Жанармай таусылып, ұшақтар қаңырап қалды: АҚШ енді Кубада билікті ауыстырмақ!

Куба аспанында дағдарыс басталды. Ұшақтарға арналған керосин таусылды. Ұшақтар тұралап, туристер тұсауланып қалды. Бұл — техникалық ақау емес немесе маусымдық қиындық емес. Бұл — геосаясаттың тоқпағының нақты нәтижесі.

1770718179607774.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

АҚШ-тың Кубаға қарсы блокадасы мен соңғы экономикалық-саяси қысымы енді Кубаны тек экономикалық емес, логистикалық тұйыққа тіреді: Куба халықаралық авиакомпанияларға ескерту жасап, ел аумағында жанармай құю мүмкін емес екенін ресми түрде хабарлады. Пилоттар мен әуе диспетчерлеріне жолданған NOTAM ескертуі – бұл жай қағаз емес, бұл – Кубаның әлеммен байланысының әлсірегенін айқын көрсететін құжат.

КУБА: ӘЛЕМ ҰШАҚТАРЫНА ЕСІГІН ЖАБА МА?

Ресми ақпарат: Кубаның барлық халықаралық әуежайларында авиациялық отын жетіспейді. Гаванадағы басты әуежай да бұл тізімнен тыс қалған жоқ. Демек, Кубаға қонған ұшақтар ел ішінде жанармай құя алмайды, ал рейстер басқа мемлекеттерде амалсыз тоқтап, «жанармай еселеуге» жасауға мәжбүр. Бұл шектеу кемінде бір айға — 11 наурызға дейін күшінде. Бұл жерде ескере кететін бір мәселе – Кубадағы тәжірибе көрсеткендей, әуелде уақытша жарияланған санкциялар көбіне тұрақты сипат алып жатады.

Анығы – бұл дағдарыс аяқ-астынан тубола қойған жоқ. Жылдар бойы Кубаның энергетикалық жүйесі Венесуэла мұнайына тәуелді болып келді. Ал Каракаста билік ауысқан соң, Кубаға ағылған мұнай арнасы жабылды.

Осыған қоса, АҚШ президенті Дональд Трамп: «Кубаға мұнай сататын елдерге қарсы кедендік баж салығын енгіземіз», - деп ашық ескертті. АҚШ қазірге дейін нақты тариф мөлшерін де, нақты елдер де атап көрсетпеді. Бірақ, осы мәлімдемеден соң-ақ, Кубаға мұнай сатушы елдер сауда-саттықтарын шегере бастап, Куба отынсыз қалды. Мұның салдары бірден сезілді. Дағдарыс ең алдымен АҚШ, Испания, Панама және Мексика авиакомпанияларына соққы болды. Ресей де бұл тізімнен тыс қалған жоқ — Кубаға ұшатын ресейлік компаниялар, соның ішінде «Аэрофлот», рейстерін қайта жоспарлауға мәжбүр.

АҚШ ҮШІН КУБА – ЗИЯНДЫ ЕЛ. БАСТЫ СЕБЕП – РЕСЕЙ!

АҚШ бұл қысымды ашық саяси мақсатпен байланыстырып отыр. Дональд Трамп Кубаны «АҚШ-қа қарсы күштермен одақтас, зиянды ел» деп сипаттайды. Ақ үйдің мәлімдеуінше, аралдағы Ресейдің радиоэлектрондық барлау орталығы — Уашингтонды алаңдатқан негізгі факторлардың бірі. Осы уәжбен АҚШ президенті төтенше жағдай жариялап, Кубаға қарсы экономикалық тетіктерді кеңейтуге жол ашты. Бірақ қысым мұнымен тоқтамақ емес.

«Politico» басылымы Ақ үйде Кубаға қарсы теңіз блокадасын енгізу нұсқасы қарастырылып жатқанын жазды. Бұл — мұнай импортына біржола нүкте қою деген сөз. Яғни экономиканы толық тұншықтыру сценарийі. Бұл идеяны қолдайтындардың қатарында мемлекеттік хатшы Марко Рубионың аты аталады.

«The Wall Street Journal» дерегінше, Трамп әкімшілігі Кубада билік режимін биыл жыл соңына дейін ауыстыруды мақсат етіп отыр. АҚШ сарапшылары Куба экономикасын күйреудің табалдырығында деп бағалайды: мұнай қоры бірнеше аптада таусылуы мүмкін, ал бұл электр энергиясының тоқтауына, өндірістің тоқырауына және экономиканың толық мүгедек күйге түсуіне әкеледі. Авиациялық отынның таусылуы — сол күйреудің алғашқы, көзге көрінетін белгісі ғана.

Қазір Кубаға шетелдік ұшақтар қона алады. Бірақ олар қайта ұшу-ұшпауы екіұдай. Блокада енді абстракт ұғым емес, нақты іске айналды. Куба аспанындағы босаған ұшақ бактары — XXI ғасырдағы үлкен державалардың текетіресінің үнсіз айғағы.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар