Реформалардың мәні – «Әділетті Қазақстан» қағидатына сүйенген жаңа басқару моделін қалыптастыру!

Елімізде соңғы жылдары саяси реформалар қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, 2019 жылдан бері басталған өзгерістер елдің басқару жүйесін жаңғыртып, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Бұл өзгерістердің басты мақсаты–саяси жүйені ашық әрі тиімді басқару қағидаттарына көшіру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

1773161465655666.jpg

(Суреттер: akorda.kz, oq.gov.kz)

Саясаттанушы, қоғам қайраткері Омарәлі Әділбекұлы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар елдің саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталғанын атап өтеді. Оның айтуынша, 2019 жылы Президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму бағытын жаңартуға бағытталған бірқатар бастамаларды қолға алды. Бұл реформалардың стратегиялық негізі–«Әділетті Қазақстан» қағидатына сүйенген жаңа басқару моделін қалыптастыру.

Соңғы жылдары саяси жүйені жаңғырту бағытында маңызды қадамдар жасалды. 2022 жылы қабылданған конституциялық реформалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуді көздеді. Нәтижесінде Президент өкілеттігінің бір бөлігі Парламентке беріліп, заң шығару органының рөлі артты. Сонымен қатар Конституциялық сот қайта құрылып, азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктері енгізілді.

Сайлау жүйесінде де өзгерістер болды. Мәжіліс пен мәслихат сайлауларында аралас сайлау жүйесінің енгізілуі азаматтардың саяси процеске қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Ал саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдетілуі жаңа партиялардың құрылуына жол ашып, көппартиялық жүйенің дамуына ықпал етті.

Саяси реформалардың тағы бір маңызды бағыты–жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесінің енгізілуі тұрғындардың жергілікті басқару ісіне белсенді қатысуына мүмкіндік берді. Бұл өзгерістер жергілікті биліктің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар кейбір өңірлерде аудан әкімдерін сайлау пилоттық режимде өткізіліп, бұл тәжірибені кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр.

Реформалар әлеуметтік-экономикалық салада да көрініс тапты. 2019 жылы әлеуметтік осал топтардың қарыз жүктемесін жеңілдетуге арналған несие амнистиясы жүзеге асырылып, көптеген отбасылардың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар білім беру саласында мұғалімдердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру саясаты жүргізіліп, педагог мәртебесін көтеруге бағытталған заңдар қабылданды.

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мақсатында Президенттік кадрлық резервтің құрылуы да маңызды бастамалардың бірі болды. Бұл бастама мемлекеттік қызметке жаңа буын мамандарын тартуға және басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан реформалардың негізінде «Күшті Президент–ықпалды Парламент–есеп беретін Үкімет» моделі жатыр. Бұл модель билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты күшейтуге бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары жүзеге асырылған конституциялық өзгерістер, сайлау жүйесінің жаңаруы және жергілікті басқаруды дамытуға бағытталған қадамдар Қазақстанның саяси жүйесін біртіндеп жаңғыртуға ықпал етті. Ал әлеуметтік-экономикалық бастамалар азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Реформалардың толық нәтижесі уақыт өте келе, олардың тұрақты әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуы арқылы айқындала түседі.

Аяна Қазтай

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар