Алматы бүгінде цифрлық қауіпсіздік пен цифрлық сауаттылықтың стратегиялық орталығына айналды. Оның мәні мен мазмұны туралы кеңінен баяндаймыз.
(Сурет primeminister.kz сайтынан алынды)
Елімізге күн сайын мыңдаған кибершабуыл жасалады. Бұл қарапайым ақпараттық сайттардан бастап, ауқымды мемлекеттік органдар және стратегиялық маңызы бар нысандарды да қамтиды. Қаскөйлер азаматтардың жеке деректерін ұрлауға, мемлекеттік құпия құжаттарға қол жеткізуге, банк секторы мен қаржы нарығын әбігерге салуға тырысады. Кейде тіпті ғимараттардың сыртындағы LED экрандарды да өз бақылауына алып, бейәдеп бейнелер жариялап, бұрмаланған ақпараттарды таратуға тырысады. Бұл әрекеттің барлығы дерлік заңсыз және мемлекеттің қызмет ету функциясына кері әсерін тигізеді. Қазақстан билігі бұл шабуылдарға қарсы тұруға барын салуда.
2017 жылы Қазақстан киберкеңістікті қорғауға нықтап кірісті. «Қазақстанның киберқалқаны» атты концепция пайда болды. Бұл концепция араға 8 жыл салып әлі де қызмет етуде. Әлбетте, 8 жылда киберкеңістікте үлкен өзгеріс болды. Жаңа технологиялар дамуда, ЖИ жаңа әлемдік жүйені орнатуға үлес қосуда. Өзгерістерге байланысты киберқалқан концепциясы да толықтырылып, өзгеріп жатыр. Жаңашылдыққа байланысты ұдайы толықтырылып тұратыны да анық.
2017 жылы, концепция қабылданған сәтте мамандар оны былай түсіндірді. «Компьютерді қолданушылар саны артып келеді. Сәйкесінше компьютерді зақымдайтын зиянды бағдарламалар саны да көбейіп, тарау жиілігі артты. Бұл смартфондар мен планшеттерге де қатысты. Хакерлер пайдаланушылардың санын артқанын ескере отырып, түрлі зиянкес бағдарламалар санын арттыруда. Шабуыл да үдей түсті. Көптеген қолданушылар интернеттегі қауіптілікті ескерместен, тексерілмеген сайттарға кіріп, бағдарламаларды жүктеп алады. Солайша жеке деректерін және банктық ақпараттарын хакерлердің қолына өткізіп беруде. Міне, осы ретте цифрлық алаңдағы қауіпсіздікті күшейтуге тиіспіз. Цифрлық гигиена да қалыптасуы шарт», - деді.
2017 жылғы зерттеулер бойынша Қазақстан азаматтарында цифрлық сауаттылық деңгейі төмен саналды. Цифрлық кеңістікте базалық қауіпсіздік тақырыптарын білмеді. Алматы бұл тұрғыдан алғаш болып цифрлық сауаттылықты үйрете бастады.
Алматы бүгінде цифрлық қауіпсіздік пен цифрлық сауаттылықтың стратегиялық орталығына айналды. Қалада IT-ресурстар мен оқу орындарының топтасуы Алматыны цифрлық сауаттылық мәселесінде алға шығарды. IT-инкубаторлар мен технопарктер, бағдарлау жүйелері мен цифрлық қауіпсіздік курстары Алматыны киберкеңістіктегі қауіпсіздіктің авангарды етті.
Қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың көп болуы да цифрлық сауаттылық мәселесінде алға жылжуға мүмкіндік жасауда. Үкіметтік емес ұйым өкілдері «Цифрлық сауаттылық», «Интернет және мен» іспеттес жобаларды жүзеге асырып, жастар мен қала тұрғындарына тегін курстар өтуде.
Қала билігі ауқымды стратегияны қабылдады. Ол «Smart Almaty» деп аталады. Стратегия 2020-2025 жылдар аралығын қамтиды. Ол бойынша қаладағы цифрландыру жүйесін дамыту, қала тұрғындарының цифрлық сауаттылығын күшейту, қаланы цифрлы ситиге айналдыру және басқа мәселе қаралды. Бұл стратегия «Қазақстан киберқалқаны» концепциясымен үндес саналады.
Жыл сайын Алматы қаласында «Digital Almaty» цифрлық халықаралық форумы ұйымдастырылып тұрады. Форум әлемнің жетекші мамандарын, сақа сарапшыларын бір алаңға жинап, цифрлық әлемнің жаңалықтарын талдап, ұсыныстар жинақтайды. Бұл тек ақпарат алмасып, ой бөлісу алаңы емес, сонымен бірге шешім орталығына да айналуда.
Алматы бүгінде үлкен цифрлық орталыққа айналды. Президенттің цифрландыру бойынша тапсырламалары қалада аса жоғары қарқынмен іске асуда. Қазірдің өзінде қалада 4 трлн теңгеге жуық IT-қызмет орналасқан. Бұл еліміздегі үлестің 53 пайызы деген сөз. Қалада Alatau Creative HUB, Farabi Hub сынды орталықтар да жұмыс істеп жатыр.
Жақында ғана Алматыда Almaty Digital Medical Center атты цифрлық медицина орталығы іске қосылды. Бұл еліміздегі осы типтегі алғашқы орталық. Осының өзі Алматының цифрлы қауіпсіздік пен кеңістіктегі рөлін айқындаса керек.
Цифрлық медицина орталығын құру арқылы қаладағы денсаулық сақтау жүйесінің қызметін ашық ету жоспары қойылуда. Бұл жүйе қаладағы емханалар мен ауруханалардың қызметін бақылауға, тұрғындармен байланысын жетілдіруге мүмкіндік береді. Ақпараттық-сараптамалық орталық, ортақ 1312 байланыс желісі, виртуалды дыбыстық көмекші, телемедицина қызметі және басқа қызметтер бір орталыққа жүйеленуде.
Ортақ 1312 байланыс желісі арқылы қала тұрғындарының медицина саласына, қызметкерлеріне қатысты сұрағы бір орталыққа жинақталады. Бұл емхана қызметкерлерін өз қызметіне көбірек көңіл бөлуге жағдай жасайды. Осылайша науқастар дәрігерге жазылуда уақыт ұтады, ал медицина қызметкерлері сұрақтарға алаңдамайды. Сарапшылардың ойынша бұл жүйені іске қосу арқылы дәрігерлер мен науқастардың уақытын 20 пайызға үнемдеуге болады.
Цифрлық медицина орталығында онлайн кеңес алу жүйесі де іске қосылған. Онда гинеколог, кардиолог, невропатолог, аллерголог, фтизиатр, хирург, офтальмолог, эндокринолог, реабилитолог, инфекционист, маммолог, уролог және басқа мамандар кеңес береді.
Almaty Digital Medical Center орталығы әлемдік тәжірибелерді ескере отырып құрылды. Бұл жай ғана цифрландыру емес, бұл жалпы медицина саласындағы қызметтік жүйені заманауи өзгеріске енгізу деуге болады.
Осылайша Алматы қаласы Қазақстанның цифрлық қауіпсіздігінде, цифрлық сауаттылығында, цифрлық трансформациясында үлкен рөл ойнауда. Қаладағы оқу орындарының көп болуы, IT мамандардың алып шаһарға шоғырлануы, жаңа технологияның қалаға көптеп тартылуы және қаланың инвестициялық тартымдылығы, ұтымды шешімдердің дер кезінде қабылдануы Алматына цифрлық саланың авангардына айналдырды.
Mezgil.kz