірлік салдары елімізге де әсер етуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді әрі дұрыс позиция – көпвекторлы, прагматикалық және бейбітшілікке негізделген саясатты жалғастыру.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар