Қытайдың арзан газы, бағасы түскен алтын, құлдыраған мұнай: Ресей қалай жан бақпақ?

The Telegraph басылымының жазуынша, Ресей экономикасы табыстардың күрт қысқаруымен бетпе-бет келіп отыр. Мұнай экспорты төмендеуде, ал соғысты қаржыландыруға сеп болатын алтын бағасы құлдырап барады.


ChatGPT Image 4 февр. 2026 г., 16_30_55.png

 (Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)


Басылым деректеріне сәйкес, Украинаға қарсы ауқымды соғыс басталғалы бері алтын бағасының күрт өсуі Ресейдің алтын-валюта резервтерінің құнын 200 млрд доллардан астам қаржыға арттырған. Бұл мұнай мен газдан түсетін табыстың орнын ішінара толтырып, Ресейге ауқымды экономикалық дағдарыстан аз уақытқа болса да құтылуға мүмкіндік берген.

 

Алайда алтын бағасының соңғы уақытта 18%-ға төмендеуі бұл құралдың тиімділігіне күмән тудырып отыр. Әсіресе, 2022 жылдан бері Ресей Ұлттық әл-ауқат қорындағы алтынның 71%-ын сатып жібергенін ескерсек, жағдай күрделене түсуде. Басылымның мәліметінше, қазіргі таңда Ресей билігінде алтын қоры әлі де бар. Алайда соғысты жалғастыру үшін алтын бағасы бір унциясына 4925 доллардан түспеуі тиіс.

 

Өткен жылы Ресейдің мұнай экспортынан түсетін табысы 24%-ға азайған. Ал соңғы үш айда «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы салынған санкциялар салдарынан бұл кірістер тіпті жылдам қысқара бастаған. Қытайдың мемлекеттік энергетикалық компаниялары екінші деңгейлі санкциялардан қауіптеніп, ресейлік мұнайды сатып алуды іс жүзінде тоқтатуда. Үндістан да импорт көлемін қысқартып жатыр.

 

Осының салдарынан Ресейдің Urals маркалы мұнайы Brent эталонынан шамамен 24 доллар арзандатылып сатылуда, ал бюджетке түсетін нақты баға барреліне 35 долларға дейін төмендеген. «ОПЕК өндірісті қайта қысқартпаса, баға 30 долларға дейін құлдырайды», – дейді Argus энергетикалық компаниясының бас экономисі Дэвид Файф. Оның айтуынша, мұндай жағдайда ресейлік мұнай іс жүзінде сатылмай қалуы әбден мүмкін.

 

Басылым сондай-ақ Ресейдің Азия бағытында да сәтсіздікке ұшырап отырғанын атап өтеді. Қытай Сычуань провинциясында арзан газ өндіруді белсенді түрде арттыруда, ал кейбір кен орындарында өндіріс құны тек бір текше метріне 0,23 долларды құрайды. Бұл Ресейден келетін құбыр газының бағасынан да арзан деген сөз.

 

«Путиннің соңғы үміті Қытайға газ сату болатын, бірақ енді «Сібір күші – 2» газ құбырының салыну/салынбауы мүлде белгісіз», – деді Атлантикалық кеңестің газ жөніндегі сарапшысы Алан Райли.

 

Осылайша, Ресей басшылығы мұнай мен газдан түсетін табыстарынан айырылып жатыр және экономиканы ұстап тұрған басты тетіктің бірі саналатын алтын қорының бағасы да құлдырап барады. «Егер алтын бағасы одан әрі құлдырай берсе, Ресей соғысты тоқтатуға мәжбүр болады. Украинадан әлі кеш болмай тұрғанда кету керек», – деп есептейді сарапшы Райли.

 

РФ Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда Ресейдің федералдық бюджетіне түсетін мұнай-газ табыстары 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда 50,2%-ға төмендеген. Ресми дерек бойынша, мұнай мен газ сатудан түскен кіріс 393,3 млрд рубльді құраған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 395,8 млрд рубльге аз деген сөз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресейдің мұнай-газ кірістері шамамен төрттен біріне қысқарып, 8,48 трлн рубльге дейін төмендеген. Бұған мұнай бағасының арзандауы және рубльдің айтарлықтай нығаюы себеп болған.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар