Венгрия әскерін топтастыруда: Орбанның ойлағаны не?

Венгрия билігі энергетикалық инфрақұрылымының негізгі нысандарына әскер орналастырып, қорғанысты күшейтті. Үкімет алдымен 20 маңызды нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сарбаздарды жіберді. Қалған қырық нысанға да әскер орналастырылады. Күзет күшейтіледі.


ChatGPT Image 3 мар. 2026 г., 14_48_27.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Венгрия билігі сарбаздарды орналастырған нысандардың ішінде Сазхаломбатта қаласындағы елдегі жалғыз мұнай өңдеу зауыты және Пакш қаласындағы жалғыз атом электр станциясы бар.

 

Бұл операцияның егжей-тегжейі туралы мәлімет аз. Альдьё аймағында Венгрия қорғаныс күштерінің «Кинижи Пал» атындағы 30-шы броньды жаяу әскер бригадасының сарбаздары Szоreg-1 жерасты газ қоймасын күзетуге жіберілді.

 

Дүйсенбі күні журналистер Сазхаломбаттадағы мұнай өңдеу зауытында бірнеше әскери көлікті көрген. Ал «Пакш» атом электр станциясының айналасында кең ауқымды әскери күш байқалмаған.

 

Өткен аптада премьер-министр Виктор Орбан энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қорғау шешімі туралы айтты. Ол өз шешімін «Украина Венгрияның энергетикалық желісіне қарсы әрекет жасауға дайындалып жатыр» деп түсіндірді. Үкімет мүшелері де бұл қауіпті «рас» деп отыр.

 

«Ұлттық қауіпсіздікке қатысты ақпарат негізінде біз энергия сақтау, оны тасымалдау нысандары мен Венгрияның құбыр желісі бұрынғыдан да жақсы қорғалуы тиіс деген қорытындыға келдік. Біз нысандарды қорғау деңгейін арттырдық, бар болғаны осы. Бұл — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Барлық қажетті ақпарат қолжетімді. Еуропа билігінде көптеген адам украиндарды тыныштандыруға тырысып жатқанын білемін, бірақ, өкінішке қарай, украиндар өздерін тежей алмайды», — деді Венгрияның құрылыс және көлік министрі Янош Лазар Euronews-ке берген сұхбатында.

 

Өз кезегінде оппозиция лидері Петер Мадьяр «Виктор Орбан Украинаға қарсы өшпенділікті қоздырып, елдегі күнделікті мәселелерден халықтың назарын аудару үшін әскери дүрбелең туғызғысы келеді» деп санайды.

 

Tisza партиясының жетекшісінің айтуынша, сайлауалды кезеңде қандай да бір шабуыл орын алса, ол іс жүзінде үкімет ұйымдастырған «жалған жалаумен» жасалған операция болуы мүмкін.

 

Венгрияға ресейлік мұнай жеткізетін «Дружба» құбыры қаңтар айының соңында Ресейдің Украина инфрақұрылымына жасаған соққылары салдарынан зақымданған болатын. Президент Владимир Зеленский мұны спутниктік суреттер арқылы тексеруге болатынын айтты. «Ресей Украинаға шабуылдарын жалғастырып жатқандықтан, мұнай құбырын қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылуда. Себебі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан адамдардың өмірін сақтау аса маңызды», - деп мәлімдеді Украина президентінің кеңсесі.

 

Энергетикалық нысандарды қорғаудан бөлек, Виктор Орбан Украинамен шекаралас Саболч-Сатмар-Берег облысында дрондардың ұшуына да тыйым салды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар