Конституцияны институционалды орнықты етуге бағытталған ұсыныс

1770629327252380.jpg

(Суреттер: gov.kz және democrat.kz)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯСЫНА

ҰСЫНЫС ХАТ

Құрметті Комиссия мүшелері!

Осы хат арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясының жобасын қоғамдық және құқықтық тұрғыдан талдау нәтижесінде әзірленген ұсыныстар пакетін назарларыңызға ұсынамыз.

Ұсынылып отырған материалдар Конституцияны саяси конъюнктураға бейімдеу емес, оны құқықтық мемлекет талаптарына сай институционал тұрғыдан орнықты етуге бағытталған. Талдау барысында негізгі назар мемлекеттік биліктің бөлінуі, олардың өзара тепе-теңдігі мен тежемелік тетіктерінің жеткіліктілігі мәселелеріне аударылды.

I. ҰСЫНЫСТАРДЫҢ ЖАЛПЫ ҰСТАНЫМЫ

Ұсыныстар мынадай қағидаттарға негізделеді:

1.       Конституция билікті шоғырландыру құралы емес, билікті шектеу арқылы қоғамды қорғау тетігі болуы тиіс.

2.       Мемлекеттік билік тармақтарының жарияланған теңдігі олардың институционал тәуелсіздігімен нақты қамтамасыз етілуі қажет.

3.       Мемлекеттік тілдің мәртебесі декларация деңгейінде емес, мемлекеттік басқару тілі ретіндегі нақты құқықтық нормалар арқылы бекітілуі тиіс.

4.       Сайлау жүйесі халық өкілдігін шынайы қамтамасыз етуге бағытталуы қажет.

5.       Жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару конституциялық деңгейде айқын ажыратылуы тиіс.

II. БАПТАР БОЙЫНША БАЛАМА РЕДАКЦИЯЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЕНГІЗУ ОРНЫ

Төменде ұсынылып отырған баптық редакциялар Конституция жобасының тиісті бөлімдері мен баптарына қосымша баптар немесе балама редакциялар ретінде енгізілуі ұсынылады. Әр ұсыныс бойынша оның нақты орны көрсетіледі.

1. Мемлекеттік билікті бөлу қағидаты (3-бап – балама редакция)

Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік халыққа тиесілі және ол заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөліну, олардың дербестігі мен өзара тежемелік әрі тепе-теңдік қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік биліктің бірде-бір органы немесе лауазымды тұлғасы өзге билік тармақтарының өкілеттіктерін иемденуге немесе олардың қызметіне үстемдік етуге құқылы емес.

2. Президенттің конституциялық мәртебесі (42-бап – толықтыру)

Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік биліктің бірде-бір тармағына жатпайды және билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін төрелік функцияны жүзеге асырады. Президенттің кадрлық өкілеттіктері билік тармақтарының дербестігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеуге тиіс.

3. Парламенттің дербестігі (56-бап – балама редакция)

Құрылтай Үкіметтің қызметіне саяси бақылауды жүзеге асырады және сенімсіздік вотумын білдіру құқығына ие. Құрылтайды тарату саяси келіспеушілік негізінде қолданылмауға тиіс және тек Конституцияда көзделген ерекше жағдайларда ғана мүмкін болады.

4. Конституциялық Сот (72-бап – балама редакция)

Конституциялық Сот судьялары Президенттің, Құрылтайдың және сот қауымдастығының қатысуымен көпжақты тәртіппен тағайындалады. Конституциялық Соттың құрамы бір билік тармағының шешуші ықпалында болмауға тиіс.

5. Сот билігінің тәуелсіздігі (78-бап – толықтыру)

Судьяларды тағайындау және тәртіптік жауапкершілікке тарту рәсімдері саяси биліктен барынша алшақтатылған кәсіби негізде жүзеге асырылады. Судьялардың кадрлық тәуелсіздігі сот билігінің негізгі кепілі болып табылады.

6. Прокуратураның мәртебесі (84-бап – балама редакция)

Прокуратура өз қызметінде қандай да бір билік тармағының мүддесін емес, Конституция мен заң үстемдігін басшылыққа алады. Прокуратураның есептілігі оның институционал бейтараптығын қамтамасыз ететіндей етіп айқындалады.

7. Қазақстан Халық Кеңесі (70-бап – балама редакция)

Қазақстан Халық Кеңесі консультативтік орган болып табылады және заң бастамасы құқығына ие болмайды. Егер ол өкілді орган ретінде қарастырылса, сайланбалы негізде қалыптастырылуы тиіс.

8. Мемлекеттік тіл (9-бап – балама редакция)

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі мемлекеттік басқарудың, заң шығару мен сот ісін жүргізудің негізгі тілі болып табылады. Орыс тілінің қолданылу тәртібі заңмен айқындалады және ол мемлекеттік тілдің басымдығын шектемеуге тиіс.

9. Сайлау жүйесінің конституциялық негіздері (36-1-бап – жаңа қосымша бап)

Бұл бапты II бөлімнің 36-бабынан кейін енгізу ұсынылады.

Өкілді органдар толықтай сайланбалы негізде қалыптастырылады. Сайлау жүйесінің негізгі қағидаттары – жалпыға бірдей, тең, төте және жасырын дауыс беру. Сайлау комиссиялары тәуелсіз болып табылады және көпжақты негізде қалыптастырылады. Президент сайлау процесіне араласпайды.

10. Жергілікті өзін-өзі басқарудың конституциялық негіздері (91-1-бап – жаңа қосымша бап)

Бұл бапты IX бөлімде 91-баптан кейін енгізу ұсынылады.

Жергілікті өзін-өзі басқару жергілікті қауымдастықтың атынан және өз жауапкершілігімен жүзеге асырылады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне мемлекет тек заңдылықтың сақталуы шегінде ғана бақылау жасайды. Әкімдер мен мәслихаттар жергілікті мемлекеттік басқару органдары болып табылады.

III. ҚОРЫТЫНДЫ

Ұсынылып отырған баптық редакциялар мен қосымша баптар Қазақстан Республикасының Конституциясын құқықтық мемлекет талаптарына сай жетілдіруге бағытталған. Бұл ұсыныстар мемлекетті әлсіретуге емес, билікті теңгерім арқылы орнықты етуге негізделген.

Осы материалдарды Қазақстан Республикасының Конституциясының жобасын талқылау барысында назарға алуды сұраймыз.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, заңгер


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар