Абу-Дабидегі келіссөз: Донбасс тағдыры – халықаралық тәртіптің тағдыры!

Бүгін БАӘ астанасы Абу-Дабиде АҚШ, Украина мен Ресей делегациялары үшжақты келіссөздер өткізеді. Талқыланатын басты тақырып – Украина жері, Донбасс тағдыры.

1769171062501847.png

(Сурет: tsn.ua)

ДОНБАСС ТАҒДЫРЫ АБУ-ДАБИДЕ ШЕШІЛЕ МЕ?

«Axios» басылымы: «Кешелі-бергі келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Украина бейбіт жоспар бойынша келісімге әжептәуір жақындады. Ал Ресей президенті Путинмен өткен келіссөздерде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген жоқ», - деп жазады.

Басылым дерегінше: Абу-Дабидегі үшжақты кездесуде талқыланатын негізгі мәселе Украинаның шығысындағы аумақты бақылау мәселесі болмақ. Яғни, Донбасс тағдыры талқыға түспек. Қазір тараптар келіссөз алаңына жиналуда.

Делегациялар: Абу-Дабидегі келіссөздерге ресейлік делегацияны РФ ҚК Бас штабы бас басқармасының бастығы адмирал Игорь Костюков, украиналық делегацияны Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рүстем Умеров басқарады.

Ресей тарапы өз делегациясының толық құрамын жария еткен жоқ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков делегация толығымен Қорғаныс министрлігінің өкілдерінен тұратынын мәлімдеді.

ПУТИННІҢ ТАЛАБЫ – ДОНБАССТЫ ТОЛЫҚ БЕРІҢДЕР!

Бүгін келіссөздер алдында Дмитрий Песков: «Ресейдің талабы – Украина Донбасстан толық шығуы тиіс. Біз бұл талаптан бір қадам шегінбейміз», - деп шорт кескен.

Былтыр тамызда Анкорижде АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуінде Владимир Путин Запороже бен Херсон облыстарындағы майдан желісін қаңтарып қоюға келісіп, бірақ Донецк облысының бүкіл аумағын беруді талап еткен. Киевте бұл талапты қабылдамаған.

Кеше АҚШ-тың арнайы өкілдері Ситв Уиткофф пен Жерард Кушнер Ресейге сапарлап барып, президент Путинмен жолыққан. Осы кездесуден соң сөз сөйлеген Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков: «Анкорижде келісілген формула бойынша аумақтық мәселені шешпей, ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізудің қажеті жоқ. Ресей соғысты жалғастырады», - деп мәлімдеді.

УКРАИНА ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

Украина президенті Владимир Зеленский: «Бейбітшілік орнатудың ең шешуші мәселесі – Донбасс мәселесі. Абу-Дабидегі үшжақшы келіссөздердің де бас талқысы осы. Тек Украина нһғана емес, ресейліктер де ымыраға дайын болуы тиіс. Нәтиже қандай болатынын көреміз», - деді.

Зеленский сондай-ақ: «Біз барлық бұғатталған ресейлік активтерді пайдалану үшін күресеміз. Ресей агрессор, оны бүкіл әлем көріп отыр. Олар бұл соғысты бастады. Сондықтан бұл жағдайда біз Ресей агрессиясының салдарын қалпына келтірудеміз», - деп атап өтті.

Украина президенті Ресейдің АҚШ-та бұғатталған активтері туралы да айтты: «Біз америкалықтарға осы 5 млрд доллар туралы бірнеше рет айттық. Біз бұл ақшаны Украинаны қалпына келтіру үшін жұмсауды жоспарлап отырмыз, себебі Украина зардап шекті», -  деп түсінік берді.

Зеленский Абу-Дабидегі үшжақты келіссөздер туралы: «Украина, Ресей және АҚШ делегацияларының алғашқы үшжақты кездесуінің негізгі тақырыбы территория мәселесі болмақ. Донбасс мәселесі шешуші мәселе», - деді.

Түйін: Үш жақты кездесудің өзегі — Украинаның шығысындағы аумақтық бақылау. Яғни, сөз атысты тоқтату емес, жер туралы. Донбасс — картадағы жай аймақ емес, енді геосаяси келісімнің негізгі «ставкасына» айналды.

Зеленскийдің сөздерді бұл келіссөздердің неге сонша қауіпті екенін анық көрсетеді. Ресей қару-жарақ өндірісінің алып машинасын іске қосқан. 2030 жылға қарай 3 миллиондық армия. Бұл — жай жоспар емес, Еуропаға бағытталған ұзақ соғыс стратегиясы. Зеленскийдің айтуынша, бұл машинаны тоқтататын жалғыз «бағдаршам» — Украина. Бірақ ол мәңгі қызыл болып тұрмайды. Көмек керек.

Абу-Даби — бейтарап қала. Бірақ онда бейтарап шешім болмайын деп тұр. Өйткені сөз бейбітшілік туралы емес, кім қанша жерді сақтап қалады деген сұрақ туралы. Ал жер тағдыры — бұл бір елдің ғана емес, бүкіл халықаралық тәртіптің тағдыры.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар