Еуропа Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға беру кезтуралы талқылауларды күшейтті. Егер шешім қабылданар болса, бұл — соғыстың қаржылық картасын түбегейлі өзгертетін жаңа шешім болмақ.

(Коллаж: Mezgil.kz)
СТАРМЕРДІҢ ҚАТАҢ ШЕШІМІ ҺӘМ СКРИПАЛЬДІ УЛАУ
Ұлыбритания дәл қазір ең батыл қадамдардың бірін жасап отыр: Лондон Украинаға 9 млрд еуро көлеміндегі ресейлік активтерді беруге дайын екенін хабарлады. Бұл қаражат ЕО және серіктестер әзірлеп жатқан 114,5 млрд еуролық репарациялық несие қорының бір бөлігіне айналмақ.
Британия аумағында Ресейдің 28,6 млрд еуроға жуық қаражаты бұғаттаулы. Осы қаражаттың бір бөлігін Киевке көмек ретінде беру туралы мәлімдеме жасалған күн де ерекше. Дәл сол күні Ұлыбритания комиссиясы Скрипальдерді улау туралы бұйрықтың Путиннің тікелей пәрмені болғанын ресми мәлімдеді.
Премьер-министр Кир Стармер бұл істі: «Ресейдің бей-берекет агрессиясының жаңа дәлелі», - деп атады.
БЕЛЬГИЯ НЕДЕН ҚОРҚЫП ОТЫР?
Бірақ мәселенің түйіні тек Лондонның батылдығында емес. Ресейдің ең ірі активтер қоймасы — Бельгиядағы «Euroclear» депозитарийі. Онда 189 млрд еуро тұр және дәл осы ақшаның тағдыры Еуропаның ішкі саяси айқасына айналды.
Германия канцлері Фридрих Мерцтің Брюссельге шұғыл ұшуы кездейсоқ емес: Бельгия Еурокомиссияның жоспарын әзірге қолдамай отыр, ал оның келісімінсіз бұл қаржы операциясының іске аса қоюы екіталай. Себеп түсінікті: бұғатталған Ресей активтерін Киевке беру— тек саяси емес, құқықтық та тәуекел. Мәскеу сотқа жүгінсе, Еуропаның қаржы жүйесі ұзаққа созылатын дауға кіріп кетуі мүмкін.
УРСУЛАНЫҢ ҰСЫНЫСЫ РЕСЕЙДІ ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗА МА?
Соған қарамастан, Урсула фон дер Ляйен ЕО тарихындағы ең батыл қаржылық схемалардың бірін ұсынып отыр. «Politico» мен «Financial Times» жазғандай, ол Ресейдің бұғатталған активтерін кепіл ретінде пайдаланып, Украинаға 165 млрд еуро, тіпті 210 млрд еуроға дейін несие беру механизмін ұсынған.
Ең қызығы — бұл жоспар ЕО-ның бірауызды шешімін талап етпейтін төтенше құқықтық модельге сүйенеді. Мұның мәні біреу ғана: Венгрияның кез келген вето қою ықтималдығы айналып өтіледі. Құқықтық тұрғыдан тартысты, таласты, соттық дауларға толы механизм болғанымен, Еурокомиссия дәл осы жолды «қазіргі жағдайда жалғыз іске жарамды шешім» деп есептейді. Себебі соғыс созылған сайын Украина экономикасына тірек күшейе түсуі керек, ал Ресейдің бұғаттағы активтері — соғыстың ең әділ өтемақы көзі.
РЕСЕЙДІҢ МҰНАЙДАН ТҮСЕТІН ТАБЫСЫ АЗАЙДЫ
Батыс осындай қаржылық комбинация жасап жатқан уақытта Ресей экономикасы әлсіреген үстіне әлсіреп барады. «Bloomberg» дерегінше, Кремльдің биыл қарашада мұнайдан түсетін табысы 33%-ға құлдырап, мұнай-газ кірісі 34%-ға азайған. Әлемдік нарықта мұнай арзандап, рубль күшейген сайын, Ресей қазынасы ортайып жатыр. Оның үстіне АҚШ «Роснефть» пен «Лукойлды» санкциялық тізімге қосып, ресейлік мұнайға берілетін дисконтты тағы тереңдетті.
Иә, Вашингтон кеше санкцияның бір бөлігін жұмсартты — бірақ ол тек шетелдегі жанармай бекеттеріне қатысты, Ресей бюджетіне еш әсері жоқ.
Осылайша әлемдік саясатта жаңа қаржылық дәуір басталып жатыр: агрессор мемлекет соғыс үшін тек халықаралық сынға емес, нақты экономикалық есепке тартыла бастады. Батыстың логикасы анық — Украина соғыстың салдарын жалғыз көтермеуі тиіс, соғыстың құнын ең алдымен агрессияны бастаған тарап төлеуі керек. Егер Еурокомиссия ұсынған механизм толық іске қосылса, бұл халықаралық құқықта жаңа прецедент қалдырады: соғыс бастаған елдің бұғатталған активтері тікелей соғыс зардаптарын өтеудің қаржылық көзіне айналады.
Бұл тек Украинаға берілетін миллиардтар емес — бұл жаһандық тәртіптің қайта құрылуы. Ал Ресей үшін бұл ұзақ мерзімді әлсіреудің, саяси оқшаулаудың және экономикалық қысымның жаңа кезеңі басталғанының белгісі.
Mezgil.kz