Ресейлік депутаттарға АҚШ-тан сыйлық: Бір құты Coca-Cola мен шұлық!

Ресейлік депутаттар араға 12 жыл салып АҚШ-қа барды. Оларды Республикалық партияның өкілі Анна Паулина шақырған. Уашиңтон қаласында ресми кездесу өткен.


a4f39f91b0_untitled-design-2026-03-28t234424_170.jpg(Сурет zamin.uz сайтынан алынды)

 

Ресейдің Мемлекеттік Думасынан 5 депутат АҚШ-қа барған. Ресейлік делегацияны арандату сипатындағы мәлімдемелерімен танымал Вячеслав Никонов бастап барды. Кездесулер 26-27 наурызда өтті. Тараптар екі ел арасындағы тікелей әуе байланысын қайта жандандыру, Ресейдің спортшыларын Олимпиада ойындарына қайтару, визалық режимді жеңілдету, студенттер мен ғылыми орта арасындағы тәжірибе алмасуды күшейту, гуманитарлық және мәдени байланысты нығайту, санкцияны алып тастау, Украина-Ресей соғысын аяқтау жағын талқылаған.

 

Ресейлік депутаттардың ішінде әр партиядан бір-бір депутат барған. Борис Чернышов, Светлана Журова, Михаил Делягин, Владимир Исаков та АҚШ-қа барып қайтты. AFP басылымының жазуынша АҚШ тарапынан кездесуге республикалықтар да, демократтар да қатысқан.

 

«Біздің қатынастарымыз өте шиеленіскен күйде тұр. Ал байланыс мүлде азайып кетті. Яғни, байланыс тоқтап қалды десек те болады. Парламент өкілдері арасындағы алғашқы байланысты жандандыру әрекеттерін нақты бағалау қиын. Дегенмен, бұл өте маңызды», - дейді Путиннің баспасөз хатшысы Песков.

 

Ресейлік депутаттар санкцияға қарамастан АҚШ-қа келген. Кремль бұл сапарды «тарихи» деп атап үлгерді.

 

АҚШ тарапы ресейлік депутаттарға сый-сияпат берді. Bild басылымы ресейлік әр депутатқа Трамптың суреті бар шұлық сыйлағанын жазды. Сонымен бірге, әр депутатқа бір құты Coca-Cola мен Трамптың суреті бейнеленген кәдесыйлар табысталған. Ресейлік депутаттар жариялаған видеоларда олардың Coca-Cola сусынын ішіп, мұражайды аралап жүргенін көруге болады.


Mezgil.kz





Сәйкес тақырыптар