Ұлттық мәдениетті жаңғыртқан қайраткер: Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған конференция

2026 жылғы 4 наурызда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті мен ҚР Ұлттық орталық музейі бірлесіп, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойына арналған «Өзбекәлі Жәнібеков феномені: тарих, мәдениет және ұлттық сана» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.


WhatsApp Image 2026-03-26 at 17.36.53.jpeg

 (Суреттер ұйымдастырушы тараптан алынды)


Іс-шараның басты мақсаты – қайраткердің ұлттық мәдениет пен руханиятты дамыту жолындағы еңбегін ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның тарихи мұрасын насихаттау және қазіргі қоғамдағы маңызын айқындау болды. Конференция жұмысына еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдары, мәдениеттанушылар, этнографтар, тарихшылар, музей мамандары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен жас зерттеушілер қатысты.

 

Жиын барысында Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ мәдениетін жаңғыртудағы рөлі, ұлттық салт-дәстүрлерді қайта түлетуге қосқан үлесі, музей ісін дамытудағы еңбегі және тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы бастамалары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар оның қазақтың дәстүрлі өнерін, қолөнерін, этнографиясын зерттеп, ғылыми айналымға енгізудегі қызметіне ерекше тоқталды.


WhatsApp Image 2026-03-26 at 17.36.51.jpeg

 

Конференция аясында ғалымның өмірі мен қызметіне арналған баяндамалар тыңдалып, ғылыми пікір алмасу өтті. Сонымен қатар оның мұрасына қатысты тың зерттеулер мен архивтік материалдар таныстырылып, ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту мәселелері талқыланды.

 

Ғылыми конференция аясында «Мәдениетке мәңгілік із қалдырған тұлға» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Көрмені ҚР Ұлттық орталық музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар және Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейі бірлесіп ұйымдастырды. Экспозицияда қайраткердің өмірі мен қызметі жолындағы сирек фотосуреттер, жеке заттары мен ғылыми еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.


WhatsApp Image 2026-03-26 at 17.36.48.jpeg

 

Көрмеге келушілерге Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық сана мен мәдени жаңғырудағы тарихи рөлін тереңірек түсінуге, оның рухани мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

 

Экспозицияда ұсынылған негізгі жәдігерлердің қатарында ҚР Ұлттық орталық музейі қорынан алынған бірқатар құнды заттар бар. Олардың ішінде атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовқа тиесілі қоғам қайраткері өзі өткізген тымақ, этнографтың  жары Халихан апамыз табыстаған домбыра, үстел үстіне қойылатын кітап пішіндес сағат, ағаштан жасалған мифтік бейнелі трос басы, гипстен жасалған бюст және «Sanuo» транзисторы көрермен назарына ұсынылды.


WhatsApp Image 2026-03-26 at 17.36.50 (1).jpeg

 

Сонымен қатар Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорынан беті көн терімен қапталған дауылпаз тәрізді көне соқпалы музыкалық аспап — шыңдауыл да көрмеге қойылды. Бұл аспап кезінде Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен реставрацияланған.

 

Белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков 1970–1975 жылдары Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған кезеңде Арқалық қаласында Амангелді Имановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында этнографиялық бағыттағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің ашылуына тікелей атсалысқан. Музей экспозициясын толықтыру мақсатында ол халық арасынан тарихи және этнографиялық маңызы бар көптеген жәдігерлерді жинап, музей қорына өткізіп отырған.


WhatsApp Image 2026-03-26 at 17.36.50.jpeg

 

Көрмеде сол кезеңде жиналып, музей қорына тапсырылған бірқатар құнды бұйымдар да қойылды. Олардың қатарында ағаштан жасалған астау, Өзбекәлі Жәнібековтің өз эскизі негізінде Қазақстан суретшісі Қырым Алтынбековке жасатқан сәукеле, «Уақыт керуені» атты авторлық қолтаңбасы бар кітап, «Шертер» ансамблінің афишасы және түрлі әшекей бұйымдар бар.


Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен тақырыптық көрме – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаның өнегелі өмір жолын дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени-ғылыми шара. Сонымен қатар бұл бастама жас ұрпаққа тарихи таным мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ел мәдениетінің дамуына үлес қосқан қайраткерлердің мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік береді.


ҚР Ұлттық орталық музейінің Антропология және этнология бөлімінің

Кіші Ғылыми қызметкері Аязбаева Сафия Бөлтекқызы


Mezgil.kz






Сәйкес тақырыптар