АҚШ алдағы жылдары Орталық Азия елдеріндегі экономикалық мүддесін күшейтіп, аймақтың тыныс-тіршілігіне араласуын нығайтпақ.

(Сурет: dknews.kz)
Бұл туралы Бішкекте өткен «B5+1» форумында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы елшісі Сержио Гор мәлімдеді.
Ол «үкіметаралық келісімдер ғана емес, жеке сектор өзара әріптестіктің негізгі құралы болатынын» мәлімдеді. Сонымен қатар, АҚШ үкіметі инвестициялық тәуекелдерді азайту үшін аймақта жұмыс істейтін американдық бизнесті қолдауға ниетті.
«Бұл Орталық Азиямен бұрын-соңды болмаған деңгейде ынтымақтастық орнайды деген сөз. «B5+1» форумы «C5+1-дің» логикалық жалғасы болып табылады. Қазірдің өзінде біз Орталық Азия елдерімен 40 миллиард доллардан астам сомаға 20-дан астам келісім жасастық. Алдағы уақытта бұл сома ұлғая бермек», - дейді Сержио Гор.
Осыған дейін шетелдік ақпарат құралдары өткен жылғы АҚШ-Орталық Азия басшыларының саммитінен соң, «АҚШ президентінің Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларымен кездесуі - Уашингтон Ресейдің ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен және Қытай үшін қызығушылық тудыратын ресурстарға бай аймақтағы ықпалын кеңейтуге тырысып жатқанын білдіреді», - деп жазған.
Ал биыл АҚШ президенті әкімшілігі Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы сауда-саттыққа шектеу енгізетін Жексон - Вэник заңдарын алып тастау туралы заң жобасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ Мемхатшысы Марко Рубио айтты.
Оның айтуынша, бұл қадам экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызып, серіктестіктің икемді және тереңдетілген форматтарын дамытуға мүмкіндік береді.
Жексон-Вэник заңын - 1974 жылы АҚШ пен КСРО арасындағы қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ Конгрессі қабылдаған. Ол бойынша өз азаматтарының эмиграция құқығынан немесе мүмкіндігін шектеген елдерге жоғары кедендік баж салығы салынады және импорт пен экспортқа шектеулер қойылады. Бұл заң жобасы оның авторлары - сенатор Генри Жексон мен конгрессмен Чарльз Ваниктің есімімен аталды.
Mezgil.kz