Баку басқыншыларды соттады: Мәскеудің кезекті жобасы тас-талқан болды

Баку соты сепаратист Рубен Варданянды 20 жылға соттады. Ол қазір 57-де екен. Тірі болса, 77 жасында бостандыққа шығады. Мұндағы кілт сөз – «тірі болса».

1771321596471218.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Түрме – курорт емес. Егер сен тұтас бір ұлттың жерін бөліп, еліне озбырлық жасап, жүздеген, мыңдаған адамын өлтірген басқыншы болсаң, сені түрмеде төрге шығармасы анық! Сол есепке салсақ – түрмеден Варданянның сүйегі шықпаса, кәне?!

Бұл Варданян деген кім еді? Ол өмірінің көп бөлігін Ресейде өткізген. Сонда өсіп-өніп, қалта-қоң жиған. Анау-мынау емес, «Forbes-тің» ресейлік тізімінде аты-заты бадырайып жазылған миллиардер еді.

РЕСЕЙЛІК МИЛЛИАРДЕРДІҢ САЯСИ АМБИЦИЯСЫ – МӘСКЕУДІҢ ЖОБАСЫ

2020 жылы жатып-жатып, жын соққандай кенет шешім қабылдап, Қарабаққа келеді. Әлемде ешкім мойындамаған «Таулы Қарабақ республикасы» деген ергежейлі құрылым бар-тын. Оны тіпті, Арменияның өзі мойындамаған. Міне, Варданян соны басқармаққа ниеттенеді. Варданян елпініп-желпініп жеткен кезде 44 күндік соғыс Әзірбайжанның жеңісімен аяқталып, Ереван есеңгіреп нокаут алып жатқан (2020 жыл). Ал 2022 жылы Ресей паспортынан толық бас тартады. Сөйтіп, «Таулы Қарабақтың» мемлекеттік министрі деген шен алады. Әлбетте, бұны Варданянның жеке амбициясы дегеннен гөрі, Оңтүстік Қапқазда ойсырай жеңіліп жатқан Ресейдің, Мәскеудің жел беруімен жасалған қадам деген жөнірек.

«Мемлекеттік министр» деген лауазымды Варданян ұзын-ырғасы төрт айға жуық иеленіп үлгерген (2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың ақпаны аралығы). Өйткені, Баку 2022 жылдан бастап Қарабақты толық блоктай бастаған. Соған қарамастан Мәскеуге сенген Варданян Қарабақтан кетпей қойған. Әзірбайжан күштік құрылымдары Варданянды 2023 жылдың қыркүйегінде тұтқындаған.

БАСҚЫНШЫНЫҢ ТҮРМЕДЕГІ «АЗАПТАРЫ»

Арменияның билігі Варданянды құтқаруға аса құлықты емес. Өйткені, ол Мәскеудің адамы. Ереван билігіне қолайсыз тұлға.

Десе де, Арменияда реваншистер аз емес. Тұтқындалғаннан кейін Варданян 20 күн бойы аштық жариялапты. Ол үшін жаза арқалап, карцерге жабылыпты. Армян реваншистері ойбайлап: «Баку Варданянды азаптап жатыр. Оған 2 тәулік бойы карцерде су бермей, аяғынан тік тұрғызып қойған. Карцердің жарығын өшірмей, Варданянды ұйықтатпай қойған. Оған жуынуға, киім ауыстыруға, көрпе-жастық ауыстыруға тыйым салып, тіпті дәретхана қағазын бермей қойған. Оған қоса 422 томнан тұратын қылмыстық іспен танысып шығуға міндеттеген. Ол 422 том түгел әзірбайжан тілінде болған. Варданянның әзірбайжанша білмейтініне қарамай, оны күштеп оқытқан», - дейді.

ӨМІР БОЙЫНА СОТТАЛҒАН СЕГІЗ АДАМ

Варданянға қатысты 1992-1994 жылғы бірінші Қарабақ соғысы, 2016 жылғы сәуір соғысы және 2020 жылғы 44 күндік соғыс бойынша айыптар тағылған. 

Өткен аптада Әзірбайжан соты Қарабақ армяндарының тағы 8 басшысын ұзақ мерзімге, соның ішінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар: Сепаратистік Қарабақтың бұрынғы президенті Арайик Арутюнян, бұрынғы сыртқы істер министрі Давид Бабаян, парламент спикері Давид Ишханян, әскери қолбасшы Левон Мнацаканян және қолбасшының орынбасары Давид Манукян.

Ал бұрынғы «президенттер» - Аркадий Гукасян мен Бако Сахакян 20 жылға, сондай-ақ тағы бір тұтқын Мадат Бабаян 19 жылға бас бостандығынан айырылды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар