Еуропа — қарулану арқылы күшейіп, Ресей — соғыс арқылы әлсіреп жатыр...

Әлемнің әр түкпірінен соғыс дүмпуі көбірек естіле бастаған соңғы жылдары тағы бір қатал шындықты жарыққа шығарды. Ол – адамзат бейбітшілік туралы неғұрлым көбірек сөйлеген сайын, қару-жарақ зауыттарынның гүрілі соғұрлым қаттырақ естіле түсуде.

1764666513913767.jpg

(Сурет: theins.ru)

ҚАРУЛАНУ ЖАРЫСЫ: АЛЫП САНДАРДЫҢ АРТЫНДАҒЫ АЩЫ АҚИҚАТ

Стокгольмдік «SIPRI» институты жариялаған дерек бойынша, биылғы әлемдік қару сатылымы тарихта болмаған рекордтық межеге жетіп, 679 млрд долларды құраған екен. Бұл — құр статистика емес, сіз бен біз қым-қуыт тіршілік кешіп жатқан бүгінгі XXI ғасырдың мінезін айғайлап айтып, айғақтап көрсетіп тұрған көрсеткіш.

Жер шарын шарпыған соғыстар, аймақтық қақтығыстар, геосаяси жүйенің қайта бөлінуі әлемді бұрын-соңды болмаған қарқынмен милитаризация жарысына итермеледі.

Қару-жарақ нарығындағы сұраныстың өсуіне негізгі серпін берген үш алапат ошақ бар: Украинадағы соғыс, Газадағы геноцид және әлемнің түрлі бөлігіндегі бақылаудан шыққан дағдарыстар.

ӘЛЕМДІК ҚАРУ-ЖАРАҚ САУДАСЫ: КӨШБАСШЫ КІМ?

АҚШ қару экспортында әрдайым көшбасшы: биылғы сатылымы 334 млрд долларды құраған екен. Еуропа да бұрынғыдай емес, дүр сілкінген әскери машинаға айналды — континенттік әскери-өндірістік корпорациялар 151 млрд долларлық табысқа қол жеткізген. Мысалы: Чехияның «Czechoslovak Group» компаниясы рекорд орнатып, украиналық тапсырыстардың арқасында 193%-дық өсім көрген.

Әлемнің басқа аймақтарында да қызық динамика байқалады: Азия–Тынық мұхит аумағы біршама төмендесе, Жапония мен Корея керісінше әскери индустриясын жеделдетіп жатыр. Таяу Шығыс елдері де рейтингте оң динамика байқатты: Израильдің сатылымы артты, БАӘ-нің «EDGE» корпорациясы алғашқы 40-тыққа енді.

Қару-жарақ өндірісі мен саудасы туралы сөз болғанда, Еуропаның жағдайына жеке тоқталу керек. «Financial Times» зерттеуі бойынша, соңғы екі жылда Еуропадағы ірі әскери компаниялар ұзын-ырғасы 7 млн м² жерді қамтитын жаңа өндіріс орындарын пайдалануға берген. Ал «Rheinmetall» акциялары Украинадағы соғыс басталғалы 11 есе қымбаттап, тапсырыс портфелі 60 млрд еуродан асқан.

УКРАИНА СОҒЫСЫ ЕУРОПАНЫ ҚАЛЫҢ ҰЙҚЫДАН ОЯТТЫ!

Бұл дегеніңіз – бүгінгі Еуропа бұрынғы «бейбіт жатқан Еуропа емес» деген сөз. Сарапшылардың пікірінше, Еуропаның қару-жарақ жарысы — бұл жай модернизация емес, жаңа геосаяси дәуірдің іргетасы. Қазіргі қауіпсіздік архитектурасы қирап, Еуропа өзін өзі қорғаудың жаңа формуласына көшіп жатыр.

Еуропаның бұлай оянуына басты себеп – Украинадағы соғыс. ЕО елдері өз өндірісі әскери қажеттіліктің минималды көлемін де жаба алмайтынын түсінді. Ал екінші себеп – Трамптың тегеуріні. Оның изоляционистік саясаты Еуропаны «АҚШ-қа толық тәуелдіміз» деген шындықпен бетпе-бет қалдырды. Трамп Еуропаға қатаң талап қойды. Ол – «әскери бюджетке ақша салмасаң, қорғаныссыз қаласың» деген талап.

Сондықтан Еуропа тек қару шығарып жатқан жоқ — ол жаңа әскери доктрина құрып жатыр. «Әзірлік – 2030» атты қорғаныс тұжырымдамасы қабылданды. Жыл сайын 650 млрд еуро қаржыландыру, әуе қорғанысының жаңа бірыңғай жүйесі, Балтық қауіпсіздік бастамасы, Еуропалық қорғаныс қоры — мұның бәрі құрлықтың әскери тәуелсіздікке қарай бет алғанын білдіреді.

ЕО тарихында алғаш рет Еуропа армиясы туралы сөз нақты жоспармен айтыла бастады. Бұл — болашақта әлемдік әскери баланстың жаңа орталығы пайда болуы мүмкін деген сөз.

ПУТИН: БАР АҚШАНЫ СОҒЫСҚА ЖҰМСАЙМЫЗ!

Еуропа едел-жедел қаруланып жатқанда, Ресей тіпті агрессивті жолға түсіп барады. Путин қол қойған жаңа бюджет елдің қайда бара жатқанын айнадай көрсетеді: 2026 жылы Ресей шығынының 38%-ы — армия мен күштік құрылымдарға бөлінген. Бұл көрсеткіш КСРО кезінен бергі ең жоғары көрсеткіш.

12,93 трлн рубль әскери мақсатқа, 3,91 трлн – қауіпсіздік құрылымдарына жұмсалады. Ал әлеуметтік шығындар соғысқа дейінгі 38%-дан 25%-ға азайған. Экономиканы қолдауға бөлінетін қаражат 17%-дан 10%-ға дейін қысқарды. Бұл соңғы жиырма жылдағы ең төменгі деңгей. Бір сөзбен айтқанда: Еуропа — қарулану арқылы күшеюге, Ресей — соғыс арқылы әлсіреуге бағыт алған.

XXI ҒАСЫРДЫҢ КЕЛЕСІ ТАРАУЫ ҚАРУДЫҢ ҮНІНЕН БАСТАЛАДЫ

Еуропаның әскери өндірісі еселеніп жатқанда Ресей зауыттары да жұмыс істеп жатыр, бірақ айырмашылық жер мен көктей: Еуропа жүйе құрып жатыр, ал Ресей тек соғысқа жететін көлемді жасап жатыр. Бірі — болашақты ойлауда, бірі — бүгінгі күннің өртін сөндіре алмай жүр.

Әлем қазір жаңа шекара сызып жатыр. Қару-жарақ сатылымы рекорд жаңартып, елдер бірінен соң бірі қорғаныс бюджеттерін ұлғайтып жатқан кезеңде, егер Украинадағы соғыс тоқтап, АҚШ саясаты өзгерсе де, Еуропаның милитаризациясы енді кері бұрылмайды.

Бүгінгі таңдағы ең үлкен сұрақ: жаңа реализм дәуірінде Еуропа қандай күшке айналады? АҚШ-қа тең серіктес пе, әлде болашақ бәсекелес пе? Бірақ бір нәрсе анық: XXI ғасырдың келесі тарауы қарудың үнінен басталады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар