Толеранттылықтан инклюзияға: Қоғамдық дамудың жаңа кезеңі

Қазіргі қоғамдық дискурста толеранттылық ұғымы кеңінен таралып, оның құндылығы жалпыға мәлім болғанымен, соңғы жылдары инклюзия идеясы әлеуметтік өзара іс-қимылдың жаңа үлгісі ретінде алдыңғы қатарға шығуда. 

1774433635859205.jpg

(Сурет: kazislam.kz)

Бұл мақалада инклюзия ұғымының мәні, оның құқықтық-педагогикалық негіздері, сондай-ақ инклюзивті білім беру қағидаттары ғылыми тұрғыдан сараланады. Отандық және халықаралық дереккөздерге, соның ішінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына, ЮНЕСКО Саламанка декларациясына және әлеуметтік зерттеу институттарының деректеріне сүйенілді.

Қоғамдық санада толеранттылық әртүрлі топтарға жататын адамдарға шыдамдылық пен құрмет танытудың қажетті шарты ретінде орныққан. Алайда толеранттылық көбінесе пассивті қабылдаумен шектеліп, нақты әрекетке ұласпайды. Инклюзия болса (ағылш. inclusion – қосу, қамту) – әлеуметтік оқшаулануға әкеп соғатын жағдайлар мен әдеттерді өзгертуге бағытталған белсенді әрекеттер жиынтығы. Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіковтің пікірінше, инклюзия тек мүгедектігі бар азаматтарға ғана емес, зейнеткерлерге, жүкті әйелдерге, діни көзқарасы ерекше адамдарға да қатысты, алайда Қазақстанда қалыптасқан қағидат бойынша инклюзия деп көбінесе мүгедектігі бар азаматтарды ғана атайды . Бұл терминді түсінудегі тар шеңбер әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III «Білім туралы» Заңының 8-бабының 1-тармағында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптерінің бірі ретінде «барлық азаматтарға білім алуға тең қолжетімділік» қарастырылған. Соңғы жылдары елімізде инклюзивті білім беруді дамыту бағытында бірқатар заңнамалық және құрылымдық өзгерістер енгізілді. 2021 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистент және арнайы педагог лауазымдары енгізілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетованың айтуынша, елімізде инклюзия мәдениеті біртіндеп дамып келеді: білім беру жүйесінде инклюзивті мектептер, сыныптар ашылып, әлеуметтік қызметтер сапасы артып келеді.

Халықаралық құқықта инклюзивті білім берудің іргелі қағидаттары 1994 жылы Испанияның Саламанка қаласында қабылданған «Саламанка декларациясы» мен «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға арналған іс-қимыл шеңбері» атты құжаттарда бекітілген. Осы құжаттарда мынадай қағидаттар айқындалған:

Адамның құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес.

Әр адам ойлауға және сезінуге қабілетті.

Әр адамның қарым-қатынас жасауға және тыңдалуға құқығы бар.

Барлық адамдар бір-біріне мұқтаж.

Нағыз білім тек нақты өзара қарым-қатынас жағдайында жүзеге асады.

Барлық адамдар құрдастарының қолдауы мен достығына зәру.

Білім алушылардың прогрессі олардың істей алмайтыны емес, істей алатыны арқылы бағаланады.

Әртүрлілік өмірдің барлық саласын байытады.

Осы қағидаттардың ішіндегі ең маңыздысы – әртүрліліктің әлеуметтік байлық ретінде мойындалуы. Осы тұрғыдан алғанда, инклюзия қоғамдық дамудың ресурсы болып табылады.

Инклюзияны насихаттауда медиа-мәтіндер мен өнер туындыларының рөлі зор. Мысалы, «Зверополис» (ағылш. Zootopia) мультфильмі әртүрлі физиологиялық ерекшеліктері бар жануарлардың бір қалада өмір сүру мүмкіндігін көрсетіп, стереотиптердің зияндылығын айшықтайды. Ал «1+1» (фр. Intouchables) фильмі мүгедектігі бар адамға деген қарым-қатынастың қандай болуы керектігі туралы терең ой салады. 2025 жылы Алматы қаласында инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс өтті, онда Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тең әрі сапалы біліммен қамтамасыз ету, заңнамалық базаны жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және инклюзивті мәдениетті қалыптастыру бағыттарына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Қазақстанда соңғы жылдары инклюзивті білім беру саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда елімізде 509 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді: 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 230 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК), 11 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы бар. Сондай-ақ, инклюзивті қолдау кабинеттерінің саны соңғы жылдары 1000-нан асты. Бұл қоғамда инклюзивті білім беруге деген сенімді күшейтті.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар