2025 жылы Орталық Азия елдерінің экономикасы қарқынды түрде өсті. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан экономикасында оң динамика байқалады. Түркіменстан экономикасын бақылау қиын. Мемлекет жабық есік саясатын ұстануда. Экономиканың өсімі Батыс пен Шығыс арасындағы логистикалық аймақ, энергия көздерін сату және инвестиция тартумен тікелей байланысты болып отыр. Сарапшылар ОА елдерінің экономикасы орта есеппен 6 пайызға өскенін айтуда.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Дүниежүзілік даму банкі Орталық Азия елдерінің экономикасы 6,2 пайызға өсті десе, Еуразиялық даму банкі 6,6 пайыз дегенді айтуда. Бұл Орталық Азиядағы төрт елді қосқандағы орташа көрсеткіш саналады. Ал есептеулерге Түркіменстан кірмеген.
Сарапшылар Орталық Азия елдерінің экономикасы әлемдік көрсеткіште аса жоғары қарқынмен өсуде дейді. Бұл тұрғыдан пайыздық негізде Қытай, АҚШ және ЕО елдерінің өсімінен де жоғары деген пікірлер айтылуда. Дегенмен мамандар аймақтағы елдердің экономикасы ЖІӨ-ге шаққанда өссе де, халықтың тұрмысына инфляция қатты қысым жасап жатқанын жазды. Аймақ экономикасының өсуі сыртқы факторларға да тікелей байланысты болып отыр.
Еуразиялық даму банкінің мәліметінше, Қазақстанның экономикасы 2025 жылы 5,9 пайызға өскен. Ал 2026 жылы 5,5 пайызға өсуі мүмкін. Бұл соңғы он жылдағы ең жақсы нәтиже саналады. Қазақстанның экономикасында мұнай мен шикізат басты фактор болып қалуда. Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібі де экономикада өз үлесін ала бастаған. Бірқатар аймақта өңдейтін, сұрыптайтын зауыттар ашылған. Сарапшылар Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға нақты көңіл бөле бастағанын айтуда.
Экономиканың өсімі мемлекет тарапынан берілетін несие санын арттырған. Астана шикізаттан түскен қаржының басым бөлігін логистикалық жобаларға бағыттауда. Олардың ішінде Каспий арқылы өтетін бағыт басымдыққа ие. Дей-тұра өткен жылы инфляция көлемі 12,3 пайызға жетті және бұл қарапайым халықтың сатып алу қабілетіне соққы жасауда.
Өзбекстанның экономикасы да қарқынды түрде өсуде. Еуразиялық даму банкі 2025 жылы Өзбекстанның экономикасы 7,4 пайызға өсті деп бағалады. Ал 2026 жылы 6,8 пайыз болуы мүмкін дейді. 2025 жылы Өзбекстанның ЖІӨ-мі 133 млрд еуроға жеткен. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш 56 млрд еуро еді. Өзбекстан экономикасының өсіміне негізінен алтын бағасының күрт қымбаттауы әсер етті. Өзбекстан алтын сату арқылы 2024 жылмен салыстырғанда 70 пайызға көбірек қаржы тапқан.
Ел президенті Шавкат Мирзиеев 2025 жылы 5 млн адамның тұрақты табысқа ие болғанын айтты. Ал 1,5 млн адам кедейлік шегінен шығып, жағдайын жақсартты дейді. Үй сату мен көлік сатып алу үлесі артқан. Алайда Дүниежүзілік даму банкінің болжамынша Өзбекстан үшін енді экономикалық өсім қиындай түспек. «Ендігі таңда алтын бағасы тұрақтанып, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген сәтте, әділ бәсеке Өзбекстан экономикасына үлкен салмақ салады» дейді Дүниежүзілік даму банкінің Өзбекстан бойынша сарапшысы Пынар Яшар.
Қырғызстан мен Тәжікстан аймақтағы ең жоғары өсімнің бірін көрсетті. 2025 жылы Қырғызстанның экономикасы 10,3 пайызға өскен, ал 2026 жылы 9,3 пайызға өсуі мүмкін. Тәжікстан да тікелей инвестиция арқылы өсім көрсетті. Бұл елдердің өсімін Ресеймен байланыстыратын сарапшылар да бар. «Ресейлік компаниялар Қырғызстан мен Тәжікстанға тіркеліп, санкцияны айналып өту жолын қарастыруы мүмкін» дейді мамандар.
Аймақ елдерінің экономикалық өсімі жоғары болғанына қарамастан, инфляция өсім деңгейін құнсыздандыруда. 2025 жылы Орталық Азия елдеріндегі орташа инфляция 10 пайыз болған. Салдарынан мемлекеттер базалық мөлшерлемені жоғары пайызда ұстауға мәжбүр. Дегенмен Дүниежүзілік банк 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші жан санына шаққанда 14154 доллар, Өзбекстанда 3162 доллар, Қырғызстанда 2420 доллар болғанын айтты. Бұл соңғы он жылдағы айтарлықтай өсім болып саналады. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша ТМД елдерінің ішінде көш бастаған.
Сарапшылар аймақ экономикасының өсіміне әлемдегі шикізатқа деген сұраныстың жоғары/төмен болуы, шикізат бағасы, Қытай экономикасының өсімінің баяулауы, инвестициялар көлемі әсер ететінін айтып отыр.
Mezgil.kz