Қазір АҚШ-тың қысымымен Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келіссөздер қызу жүріп жатыр. Уиткофф-Кушнер тандемі Ресеймен де, Украинамен де кезек-кезек келіссөздер өткізуде.

(Коллаж: Mezgil.kz)
Желтоқсандағы келіссөздер хронологиясы былай: АҚШ пен Украина делегациялары АҚШ әзірлеген жаңа бітім жоспарын талқылағаннан соң, желтоқсанның 2-сінде Уиткофф пен Кушнер тандемі Мәскеуге барып қайтты.
ШЕШІЛМЕЙ ТҰРҒАН ҚОС МӘСЕЛЕ: ДОНБАСС КІМГЕ ҚАЛАДЫ?
Ресей президентінің кеңесшісі Юрий Ушаков: «Келісімге келе алмадық, алайда америкалық ұсыныстың кей тұсына келісуге болады», - деп мәлімдеген. Осыдан соң Уиткофф пен Кушнер Майамиде Умеров-Гнатов тандемімен сериялық келіссөздер жүргізе бастады. Кеше президент Зеленский Укитофф-Кушнер тандемімен телефон арқылы сөйлескен. Әңгімелесу 2 сағатқа созылған және өте күрделі болған. Соның ішінде Донбасс туралы талқы болған...
«Axios-тың» жазуынша, Ресей Украинаның Донбасстан толық шығуын талап етіп отыр. Ал АҚШ шешім табу үшін жаңа идеяларды әзірлеп ұсынуда. Уиткофф пен Кушнер қос тарапқа да қысым жасаған. АҚШ Зеленский де, Путин де кей мәселеде шегініс жасауы керек деген позицияда.
«Bloomberg»: «Еуропа Украинаның Донбасстан шегінуне қарсы және Зеленскийді нөпір қысымға қарамастан АҚШ-тан нақты қауіпсіздік кепілдігін алмай тұрып, Донбасстан шегінбеуге үгіттейді», - дейді.
АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі болған Кит Келлог: «Келіссөздер бойынша әжертәуір алға жылжу бар. Шешілмей тұрған 2 мәселе бар. Бірі - Запорож АЭСі кімге қалады деген мәселе. Екіншісі - Донбасстың жері кімге қалады деген мәселе. Келіссөздер бойынша мәреге соңғы 10 метр ғана қалды. Және ең күрделісі де осы соңғы қадамдар. Егер осы екі мәселе бойынша компромисске келсек, қалғандары оңай шешілетін мәселлер», - деді.
ТРАМП ЗЕЛЕНСКИЙГЕ ӨКПЕЛІ. НЕГЕ?
Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп бейбіт келіссөздер мәселесінде АҚШ ұсынған шарттарға Украина президенті көнбей отырғанын айтты.
Трамп: «Біз президент Путинмен сөйлестік, біз украин басшыларымен және Зеленскиймен сөйлестік. Менің кішкене көңілім түскенін айтуым керек, өйткені президент Зеленский бейбіт жоспармен әлі толық таныспаған сияқты. Ол жайлы мен бірнеше сағат бұрын білдім. Бұл жоспар оның адамдарына ұнайды, бірақ оған ұнамайды. Ресей ол елді (Украинаны) толық алуды қалар еді, бірақ Ресейге қазіргі ұсынылған жоспар ұнауда. Бірақ бұл жоспар Зеленскийге ұнайтынына күмәндімін. Оның адамдарына ұнап тұр. Ал ол бұл жоспармен әлі толық таныспаған сияқты», - дейді.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ЖАУАБЫ: ДОНБАСС БОЙЫНША ОРТАҚ ШЕШІМ ЖОҚ!
Украина президенті Зеленский бүгін Лондонда Стармер, Мерц және Макрон үштігімен келіссөз өткізеді. Осының алдында Зеленский «Bloomberg» агенттігіне сұхбат беріп, былай деді: «АҚШ тарапынан әзірленіп, ұсынылған бейбітшілік келісімінде аумақ мәселесі бойынша ортақ келісім жоқ. АҚШ ұсынған шарттардың кей тұстары, әсіресе біз үшін маңызды тұстары қосымша талқылауларды қажет етеді. Соның ішінде, Украинаға берілуі тиіс қауіпсіздік кепілдігі мен шығыс аймақтарды бақылау құқығы мәселелері біз үшін өте күрделі. Донбасс бойынша ортақ шешім жоқ. АҚШ-тың жоспары бар, Украина мен Ресейдің де өз жоспарлары бар. Бірақ, ортақ жоспар, ортақ келісім жоқ», - деді.
Зеленский сонымен қатар: «Басы ашық бір сұрақ бар. Ол сұраққа нақты жауапты мен де, украиналықтар да тағатсыздана күтіп отыр. Ол – Егер Ресей тағы да жерімізге шабуылдап кірсе, біздің әріптестеріміз не істейді? Бұл сұраққа әуелі АҚШ-тың жауабын естігіміз келеді», - деді.
Mezgil.kz