Алматының бүгінгі экотрендтері: Өзгеріс әр адамның жеке мәдениетінен басталады!

Алматыда биыл экологиялық мәдениетті дамыту бағытында бұрын-соңды болмаған белсенділік байқалды.

1765116938480451.jpg

(Сурет: almatybala.kz)

Жыл басынан бері түрлі форматтағы 500-ден аса экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, қала бойынша 570 мыңнан астам жас осы бастамаларға жұмылдырылды. Бұл көрсеткіш тек сандар жиынтығы емес, жастардың экологияға деген көзқарасының, жауапкершілігінің, қаланың болашағына деген шынайы алаңдаушылығының айқын дәлелі болып отыр. Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, биыл экологиялық қозғалыс Алматыдағы жастардың ең ауқымды қоғамдық күшіне айналды.

Еріктілердің, жастар ұйымдарының немесе әкімдіктің бастамалары қаншалықты ауқымды әрі жүйелі болса да, экологиялық өзгерістің шынайы қозғаушы күші — қоғамдық сана. Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғатты қорғау, қоқысты жерге тастамау, суды үнемдеу сияқты қарапайым әрекеттер тек ресми жобалармен емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігімен үйлескенде ғана нәтижелі болады. Алматының бүгінгі экотрендтері көрсетіп отырғандай, тұрақты өзгеріс ең алдымен адамның ойынан, әдетінен, күнделікті мәдениетінен басталады.

Жаз айларында қала аудандары бойынша өткен көшпелі «EcoQala Fest» фестивалі жастардың экология тақырыбына қызығушылығын жаңа деңгейге көтерді. 30 маусымнан 30 қыркүйекке дейін жалғасқан бұл фестивальге 6 мыңнан астам жас қатысып, қайта өңдеу мәдениеті, қала экожүйесінің ерекшелігі, тұрмыстық қалдықты дұрыс сұрыптау, жасыл технологияларды қолдану сияқты бағыттарда тәжірибелік шеберлік сабақтарына қатысты. Фестиваль тек өнертапқыш жастардың жобаларын таныстырумен шектелмей, экологиялық бастамаларды қала ішілік қозғалысқа айналдыра білді. Осы кезеңде онлайн кеңістікте де белсенділік күшейді. #ТазаSnap, #EcoSortChallenge және #EcoStyleDay атты экочеллендждерге 7 мыңнан астам адам қосылып, қаланың лас аймақтарын картаға түсіру, сұрыптау мәдениетін насихаттау, күнделікті өмірде экостиль қалыптастыру бағытында нақты үлестер қосты. Әлеуметтік желі арқылы тараған бұл бастамалар жастардың санасын тез оятатын заманауи тәсілдің тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар биыл мазмұндық жобаларға деген қызығушылық та артты. «Jastar Talks» атты экологиялық бағыттағы подкастқа 500 ерікті қатысып, суды үнемдеу, тұрмыстық қалдық көлемін азайту, жасыл инфрақұрылымды дамыту сияқты маңызды тақырыптарды көтерді. Оған қоса «EcoБақылау» рейдтері аясында қала бойынша 800-ден аса санитарлық норманың бұзылуы анықталды, сондай-ақ 45 заңсыз қоқыс орны тіркелді. Бұл – жастардың тек ақпараттық деңгейде емес, тікелей бақылау мен әрекет арқылы да қала экологиясын жақсартуға атсалысып жатқанын көрсетеді.

Жыл бойы ұйымдастырылған 28 ірі сенбілік пен 100-ге жуық арнайы экологиялық акцияның нәтижесінде қаланың әр аумағында 120 гектардан астам жер тазартылып, 200 тоннадан аса қоқыс жиналды. Сенбіліктерге студенттер, еріктілер, белсенді тұрғындар мен түрлі экобірлестіктер қатысып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға нақты үлес қосты. Әсіресе «Таза Қазақстан» акциясы аясында студенттердің пластик қалдықтарды жинап қана қоймай, оларды арт-нысандарға айналдыруы ерекше нәтиже берді. 14 мыңнан астам пластик қақпақ қайта өңделіп, қоғамдық кеңістіктерге арналған орындықтар мен шағын инсталляциялар жасалды. Бұл — жастардың шығармашылығы мен экологиялық жауапкершілігінің үйлескен үздік үлгісі.

Сонымен бірге ЖОО-ларда және комьюнити орталықтарында экологтармен кездесулер, дәрістер, пікірталастар мен байқаулар ұйымдастырылып, 12 мыңнан астам жас экологиялық білім мен тәжірибе алды. Қайта өңделген материалдардан туынды жасаған жас суретшілердің жұмыстары қоғамға жаңа көзқарас қалыптастырып, экология тақырыбын шығармашылықтың маңызды бөлігіне айналдыра түсті.

Жалпы алғанда, биылғы экологиялық науқан Алматыдағы жастардың қала болашағына деген көзқарасының түбегейлі өзгергенін көрсетті. Жастар экологияны бір реттік акция немесе міндетті сенбілік ретінде емес, өз өмір салтының ажырамас бөлігі ретінде қабылдай бастады. Олардың белсенділігі қаланың санитарлық жағдайын айтарлықтай жақсартып, қоғамда экологиялық мәдениеттің нығаюына ықпал етті. Алматының жас буыны бүгінде экология саласындағы ең мықты қозғаушы күшке айналып, қаланың қазіргі келбетін ғана емес, ертеңгі экологиялық болашағын да қалыптастырып отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар