Ресейде миллиондаған мүмкіндігі шектеулі жандар «жоғалып» кетті. «Система» жүйесі зерттеу жүргізіп, Ресейдің ресми статистикасына қатысты ерекше сандарды анықтады. Ресейдегі ресми статистика бойынша 11,1 млн мүмкіндігі шектеулі жандар болған. Сарапшылар соғыс басталғаннан кейін, пандемиядан соң мүгедектер саны азайғанын айтуда. Ал шынайы көрсеткіште бұл сандар артуы тиіс еді.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
2025 жылы Мемлекеттік Думада адам құқығы бойынша өкіл Татьяна Москалькова Ресейдегі мүмкіндігі шектеулі жандарды 11,1 млн деп көрсетті. 2012 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріндегі халықтың 16 пайызға жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар категориясына жататынын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша Ресейдегі 146 млн халыққа 23,3 млн мүмкіндігі шектеулі жан болуы тиіс. Бұл Ресей билігі айтқан көрсеткіштен екі есеге көп деген сөз. Алайда бұл болжамды көрсеткіш. Шынайы сандарға мән беру керек.
Сегіз жыл бұрын, Ресей билігі елдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың санын 12,2 млн деп көрсетті. Мемлекеттік Дума депутаты, мүмкіндігі шектеулі жандардың категориясына жататын Олег Смолин «осыдан 15 жыл бұрын Ресейде 13 млн мүмкіндігі шектеулі жан болды» дейді. Сарапшылар соңғы 6 жылда ауқымды екі оқиғаның болғанын айтты. Ол коронавирус пандемиясы және Украинадағы соғыс. Аталған оқиғалар Ресейдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың санын жүздеген мың адамға арттыруы тиіс еді, ал статистикада керісінше жүздеген мың адамға азайып кетті.
Мамандар ендігі таңда Ресейде «мүмкіндігі шектеулі жан» категориясын алу тым қиындап кеткенін айтуда. Мүгедектік куәлігін алу 2014 жылдан бастап қиындай бастады. 2015 жылы билік медициналық сараптамада критерийлерді қиындатты. 2019 жылы үкімет «Мүгедектікті тану туралы ережені өзгерту» шешімін қабылдады. Осылайша дәрігерлер науқасты медициналық сараптамаға жіберуде қиындықтарға тап болды. Қағаз жинау артты, кабинет есіктерін тоздыру көбейді.
2020 жылы COVID пандемиясына байланысты медициналық сараптаманы онлайн жүргізуге рұқсат етті, алайда талаптар жеңілдеген жоқ. Сөйтіп сараптамада тек құжаттар қаралды, ал жеке азаматтарды қарау, тексеру, сұхбат алу іске аспады. Адамдардың мүмкіндігі шектеулі болса да, құжаттары дұрыс болмаса, оларды мүлде категорияға қосқан жоқ. 2022 жылы, 5-наурызда «Азаматты мүгедек деп тану» туралы құжат қабылданды. Осылайша бұл құжат соғыста жарақат алғандарды тіркеу үшін жасалды дейді мамандар. Алайда талаптар тіпті қиындай түсті.
Ресейде мүмкіндігі шектеулі жандар 6-20 мың рубль аралығында зейнетақы алады. Сонымен бірге қосымша жеңілдіктер, емдеу қағаздары, шипажайға жолдама беріледі. Дәрі-дәрмек алуда жеңілдіктер бар. Сарапшылар, мүмкіндігі шектеулі жандардың санын 1 млнға азайтып көрсету арқылы Ресей билігі жылына кемі 120 млрд рубль үнемдейтінін айтуда.
Тәуелсіз сарапшылар Ресейде мүгедектікті алу нағыз бизнеске айналғанын айтуда. Азаматты мүмкіндігі шектеулі деп тану үшін, дәрігерлер де, медициналық сараптама комиссиясы да пара алатын жайттар көбейген. Ал мүгедектік категориясын өзгерту бірнеше жүз доллардан бірнеше мың долларға дейін пара беруді қажет етеді. Украинадағы соғыста ауыр жарақат алып, қол-аяқтан, жанардан айырылған мыңдаған жауынгер айлар бойы мүгедектік бойынша құжат алмағанын айтып, дабыл қағуда.
Сарапшылар Ресейде кемі 5 млн адам мүмкіндігі шектеулі жандар санатына кірмей, қаржы мен денсаулық тұрғысынан қиналып жүргенін айтуда.
Mezgil.kz