Татар ағайындардың «Орыстар әуелі – Пушкинін, одан соң – пушкісін әкеледі» деген тамаша мақалы бар.

(Сурет: check-point.kz)
Қазір Тәуелсіз Қазақстанда қазақтар молынан шоғырланған аумақтарда бір кездері кеңестік және патшалық дәуірде орыс империясы өзгерткен тарихи жер-су атаулары қалпына келтірілді һәм келтіріліп жатыр. Билік ел-жұртты жиып ала-шапқын болған жоқ. Ал, енді славян тектестер басым қоныстанған өңірлерде «Ескі Қазақстаннан» мұраға қалған ескі әдіске салып, қоғамдық талқылау өткізіп шешудің соңы елішілік дауға ұласуда.
Бұның себебін сол кездегі билік «жікшілдікке жол бермеу» деп түсіндіріп, Ресейдің тасада тұрған реваншистік пиғылын ұлт патироттарынан тасалауға тырысты. «КСРО 02» идеясымен ауыратын, «қазақтарға біз қала салып бердік» деп көкитін топ қазақ билігінің осы саяси балаңдығын әлі күнге «Астананың Мәскеу алдындағы әлсіздігі» деп санап жүр.
Сөзіміздің жарқын мысалы: Биыл қазақ жазушысы Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығына орай Абай облысы Бродулиха ауданы Бородулиха ауылындағы Н.Островский атындағы мектепке жазушының атын бермек болып, бастама көтерілген. Сонда зейнет жасындағы қос кемпір: «Біз өлмей мектептің атын өзгерте алмайсыңдар», - деп шорт кескен. Бұл ешбір әлеуметтік желі мен БАҚ беттеріне шықпаған жер-су мен көше аттарын өзгертуге деген қарсылықтың бір парасы ғана. Бұлай айтқан қос кемпір Қазақстан тәуелсіздік алған жылы тұп-тура 30-да екен. Бүгінде жарты өмірін Тәуелсіз Қазақстанда өткізіп жатып, сөйлеген сөзінің ауаны осы...
Бұл бүгінгі билікке бір ғана жайды наұтылайды: Ол – 30 жылдан аса тәуелсіз елде өмір сүріп, әлі империялық астамшылық дертінен арылмаған жандарға енді басқаша көзқараспен қарап, басқаша шара қолдану керек деген сөз!
Отаршылықтан мұраға қалған «бомба» жуырда Рудныйда жарылды. Әңгіме Рудный қаласындағы қоғамдық тыңдауда болған оқиғаға қатысты. Қаладағы көше атауларын қазақшалауға қатысты өткен отырыста жергілікті белсенді Екатерина Корчагина сөз сөйлеген тұста регламенттен асып кеткен. Бетінен ешкім қақпаған Корчагина артынша әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтарды «шошқаға» теңеп, қорлай сөйлеген. Құзырлы органдар «шошқаға» теңеуін жайына қалдырып, тек әкімшілік сот оның үстінен 20 АЕК көлемінде (78 640 теңге) айыппұл салып, жазалаған.
Қазақ жұрты осындай Катялар мен Машаларды бұтына тышқыза шабаландырмай, десоветизация мен деколонизация туралы Заң қабылдайтын уақыт жетті!
Mezgil.kz