Соңғы жылдары әлемде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үрдісі күшейіп келеді. Сарапшылардың бағалауынша, 1990 жылдан бері әлемнің 100-ден астам елінде конституциялық реформалар жүргізілген, олардың шамамен 60%-ы референдум арқылы қабылданған. Бұл — конституциялық өзгерістерді легитимизациялаудың ең сенімді жолы ретінде бүкілхалықтық дауыс берудің маңызы артып отырғанын көрсетеді.

(Сурет: shyndyk.kz)
Конституциялық референдумның басты құндылығы — оның жоғары қоғамдық легитимдік қалыптастыру қабілетінде.
Мысалы, 2016 жылы Италия Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша референдумға сайлаушылардың 65%-ы қатысса, 2017 жылы Түркия конституциялық реформасына қатысу деңгейі 85%-дан асты. Ал 2022 жылы Қазақстан өткізген республикалық референдумға 7,9 млн азамат қатысып, сайлаушылардың қатысу деңгейі 68,06% болды.
Бұл көрсеткіштер конституциялық реформаларға қоғамның тікелей қатысуы саяси тұрақтылықтың маңызды факторы екенін дәлелдейді.
Саясаттанушылардың пікірінше, референдум арқылы қабылданған конституциялық өзгерістердің қоғам тарапынан қабылдану деңгейі парламенттік жолмен қабылданған реформаларға қарағанда 1,5–2 есе жоғары.
Халықаралық зерттеулер көрсеткендей:
-Референдум арқылы реформалар жүргізген елдерде саяси реформаларға қарсы қоғамдық қарсылық деңгейі 30–40% төмен
-Институционалдық тұрақтылық индексі орта есеппен 12–18% жоғары.
Бұған негіз ретінде, Франция және Ирландия конституциялық өзгерістерді бірнеше рет референдум арқылы бекітіп, қоғамдағы саяси консенсусты сақтай алуын айта аламыз.
Бұл тәжірибе референдумның тек демократиялық рәсім ғана емес, стратегиялық басқару құралы екенін көрсетеді.
Әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы мемлекеттік институттарға сенімді 20–25%-ға арттырады. Одан бөлек, саяси қатысу тәжірибесі бар қоғамдарда реформаларға қолдау деңгейі 30%-ға дейін жоғарылап отыр.
Яғни, референдум тек құқықтық актіні бекіту құралы емес, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру механизмі.
Конституциялық референдум реформалардың ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеді, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтеді, саяси жүйені эволюциялық жолмен жаңғыртады. Сарапшылардың бағалауынша, халық мақұлдаған конституциялық өзгерістердің “кері қайтарылу” ықтималдығы парламенттік реформалармен салыстырғанда 2 есеге төмен.
Саяси тұрақтылық экономикалық даму көрсеткіштерімен тікелей байланысты.
Дүниежүзілік тәжірибеде институционалдық реформалар жүргізілгеннен кейін инвестициялық сенім индексі орта есеппен 10–15%-ға өседі. Ал тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 5–12% аралығында ұлғаюы мүмкін.
Бұл — басқару жүйесінің айқын әрі болжамды болуына байланысты.
Цифрландыру, әлеуметтік трансформация және жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттерге ашық басқару, қоғамдық қатысу, институционалдық икемділік қажет.
Осы талаптарға жауап беретін құралдардың бірі — конституциялық референдум.
Сандар мен халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданған конституциялық өзгерістер қоғам тарапынан кең қолдауға ие болады және ұзақ мерзімді сипатын, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады
Сондықтан конституциялық референдумды тек құқықтық рәсім емес, заманауи мемлекеттік дамудың стратегиялық тетігі ретінде қарастыруға толық негіз бар.
Mezgil.kz