Ирандағы соғыс. Пехлевидің үзілген үміті һәм жаңа Аятоллаға төнген қауіп

Қазір әлем бұрын-соңды болмаған өзгеріске түсіп, БҰҰ-ның бір орталықтан басқарушылығын кейбір алпауыт мемлекеттер керек те қылмайтын болды. Жан-жағымыз жаңа соғыс ошақтарына айналып, оның лебі барлық құрлықты қамтыды. Соның бірі – АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы һәм Иранның Парсы шығанағы аумағында көрсеткен жауабы...

1772614967557896.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Иранның Жоғарғы көсемі Аятолла Әли Хаменейдің қазасынан соң, «40 күн аза тұтамыз, 40 күн қарсы соққылар жасаймыз» деген Иран мен «Теһеран келіссөздерден кешікті» деген АҚШ арасындағы жағдай ушығып тұр.

АҚШ-ТЫҢ ИРАНҒА ҚАРСЫ ОПЕРАЦИЯСЫ: ЕҢ БАСТЫ 4 МАҚСАТ

Кеше Ақ үй Иранға қарсы операцияның басты 4 мақсатын жариялады. Уашингтон Таяу Шығыстағы жағдайды «соғыс» деп атаған жоқ, «АӘО» (Ауқымды әскери операция) деп атады.

Бірінші: Иранның зымырандарын жою және зымыран өнеркәсібін жермен-жексен ету;

Екінші: Флоттың көзін жою;

Үшінші: Режимнің террористік прокси-күштері бұдан былай аймақты немесе әлемді тұрақсыздандыра алмайтынына, сондай-ақ мыңдаған адамның, соның ішінде көптеген американдықтардың өліміне немесе ауыр жаралануына себеп болған қолдан жасалған жарылғыш құрылғылары мен миналарын бұдан былай қолдана алмайтынына көз жеткізу;

Төртінші: Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауын қамтамасыз ету.

«ЭПИКАЛЫҚ АЙБАТ»: АРАЛЫҚ НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?

Ал АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға қарсы жүргізіліп жатқан «Эпикалық айбат» (Epic Fury) операциясының аралық нәтижелері туралы есеп берді. Ол бойынша:

200-ден астам истребитель мен B-2, B-1 және B-52 бомбалаушы ұшақтары Иранның тереңде орналасқан зымыран нысандары мен командалық орталықтарына соққы берген. Ал теңіз күштері 17 кемені, соның ішінде бір суасты қайығын жойды.

«АҚШ қалған мобильді зымыран қондырғыларын іздестіруде, ал Иран бұған 500-ден астам баллистикалық зымыранмен және 2 000-нан астам дронмен жауап қайтарды. АҚШ-тың екі әуетасығыш соққы беруші тобы Иранды теңізден қоршап тұр. Сондай-ақ, алғаш рет PrSM алыс қашықтыққа ұшатын зымырандары мен LUCAS камикадзе-дрондары қолданылды», — деді CENTCOM.

Айта кетейік, қазіргі уақытта бұл операцияға 50 мыңнан астам америкалық әскери қызметші қатысуда.

ИРАННЫҢ АДАМ ШЫҒЫНЫ ҚАНША?

АҚШ президенті Трамп өзі мәлімдеме жасап, Аятолла Әли Хаменей мен Иранның 48 командирінің көзін жойғанын әлем жұрті естіді. Бұлардан өзге, Иранның бірсыпыра әскери, саяси басшылырары осы жолы опат болды.

Ал «HRANA» құқық қорғау ұйымы 28 ақпаннан бері Иранда 5 402 адамның қаза тапқанын хабарлады. Ұйымның есебінше, тек соңғы 24 сағаттың ішінде Иран аумағына кемінде 104 соққы жасалған.

ЖАҢА АЯТОЛЛА КІМ?

«DW» агенттігі: Аятолла Әли Хаменейдің ұлы Можтаба Хаменей Иранның жаңа аятолласы боп тағайындалғанын жазды. Оны шииіттердің 88 ғұламасынан құралған кеңес сайлаған.

Осыған дейін Аятолла міндетін атқарушы болып Аятолла Әлиреза Арафи тағайындалғаны айтылған. Ал бүгін Иранның жаңа Аятолласы болып – Әли Хаменейдің ұлы – Можтаба Хаменейдің тағайындалғаны белгілі болды. Басылым дерегінше, бұл таңдау Ирандағы Сақшылар корпусының қысымымен жасалған.

Бүгін Израильдің Қорғаныс министрі Исраил Кац: «Израиль Иранның кез келген жаңа жоғарғы көшбасшысын жоюға дайын», - деп мәлімдеді.

«Ирандық террорлық режим тарапынан Израильді жою, Америка Құрама Штаттарына, еркін әлемге және аймақ елдеріне қауіп төндіру, сондай-ақ Иран халқын басып-жаншу жоспарын жалғастыру үшін тағайындалған кез келген лидер — біздің заңды нысанамыз болады», — деді Кац.

«ШАХ» ПЕХЛЕВИ ИРАН БИЛІГІНЕ БАСТЫ ҮМІТКЕР МЕ?

Ирандағы билік алмасу процессіне қатысты әлемдік БАҚ пен сарапшылар осыған дейін, Иран билігіне басты үміткер ретінде – қуғындағы шах әулетінің өкілі Реза Пехлевиді атап жүрген. Оның кандидатурасы туралы кеше АҚШ президенті Трамп та мәлімдеме жасап, сенім білдірмейтінін жеткізді.

Ақ үйде Германия канцлерімен өткен баспасөз мәслихатында Дональд Трамптан «болашақта Иранды соңғы қуылған шахтың ұлы Реза Пехлеви басқара ала ма?» деп сұрады.

Трамп Пехлеви туралы жылы лебіз білдіргенімен: «тіпті ең жақсы сценарийдің өзінде Иранда билікке қазірдің өзінде сол жақта жүрген біреу келеді», - деп жауап берді.

«Мен оның елі оның көшбасшылығын қабылдай ма, жоқ па, білмеймін. Әрине, егер қабылдаса, мен қарсы болмаймын», — деді Трамп.

ИРАН ОРМУЗДЫ КЕСКЕСТЕП ТҰР!

Бұл уақытта Ирандағы Сақшылар корпусы (ИРСК) Ормуз бұғазын толық бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

AFP агенттігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) Ормуз бұғазын бақылап отырғанын және ол арқылы өтуге әрекеттенген кез келген кемеге зымырандармен немесе дрондармен соққы жасайтынын ескерткен.

«Қазіргі уақытта Ормуз бұғазы Ислам Республикасы Әскери-теңіз күштерінің толық бақылауында», — деп келтіреді Fars ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, Парсы шығанағындағы елдер осы Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасиды. Әлемнің 20 пайыз мұнайы осы жерден өтіп жатыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар