Конституциялық реформа: Халықаралық стандарттар, ұлттық егемендік және адам құқықтары

Бүгінде Қазақстан Республикасының конституциялық дамуына қатысты мәселелер ұлттық та, халықаралық құқықтық дискурста да ерекше өзектілікке ие болды.

1771489180613348.jpg

(Сурет: kazpravda.kz сайтынан алынды)

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы жекелеген нормаларға байланысты кейбір халықаралық құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде Human Rights Watch, алаңдаушылық білдіруде.

Алайда мұнда ешқандай теріс жайт жоқ. Бұл, біріншіден, біздің халықаралық әріптестеріміздің Қазақстандағы конституциялық реформаның барынша теңгерімді әрі демократиялық болуына жәрдемдесуге ұмтылатынын, екіншіден, олардың шетелде орналасуына байланысты еліміздегі қоғамдық және саяси жағдайдың барлық қыр-сырын жеткілікті деңгейде терең түсіне бермейтінін көрсетеді.

Сонымен қатар, халықаралық әріптестеріміз ұсынған кейбір тезистерге тоқталып, оларда, сондай-ақ қазақстандық аудиторияда туындауы мүмкін жаңа Конституцияның демократиялық және адамға бағдарланған сипатына қатысты күмәндерді сейілту қажет деп санаймыз.

Негізінде, конституциялық реформа – қазақстандық мемлекеттің институционалдық архитектурасын жаңа саяси, экономикалық және технологиялық жағдайларға бейімдеуге бағытталған маңызды қадам.

Бүгінгі таңда басқару тиімділігіне, шешім қабылдау жеделдігіне және саяси үдерістердің ашықтығына деген сұраныс бұрынғыдан да арта түсті.

Осы тұрғыда Қазақстанда тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі сөзсіз әлсірейді деген пікір негізсіз болып табылады.

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі бұрынғыдай көпдеңгейлі бақылауды көздейді: сот жүйесі, қаржылық аудит, парламенттік рәсімдер және қоғамдық есептілік тетіктері арқылы.

Сонымен қатар, мемлекеттік аппараттағы жауапкершіліктің неғұрлым нақты бөлінуі, керісінше, биліктің қоғам алдындағы есептілігін арттырады, өйткені саясат нәтижелерін сайлаушылар үшін өлшенетін әрі түсінікті етеді.

Реформа рәсімінің ашықтығы мәселесі де кешенді бағалауды талап етеді. Конституциялық өзгерістер, әдетте, тек жаппай талқылаулар форматында қалыптаспайды, себебі олар жоғары деңгейдегі құқықтық үйлесімділікті және сараптамалық пысықтауды қажет етеді.

Қазақстан жағдайында демократиялық үдерістің барлық құрамдас бөліктері қамтылған: сараптамалық комиссиялардың жұмысы, парламенттік қарау және қоғамдық пікірталас. Бұл кәсіби де, қоғамдық ұстанымдарды да ескеруге мүмкіндік беретін кең қатысу моделін қалыптастырады.

Бұдан бөлек, медиа мен сараптамалық ортада белсенді пікірталастар жүріп жатқанын байқаймыз. Бұл Қазақстанда реформаны талқылау кеңістігі сақталғанын білдіреді, сондықтан процесті толықтай жабық деп бағалау дұрыс емес.

1) Некені дәстүрлі түрде айқындауды Конституцияда бекіту, ең алдымен, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік келісім мен мәдени құндылықтардың көрінісі ретінде қарастырылуы тиіс.

Негізгі заңдар көбіне қоғамның базалық құндылық бағдарларын айқындайды, ал олар уақыт өте келе әдеттегі заңнама арқылы эволюцияға ұшырауы мүмкін.

Бұл ретте неке туралы тұжырым жеке қатынастардың өзге нысандарын жоққа шығармайды және кемсітпейді, тек республикадағы басым әлеуметтік модельді бекітеді. Бұл мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік саясатты жоспарлау үшін бағдар болмақ.

Айта кету керек, некені ер мен әйелдің одағы ретінде айқындау Қазақстан 2005 жылғы 28 қарашадағы №91 Заңымен ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке толық сәйкес келеді. Аталған Пактқа сәйкес, неке жасына жеткен ерлер мен әйелдердің некеге тұруға және отбасы құруға құқығы танылады.

Бірқатар елдерде бұл анықтама Конституция деңгейінде бекітілген, оның ішінде Латвия, Польша және Болгария бар.

2) Сынның тағы бір бөлігі қоғамдық тәртіп пен моральға қатысты тұжырымдар арқылы пікір білдіру және жиналыстар бостандығының шектелуі мүмкін деген қауіпке байланысты. Алайда мұндай ескертпелер конституциялық реттеудің әмбебап элементі болып табылады және халықаралық құқықтық актілерде де, көптеген елдердің ұлттық конституцияларында да кездеседі.

Мәселен, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактқа сәйкес, пікір білдіру бостандығын пайдалану ерекше міндеттер мен жауапкершілік жүктейді және белгілі бір шектеулермен қатар жүруі мүмкін. Бұл шектеулер заңмен белгіленуі және:

a) басқа тұлғалардың құқықтары мен абыройын құрметтеу;

b) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен қоғамдық моральды қорғау мақсатында қажетті болуы тиіс.

Бұл нормалар шеңберінде заң шығарушы мен соттар шектеулердің рұқсат етілген өлшемдерін айқындайды. Мұндай нормалардың икемділігі қазақстандық құқықтық жүйеге экстремизмнен бастап цифрлық ықпал ету науқандарына дейінгі жаңа қатерлерге үнемі конституциялық түзетулер енгізбей-ақ жауап беруге мүмкіндік береді.

Тиімді соттық бақылау болған жағдайда кемсітуші нормалардың еркін қолданылу қаупі едәуір төмендейді. Қазақстанда мұндай бақылау бар.

Мұндағы мемлекеттің мақсаты - еркіндіктер мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

3) Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қаржыландыру көздерін ашу талаптарын қауымдастық бостандығын шектеу ретінде емес, ашықтық пен қоғамдық сенімді арттыру құралы ретінде қарастыру қажет.

Жаһандану жағдайында саяси үдерістер трансұлттық ықпалға жиі ұшырайды, сондықтан қаржылық ағындардың ашықтығы сыртқы саяси ықпалдың алдын алуға бағытталған халықаралық стандартқа айналып отыр.

Маңыздысы - бұл шаралар ұйымдардың қызметіне тыйым салмайды және оларды қаржыландыру құқығынан айырмайды, тек қоғамды олардың қызметінің контексті туралы хабардар етеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл азаматтық сектордың легитимділігін күшейтеді.

Айта кету керек, коммерциялық емес ұйымдардың шетелдік көздерден қаржыландырылуының ашықтығы туралы талап «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңда қазірдің өзінде бар және оны Конституция деңгейінде бекіту ұсынылуда.

Сондай-ақ, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардан, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан саяси партиялар мен кәсіподақтарды қаржыландыруға қатысты шектеулер Конституцияда қазірдің өзінде көзделген. Бұл норма шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға қатысты нақтыланып отыр.

4) Халықаралық және ұлттық құқықтың арақатынасы жөніндегі пікірталас «сақтау» немесе «сақтамау» деген қарапайым қарсы қоюмен шектелмейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының үстемдігін нақтылау құқықтық егемендікті нығайтуға және құқықтық жүйенің болжамдылығын арттыруға бағытталған, әсіресе нормалар коллизиясы жағдайында.

Сонымен бірге Қазақстан халықаралық міндеттемелерінен бас тартпайды, керісінше, оларды қолданыстағы құқықтың ажырамас бөлігі ретінде мойындайды.

Конституция жобасында халықаралық шарттардың ел аумағында қолданылу тетігі заңдармен айқындалатыны көзделген. Бұл — кең таралған қалыпты тәжірибе.

Көптеген елдердің конституцияларында халықаралық шарттардың ұлттық заңдардан автоматты түрде басымдығы мүлде бекітілмегенін де ескеру маңызды.

Бұл реттегі конституциялық реттеудің мақсаты — негізгі конституциялық құндылықтардың тұрақтылығын, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін және заңнаманың үйлесімділігін қамтамасыз ету. Конституция өзінің табиғаты бойынша шеңбер белгілейді.

5) Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындау рәсімінің өзгеруі де институттың тәуелсіздігін әлсіретуді білдірмейді.

Халықаралық тәжірибеде уәкілдің тәуелсіздігінің басты кепілдіктері ретінде тағайындау рәсімінен гөрі өкілеттік мерзімінің бекітілуі, негізсіз қызметтен босатуға жол бермеу, бюджеттік дербестік және міндетті жария есептілік танылады.

Атап айтқанда, БҰҰ Бас Ассамблеясының 48/134 резолюциясымен бекітілген Париж қағидаттары уәкілдің тәуелсіздігін талап етеді, бірақ оны тағайындайтын нақты органды белгілемейді.

2019 жылғы Венеция қағидаттары парламенттің қатысуының артықшылығын атап өтеді, алайда тәуелсіздік қамтамасыз етілген жағдайда өзге модельдерді де жоққа шығармайды.

Бұл қағидаттарға сәйкес, шешуші мән тағайындау субъектісіне емес, тәуелсіздікті қамтамасыз ететін институционалдық және құқықтық кепілдіктердің болуына беріледі.

Конституция жобасында Омбудсменнің тәуелсіздігі мен мемлекеттік органдарға есеп бермеу кепілдіктері сақталған. Сондықтан оның мәртебесін Конституцияда, кейін Конституциялық заңда бекіту институттық тәуелсіздіктің өзі болып табылады.

Рәсімнің жеңілдетілуі институттың жеделдігін арттырып, институционалдық үзілістер қаупін азайтады, сонымен бірге парламенттік және қоғамдық бақылау мүмкіндіктерін сақтайды.

6) Соңында, қазақстандық биліктің реформаны сынауға берген жауабын кеңірек саяси контексте бағалау қажет.

Ірі институционалдық өзгерістер, әдетте, өткір риторикамен және пікірлердің поляризациясымен қатар жүреді, бұл өздігінен бостандықтардың жүйелі түрде шектелуінің дәлелі емес.

Керісінше, белсенді қоғамдық пікірталас пен көзқарастардың алуан түрлілігі пікір білдіру арналарының еркін жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.

Мемлекеттің дезинформация мен манипулятивті науқандарға қарсы әрекет етуге ұмтылуы — қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.

Қазақстанның жаңа Конституциясын саяси-құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған, мемлекеттік басқарудың тиімділігін, саяси қаржыландырудың ашықтығын, институционалдық тұрақтылықты және ұлттық егемендік пен халықаралық міндеттемелер арасындағы айқын тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ұмтылған қадам ретінде қарастыру қажет.

Бұл тұрғыда өзгерістер құқықтық мемлекет қағидаттарынан бас тарту емес, оларды қазіргі заман талаптары мен ұзақ мерзімді даму міндеттеріне бейімдеу болып табылады.

Моисеенко Галина,

Халықаралық шарттарға қоғамдық мониторинг жүргізу жөніндегі Қазақстан орталығының директоры

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар