Алматы қаласы қазақ ғылымының қара шаңырағы саналады. Ғылыми жаңалықтар, әдеби романдар, географиялық ашулар осы қалада жасалды. Алматының ғарыш саласында алатын орны да ерекше.

(Сурет rg.ru сайтынан алынды)
Қалада В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институты (АФИ) орналасқан. Бұл астрономия және астрофизика саласындағы іргелі зерттеулер жүргізетін Қазақстандағы негізгі ғылыми мекеме саналады. Жер мен ғарышты байланыстыратын небір жаңалық осы институт қабырғасында ашылуда. Институттың тарихы тым тереңде. 1941 жылы институттың іргетасын Василий Григорьевич Фесенков қалады, ал 1989 жылдан бері бұл нысан оның есімімен атала бастады.
Астрофизика институты астрономиялық бақылауларды іске асырады. Компьютерлік моделдеу, заманауи есептеу жүйелері, ЖИ арқылы ғарышты зерттеу де жұмыстың негізгі бөлігі саналады. Алматы маңындағы тау сілемдерінде ғарышты, Күнді, кометалар мен астероидтарды бақылауға мүмкіндік беретін үш база орналасқан. Міне, осы базаларды қолдана отырып тұңғиық ғарыш әлемін зерттеу процесстері жүргізіледі. Ал бақылау және зерттеу нәтижелері түрлі ғылыми мақалаға, ғылыми конференцияға арқау болуда. Институт ғарыш саласын игеруде өзге елдермен тығыз байланыс орнатқан. Соның ішінде ғаламды зертеуде алға шыққан Қытай, Ресей, Германия және басқа да елдер бар.
Алматы маңындағы обсерваториялар ғарыш әлемін кеңінен тануға мүмкіндік беруде. Бұл ғалымдарды ғана емес, туристерді де қызықтыруда. Жыл сайын мыңдаған адам обсерваторияларға тур алып, ғарыш әлеміне қол созып, жұлдызды аспанды тамашалауда. Бұл астрономияға деген жастардың қызығушылығын арттыруда.
Қалада ғарыш әлемін зерттеу үшін ғылыми ортаны қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы Energo University (Ғ. Даукеева атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) коммуникациялық және ғарыштық инженерия институтының базасында ғарыштық технологиялар бойынша ғылыми-білім беру хабы ашылды. Хабтың басты мақсаты студенттерді ғарыш әлеміне қызықтыру, ғарыштық технологияларды игеруге шақыру және баулу болып табылады. Студенттер цифрлық технологиялар арқылы ғарыш әлемін зерттеуге, түрлі орбитадағы спутниктердің онлайн жұмысымен танысуға, ғарыш әлеміне қызығатын мамандармен байланыс орнатуға қол жеткізді. Хабта барлық технологиялық мүмкіндіктер жасалған. Бұл хаб Қазақстанның ғарыш саласына үлкен үлес қосатын болады.
Ғылыми ортаға тек қана ересектерді емес, сонымен бірге балаларды да тарту маңызды. Биыл Алматыдағы Satbayev University базасында дәстүрлі форматта Kazakhstan Smart Space 2025 байқауы ұйымдастырылды. Бұл халықаралық байқау саналады. Байқау Ғарышкерлер күні қарсаңында ұйымдастырылып, оған 60-тан астам команда қатысты. Оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Франция, БАӘ, Өзбекстан және басқа елдер бар. Қатысушылар 7-22 жас аралығында болды. Олар макеттер, қолданыстағы модельдер және ғылыми-зерттеу жобалары атты бағыттар бойынша бақ сынады. Үздіктер марапатталды. Ал ең бастысы, балалар мен жастардың ғарышқа деген қызығушылығы тіпті арта түсті.
Міне, осылайша Алматы қаласы ғарыш әлемін зерттеуде өлшеулі үлес қосуда. Ғылыми база, зерттеу институттары мен ғарыш саласының мамандарының Алматыға топтасуы қаланы ғарыш саласының негізгі зерттеу орталығына айналдыруда.
Mezgil.kz