Қазақстан экологиялық сана қалыптастыруға ерекше мән беруде. Жастар мен ел тұрғындары арасында экосана қалыптастыру үшін ауқымды акциялар ұйымдастыруда. «Таза Қазақстан» акциясы соның бір көрінісі. Бұл жай ғана акция емес, бұл қоғамдық сананы тұтас трансформациялау. «Таза Қазақстан» акциясының мәні, акцияның Алматы қаласында іске асу барысы жайлы және экомәдениетті қалыптастыру туралы саясаттанушы Қанат Байұзақтан сұрастырып, сұхбат алдық.

(Сурет gov.kz сайтынан алынды)
Құрметті Қанат мырза, біздің сұхбатымызға уақыт бөлгеніңізге алғыс білдіреміз. Алғашқы сұрағым, Қазақстандағы экологиялық мәдениет деңгейін саясаттанушы ретінде қалай бағалайсыз?
- Жалпы алғанда, соңғы жылдары экологиялық сана айтарлықтай өсіп келеді. Бұрын табиғатты қорғау тек мамандардың немесе белсенділердің мәселесі ретінде қарастырылса, қазір бұл бүкіл қоғамға ортақ құндылыққа айнала бастады. Экология – тек табиғат туралы білім емес, ол мәдениет, жауапкершілік әрі азаматтық қатысудың көрсеткіші. Әсіресе жастар арасында «қоқыс тастамау», «қайта өңдеу», «жаяу жүру немесе велосипедпен бару» сияқты күнделікті дағдылар қалыптаса бастауы қуантады. Бұл сананың өзгерісі дер едім. Еуропа елдерінде бұл қалыпты жағдай саналады. Міне, біз соған жақындап келеміз. Бұған әлбетте еліміздің атқарып жатқан жұмыстары да көп әсер етеді. Мен Алматы қаласында жиі боламын. Ұзақ жылдар осы қаланың тұрғыны болдым. Студенттік шағымда «Жасыл ел» іспеттес жобаларға да қатыстық. Бұндай бағдарламалар тек қана көгалдандыру емес, әлеуметтендіру процесімен де қатысты екенін сол сәтте түсіндім. Алматыда экологиялық көптеген ұйымдар бар. Экотуризмді насихаттап жүрген жастардың да бір шоғыры осы қалада ғой. Сенбі-жексенбі Алматы таулары жастарға, туристерге толы. Бұл тек демалыс қана емес, бұл сонымен бірге табиғатты аялаудың бір көрінісі. Бұны да экосананың жоғары көрінісі деуге болады.
Көше тазалығы мәселесі кейде тек коммуналдық қызметтердің жұмысы деп қабылданады. Бұл дұрыс көзқарас па?
- Бұл қате түсінік дер едім. Көше тазалау өте маңызды қызмет. Мемлекет толық қызмет етуі үшін әр қызметтің маңызы зор. Егіс алқабындағы диқаншы, университеттегі ұстаз, теңіздегі балықшы, парламенттегі депутат, көшедегі аула тазалаушы және басқа қызметтің барлығы мемлекет үшін, қоғам үшін маңызды. Соны әр адам санасымен түсінуі тиіс. Көше тазалығына ең алдымен тиісті мекемелер жауапты екені түсінікті. Алайда ол тазалыққа сол қаланың тұрғындары да жауапты. Әр азамат қоқысты қоқыс жәшігіне тастайтын болса, қаланың тазалығына жауапкершілікпен қараса, онда қаланың тазалығына да үлкен үлес қосар еді. Бұл қарапайым мәдениет қой. Көшеде тазалықтың сақталуы – тұрғындардың өз ортасына деген құрметі, көршілеріне, балаларға, тіпті келешек ұрпаққа деген жауапкершілігі. Қалада халық саны арту үстінде. Бүгінде Алматыда бейресми 3,5 млннан астам тұрғын бар. Мұндай сәтте қала тазалығына түсетін жүктеме де арта түсері анық. Қала тұрғындары қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген «Таза Қазақстан» акциясы осы тұрғыда маңызды рөл атқарып жүр деп айтылады. Алматы қаласында да түрлі акциялар ұйымдастырылып келеді. Сіздің пікіріңіз қалай?
