Бұлыңғыр болашақ: Израиль Палестина аумағын отарлауды күшейтуде!

Le Monde басылымы Израильдің аннексияны жалғастыру жоспары барын жазды. Нетаньяху үкіметі Иордан өзенінің батыс жағалауында аннексиялық саясатын алға жылжытуды ойластыруда. 8-ақпан күні Израиль үкіметі аталған аймақтағы елді-мекендерді дамыту жоспарын жариялады. Бұл елді-мекендердің көбі Израиль билігі тарапынан оккупацияланған аймақта салынған. БҰҰ шешімі бойынша бұл аймақтар 1967 жылдан бері Израиль оккупациясындағы территория саналады. Енді Израиль билігі ол аймақтағы әскери, саяси және экономикалық бақылауды күшейтпек.


1906484688_236_0_2967_2048_1920x0_80_0_0_99ccca12b7736b102e80b334a1e59504.jpg

 

«Біз бұл аймақтағы бақылауды күшейтіп, лаңкестік сипаттағы араб мемлекетін құруға мәңгі тоқтам қоямыз», - деді Елді-мекендер ісі бойынша министрі Бецалель Смотрич. Ол осылайша Палестина мемлекеті құрылмайтынын айтуда.

 

Израиль билігі қабылдаған шешімдер жан-жақты болмақ. Израильдегі еврейлерге жер иемдену жеңілдетіледі. Бұған дейінгі заң бойынша (Иордания билігінен қалған ережелер негізінде), палестиндік тұрғындар ғана Батыс жағалаудан жерді тікелей сатып алуға құқылы еді. Ал Израиль тұрғындары көптеген бюрократиялық шешімдерден өтуі тиіс болатын. Енді бұл мәселе Израиль тұрғындары үшін жеңілдейді.

 

Соңғы жылдары Израиль билігі аталған аймақта жаңа қоныстар салуға, елді-мекендер санын арттыруға тырысуда. Израиль билігі бұл аймақты Батыс жағалау деп атауды қойып, Иудея және Самария деп ежелгі діни терминмен атайды.

 

Елді-мекендер ісі бойынша министрі Бецалель Смотрич былай деді: «Еврейлер енді Иудея мен Самариядан жылжымайтын мүлік сатып ала алады. Тель-Авив пен Иерусалимнен үй сатып алғандай сатып алса болады», - дейді. Израиль үкіметі иелік реестрін алып тастады. Осылайша жерді сатып алу құжаттық тұрғыдан жеңілдей түспек.

 

Ел билігі Осло келісімін қайта қарап жатыр. Қазірдің өзінде келісімдегі бірқатар тармақтар күшін жойған. 1993 жылғы келісім бойынша Батыс жағалау үш аймаққа бөлінген еді. «А» аймағын Палестина әкімшілігі толық бақылауға алды. «В» аймағында Израиль қауіпсіздік саласын бақылады, ал «С» аймағы Израиль бақылауында болды. Енді Израиль билігі «А» және «В» аймақтарындағы қоршаған орта ісіне, археология саласына араласпақ. Бұл бірқатар нысанды сүріп тастауға, палестиндік құрылыстарды тоқтатуға мүмкіндік береді.

 

Сарапшылар бұл әрекетті «жаңа отарлау кезеңі» деп атауда. «Палестин халқының тарихи және ұлттық аумағына қатысты бұл шешім, сөзсіз өте үлкен эскалация» дейді Палестина әкімшілігі. Палестина билігі Израильдің аннексия саясатын күшейтіп жатқанын айтып, дабыл қағуда.

 

Халықаралық ұйымдар Палестина билігі қазіргі сәтте өте әлсіз жағдайда тұрғанын, Газадан палестиндіктер түбегейлі айырылып, Иордан өзенінің Батысының жартысын жоғалтуы мүмкін екенін айтуда. Израильдің соңғы шешіміне қатысты Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия, Катар, Иордания, БАӘ, Индонезия, Пәкістан, ЕО қатаң айыптау мәлімдемелерін жасауда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар