Екі аптадан кейін ел күткен елеулі оқиға болмақ. Қазақстан халқы жаңа конституцияға дауыс береді. Референдум нәтижесіне байланысты, елдегі саяси институттар түбегейлі өзгеруі мүмкін. Мемлекет маңызды шешімді қабылдау сәтінде халықтың пікірі мен үніне құлақ асады. Бұл референдум арқылы көрініс табуда. Соңғы 4 жылда елімізде үшінші референдум өтуде. Бұл билік тармағында шешім қабылдаудың түбегейлі өзгергенінің айқын көрінісі.

(Сурет: masa.media)
1991 жылы әлем картасында Қазақстан Республикасы атты жас мемлекет пайда болған сәттен бастап, ел алдында күрделі таңдау тұрды: ескі кеңестік жүйенің сарқыншақтарынан арылып, заманауи, демократиялық институттарды қалыптастыру. Бұл жолдағы ең басты құрал — халықтың еркін білдіру тетігі болып табылатын сайлаулар мен референдумдар еді.
Референдум түсінігі ол сәтте халыққа таныс емес болатын. Кеңестік кезеңде референдумдар өткізілмеді. Ал референдум — бұл биліктің халықпен тікелей тілдесуі еді.
1995 жылғы тарихи бетбұрыс болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы саяси тұрақсыздық пен экономикалық дағдарыс кезінде жаңа Конституцияның қажеттілігі туындады. 1995 жылы 30-тамызда өткен бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қолданыстағы Ата Заң қабылданды.
Отыз жылға жуық үзілістен кейін, 2022 жылдың 5-маусымында өткен референдум елдің саяси келбетін түбегейлі өзгертті. Бұл жолы халық Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізуді қолдады. Бұл реформаның басты мәні — биліктің бір қолға шоғырлануын тежеу, Парламенттің рөлін күшейту және адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін (Конституциялық сот) құру болатын.
Артынша Қазақстанның стратегиялық шешіміне әсер ететін, энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты АЭС салу бойынша референдум өтті. Халық АЭС салу шешімін қолдады. Енді міне, биліктің саяси институттарын өзгертетін, әлемдік саяси реализмді ескеретін, адам құқығын күшейтетін жаңа Конституцияның жобасы ұсынылып отыр. Бұл жобаға қатысты халықтың пікірі 15-наурызда анықталады.
Елімізде сайлаулар да болды. 1991 жылдан бастап елімізде өткен президент сайлаулары сайлау заңнамасын біртіндеп жетілдіріліп, халықаралық байқаушылар институты қалыптасуына әсер етті. Елдегі индустрияландыру мен сыртқы саяси бедел осы кезеңдегі сайлау науқандарының негізгі ұрандары болды.
Парламент сайлаулары еліміздегі көппартиялық жүйенің даму көрсеткіші болып табылады. Пропорционалды жүйеге көшу 2007 жылы болды. Осы жылдан бастап Мәжіліс депутаттары тек партиялық тізіммен сайланатын болды. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттырды.
Аралас сайлау жүйесі 2023 жылы қайта оралды. Сайлау жүйесі 70/30 пропорциясына ауысты: депутаттардың 70%-ы партиялық тізіммен, ал 30%-ы бір мандатты округтер бойынша (мажоритарлық жүйе) сайланды. Бұл Парламентке жаңа тұлғалардың, белсенділердің келуіне жағдай жасады.
Сайлау жүйесіндегі ең маңызды жаңалықтардың бірі — 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі еді. Бұрын әкімдер тағайындалатын немесе жанама сайланатын болса, енді ауыл тұрғындары өз басшысын өздері таңдайды. Бұл биліктің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуы болатын. 2023 жылдан бастап аудан әкімдерін де пилоттық режимде сайлау басталды.
Енді халық тағы да маңызды шешім алдында тұр. Референдум. Жаңа конституцияны қабылдауға қатысты өз даусын береді.
Mezgil.kz