- Иа, «Таза Қазақстан» өте сәтті бағдарлама. Кезінде Малайзияда Мохамад Махатхир есімді әйгілі премьер болды. Сол билікке келген сәтте Малайзия көштің соңында қалған, кедей, қоқысқа тұншыққан ел еді. Махатхир елді дамыту үшін экологиялық сананы қалыптастырудың маңызды екенін айтумен болды. Арнайы акциялар ұйымдастырды. Экологиялық мәдениетті күшейтті. Бұл да Малайзияның дамуына үлес қосты. Сондықтан да, экологиялық мәдениетті күшейту әрекеттерін қашанда қолдаймын. «Таза Қазақстан» акциясы тек қоқыс жинап, аула сыпырып, ағаш егумен шектелмейді ғой. Бұл адамдарды ортақ іске жұмылдырады. Туған жерінің, қаласының тазалығына үлес қосқанын азаматтар сезіне бастайды. Азаматтар табиғатқа деген жанашырлықты сезінеді, ұғына бастайды. Кей азаматтар мұндай экоакцияларға алғаш мәрте қатысуы мүмкін. Бұл олардың санасына серпіліс береді. «Таза Қазақстан» акциясы бір күндік шара емес. Ұдайы, үздіксіз негізде азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады. Алматыда жүздеген мың студент бар. Олар да ерікті түрде экоакцияға қатысуда. Бұл жастардың арасында экологиялық мәдениеттің артуына әсер етеді. Алматы «Таза Қазақстан» акциясын іске асыру бойынша жағымды әсер қалыптастыруда. Әр ауданда, аулалар мен көшелерде, мәдени ошақтарда экоакциялар өтуде. Сөзсіз оның идеологиялық жағымды әсері болады.
Табиғатты аялау идеологиясын қалыптастыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның рөлі қандай?
- Экологиялық идеологияны қалыптастыру – көп деңгейлі процесс. Ұзақ уақытты қажет етеді. Біріншіден, мемлекет экологияға қатысты заңнаманы күшейтіп, қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын дамытып, қоршаған ортаны қорғауға инвестиция салуы керек. Бұл – жүйелік негіз. Екіншіден, білім беру маңызды. Балабақшадан бастап мектепке дейін экологиялық мәдениетке үйрету – ең тиімді ұзақ мерзімді әдіс. Балалар ақпаратты жылдам сіңіреді. Суды үнемдеу, қоқысты тек қоқыс жәшігіне тастау, ағаш егу, табиғатты аялау іспеттес ақпараттарды жылдам қағып алады. Ұмытпайды. Азаматтық қоғамның да рөлі ерекше. ҮЕҰ, еріктілер қозғалыстары халықты экологияны аялауға шақырып, үлкен импульс бере алады. Бұндай біздің елімізде бірнеше мәрте болды да. Мысалы «Невада-Семей» қозғалысы, «Аралды құтқарайық» қозғалысы. Бұның бәрі халықтық бастама еді және үлкен күшке айналды. Нәтиже берді. Бұл қозғалыстардың бәрі экологиялық мәселеден туындады.
Сұхбатыңызға көп рахмет. Расымен де, экология мәселесі аса өзекті. Алматы қаласы да экологиялық акцияларға үлес қосуда. Экосана мен экомәдениет қалыптастыруда ерекше рөл ойнауда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматыда үздіксіз шаралар іске асуда. Қала экотуризмді насихаттауда. Ауаны ластанудан сақтау бойынша да акциялар өтуде. Велоспорт жарыстары мен жаяу жүру акциялары да экологиялық сипатқа барып тірелуде.
Mezgil.kz