ЕО елдері Иранның билігі наразылық акцияларын қанға бояп, қырғын салғаны үшін Тегеранға санкция салуда. Санкцияларға қарамастан Еуропа мен Иранның арасындағы экономикалық, сауда байланысы толық тоқтаған емес. Германия Иранның Еуропадағы басты сауда серіктесі болып отыр.

(Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)
Өткен аптада ЕО Иранға санкцияларды күшейтуді мақұлдады. Алғаш рет ЕО Иранға қарсы санкцияларды 2000 жылдардың басында салды. Бұл Иранның ядролық бағдарламасымен байланысты еді. Иран 2006 жылы уран байытуды бастаған болатын. Бұл жолы ЕО Ирандағы наразылық акцияларын қырғынға ұшыратқан билікке және Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын ашық қолдаған аятолла режиміне қарсы санкцияларды күшейтті.
2011 жылы Еуропа Иранға қарсы санкцияларды үдеткен-ді. Бұл адам құқығының өрескел бұзылуымен байланысты еді. Жыл сайын ЕО бұл санкциялардың мерзімін созумен келеді. Дегенмен, Иран мен ЕО арасындағы сауда байланысы түбегейлі үзілген емес.
2024 жылы ЕО мен Иранның арасындағы сауда қатынасы 4,6 млрд еуроны құрады. ЕО 850 млн еуроның тауарын алып, 3,7 млрд еуроның тауарын сатқан. Осылайша ЕО пайдасына 2,9 млрд еуро профицит болған. Қызмет көрсету саласында да әріптестік жалғасқан.
Иран ЕО үшін маңызды серіктес еді. Алайда оның ядролық бағдарламасы Иранның ЕО экономикасындағы үлесін еселеп азайтты. 2024 жылы ЕО экспорттаған тауардың 0,1%-ы ғана Иран нарығына аттанған. Иранның ЕО-ға жеткізген тауары да нөл пайызға жақын межеде тұр. 2004 жылы Иран мен ЕО арасындағы тауар қатынасы 19,5 млрд еуро болса, 2011 жылы 27 млрд еуроға дейін жетті. Алайда санкциялар қатаңдай түскен сәтте сауда қатынасының үлесі азайып, 2024 жылы ол 4,6 млрд еуроны құрады.
Дегенмен 2017 жылы Иран мен ЕО арасындағы саяси жылымық орнады. ЕО Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасасты. Тауар айналымы 20,7 млрд долларға жетті. Бірақ 2019 жылы сауда қатынасында қайта күрт құлдырау басталып, ол 5,1 млрд еуроға дейін түсіп кетті. 2000 жылдары тауар қатынасында баланс Иранның үлесінде еді. Ал санкциялардан кейін керісінше ЕО-ның пайдасына қарай ауысты.
ЕО мен Иранның арасындағы сауда қатынасында Германия маңызды орынды иемденген. Германияның Иранмен сауда қатынасы ЕО-ның Тегеранмен сауда қатынасының үштен бір үлесіне тиеді. 2024 жылы Германия Ираннан 212 млн еуроға тауар алып, 1,27 млрд еуроға тауар эскпорттаған. Екінші орында Италия тұр. Италия 185 млн еуроның тауарын алып, 528 млн еуроның тауарын сатқан. Нидерланды елі үштікті тәмамдауда. Ираннан 62 млн еуроға тауар алып, 607 млн еуроға тауар сатқан. Бельгия, Испания, Франция, Болгария елдері де Иранмен сауда қатынасында жүз млн еуродан астам қаржыға сауда жасасқан.
Иран мен ЕО арасындағы сауда қатынасы импорттық режим ережесіне сай іске асады. Яғни, онда белгілі бір тауар түрлерін ғана сатып алуға, сатуға болатыны көрсетілген. Бұл санкциялық саясатқа да байланысты. Иранға ЕО елдері көлік және түрлі транспорт бөлшектерін (ұшақ бөлшектерінен басқа) жеткізеді. 2024 жылы ЕО-ның Иранға жеткізген тауарының үштен бір бөлігі осы категорияға жатады. Химиялық өнімдер де үлкен үлеске ие. Ал Иран ЕО-ға көбіне азық-түлік өнімдері, әсіресе жемістер мен сиыр, қой жеткізеді. Мұнай өнімдерінің үлесі азайған.
Еуростат 2025 жылғы сауда қатынасына қатысты ресми статистика енді жарияланатынын айтуда. Сарапшылар Ирандағы режим ауысса немесе Иран мен АҚШ келісім жасасып, санкция жеңілдесе, ЕО мен Иран арасындағы сауда қатынасы 30-50 млрд еуродан асуы мүмкін деп болжайды.
Mezgil.kz