Соңғы екі-үш ішінде Қырғыз саясаты күрделі өзгерістерді бастан кешіруде. Президент Садыр Жапаров ҚР ҰҚК басшысы һәм вице-премьер-министр Қамшыбек Ташиевті қызметінен алып, оның орынбасарларын бірінен-соң бірін жұмыстан босатуда.

(Сурет: akipress.org)
Бұл дүмпудің дүрмегінде Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Нұрланбек Тұрғанбекұлы да өз еркімен қызметін тапсырып берді.
ЕКІ ДОСТЫ КІМ АЙЫРДЫ?
Қамшыбек Ташиев Садыр Жапаровтың ең сенімді серігі еді. Сооронбай Жээнбековті биліктен кетірген қырғыз төңкерісінен кейін, дәл осы Ташиевтің көмегі түрмедегі Жапаровқа көп тиген. Ташиевтің арқасында Жапаров түрмеден шығып, Қырғыз Президенті болды. Осыдан соң, Қамшыбектің де қолындағы құзыреті ұлғайып, биліктің бірнеше тармағана бақылау жасай бастаған.
Күні бүгінге дейін Ташиев Қырғызстан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы һәм Қырғызстанның вице-премьері еді. Ықпалы тіпті, Жапаровтың өзінен асып түсті. Таластан Нарынға, Ош-Баткеннен Ыстық көлге дейін жұрт Жапаровтан емес, Қамшының қаһарынан қаймығатын. Әлгінде Жапаров сол Ташиевті барлық қызметінен босатты.
Бұл туралы Қамшыбек Ташиевтің өзі пікір білдіріп, Германияда «емделіп жатқанын», «Президенттің бұл шешімі өзін әрі-сәрі күйге түсіргенін» айтты. Ал кеше кешкілік ташиев Германиядағы емін орта жолда үзіп, едел-жедел Бішкекке ұшып жетті.
Күні кеше ғана Қырғызстанда 75 адамнан тұратын топ бастама көтеріп, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынған. Осыдан соң, Ташиевтің қызметтен алынуы сарапшыларды екіұдай ойға жетеледі. Жұрт: «Жапаров пен Ташиев арасында билікке талас басталып кетті», - деп дүргілуде.
«МОЙЫНДАУ»: ЖАПАРОВ НЕ ДЕЙДІ?
Осыдан соң Қырғыз президенті Садыр Жапаров сұхбат беріп, болып жатқан оқиғалар жайлы егжей-тегжейлі баяндапты.
МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ДОСТЫҚТАН ЖОҒАРЫ ТҰРАДЫ!
Кадрлық ауыс-түйістер мен бастамашыл топ өкілдерінің қамалуы туралы:
«Басты Заңымызда «Президент – мемлекеттің бүтіндігін, елдің және мемлекеттік қызметкерлердің бірлігін сақтайды», деп міндеттеліп жазылған. Мен сол міндетімді атқардым. Өйткені, мемлекеттің мүддесі – мансап пен достықтан да биік тұрады.
Істің бәрі Жоғарғы Кеңестен басталды. Кейбір депутаттық топтар басқа депутаттарды шақырып алып: «Біздің жағымызда боласың ба, әлде олар жақта боласың ба?», деп бөліне бастады. «Ол жағың мен бұл жағың кім?», деп сұрағандарға: «Біз жақ деген – Генерал жақ, ол жақ деген – Президент жақ», деп іс жүргізе бастады. Онан соң бұл бөлініп-жарылу ақсақалдарға ойысты. Олар: «Мерзімінен бұрын сайлау өткізейік. Өйтпесе болмай бара жатыр», деп қол жинап, елдің басын айналдыра бастады.
Мен шұғыл шешім қабылдамасам, бұл даурықпа елге тарап, ел де екіге бөліне бастайтын еді. Өйткені, келіспеген кей депутаттарды Генералмен қорқытып: «Біздің жағымызға өтпесең, ісің Генералмен болады», деп жатқан фактілер де анықталды. Сол себепті осындай шешім қабылдауға тура келді.
Шешім қабылдарда мен досыма телефон шалдым. Бұл жақта болып жатқан жағдайлар туралы айтып барып, шешім қабылдадым. Мен осы арқылы досымды құтқарып қалдым деп ойлаймын. Өйткені, оның айналасында жүрген «ақсақалдар мен көксақалдар» досымды тура жолдан адастырып бара жатқан. Олар Қамшыбек Ташиевтің атын жамылып, Қырғыздағы беделді тұлғаларға дейін шыға бастаған. Егер Қамшыбек Ташиевті қызметтен алмасам, бұл іс насырға шауып, қоғамда да, мемлекеттік қызметкерлер арасында да бөлініс пайда болып, арты қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін еді. Сол үшін досымды қызметтен алдым. Мен үшін мемлекеттің тұрақтылығы бәрінен жоғары», - дейді.
Жапаров-Ташиев танденімінің кезек-кезек билігі туралы:
«Қырғызстан – демократиялық ел. Мемлекетті кім басқаратынын екі-үш адам емес, Қырғызстан халқы шешеді. Конституцияға сай, әрбір адамның сайлау және сайлану құқы бар. Ел кімге сенім артады, кімнің рейтингі жоғары, сол президент болып сайланады. Сондықтан «кезек-кезек басқармақ» деген демократиялық принциптерге де, саяси мәдениетке де сыймайтын әңгіме», - дейді.
Жоғарғы Кеңес спикерінің отставкасы туралы:
«Бәлкім ол кісі әлгілердің адасуына түсіп кеткен шығар. Сонысын сезіп, өз қатесін түсініп, депутаттар арасында бөлінуге жол бергеніне өзін айыпты сезініп, осындай шешімге келген болар», - деді.
Қамшыбек Ташиевпен достығы туралы:
«Достығымыз қала береді. Қамшыбек Қыдыршаұлын қызметтен аларда оған хабарласып, жағдайды түсіндіріп, сонан соң ғана шешім қабылдадым. Жоғарыда айтқанымдай, менің шешімім мемлекетіміздің, еліміздің тыныштығы, бірлігі үшін қабылданған шешім. Біздің достығымыз қандай да бір қызметке не пайдакерлікке байлаулы емес», - деді.
Mezgil.kz