Ресейдің Украинаға қарсы соғысы төртінші жылға созылған сайын Кремль құрған «экономикалық тұрақтылық» туралы мифтер біртіндеп күйреп, шынайы салдар күнделікті өмірдің ең қарапайым деңгейіне дейін жетіп отыр.

(Сурет: hromadske.ua)
Ресей қалаларында түн сайын сирена үні ұйқыны бұзып, елдің әр аймағына жасалып жатқан дрон және ракета соққылары қақтығыстың оғы шекарадан асып, Ресейдің өзіне айналып соққанын көрсетеді.
СОҒЫСТЫҢ САЛДАРЫ: РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ КҮЙРЕП ЖАТЫР...
Алайда бүгінгі ең ауыр белгі — соғыстың экономикалық салдары. Бұған дейін Кремль мақтанышпен айтқан «қарқынды өсім», «импортты алмастыру» секілді ұрандардан қалғаны — қағаздағы цифрлар ғана, ал шынайы өмірде ресейліктер бағаның жалақыдан жылдамырақ өсіп, қарапайым азық-түлікке дейін үнемдеуге көшкенін айтып жатыр. Соғыстың басында әскери шығындардың әсерінен уақытша байқалған экономикалық серпін бүгінде толық өшті: тұтыну сұранысы әлсіреп, инфляция ресми түрде төмендеді. Оның басты себебі — халықтың қалтасының жұқаруы.
Экономиканың жүрек соғысын білдіретін бөлшек саудада жағдай одан да ауыр: үшінші тоқсанда жабылған дүкендердің жартысына жуығы — киім-кешек сататын орындар. Ал электроника нарығы соңғы отыз жылда болмаған құлдырауға түсті. Автокөлік сатылымы да төмендеп барады, жанармай бағасы үздіксіз өсуде. Оған себеп — Ресейдің өз ішінде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарына жасалып жатқан Украина шабуылдары. Бұрын Ресей экономикасының қозғаушы күші саналған болат, энергетика және тау-кен салалары да дағдарыстың тереңіне батып барады. Бюджет тапшылығы жыл соңына қарай ЖІӨ-нің 2,6 пайызына жетеді деген болжам бар, бұл соғыс Кремль ойлағаннан да қымбатқа түсіп жатқанын дәлелдейді.
ЕУРОПА: УКРАИНАНЫҢ ӘСКЕРНІ ШЕКТЕУ – РЕСЕЙДІҢ ҚАҚПАНЫ...
Сонымен бірге Ресейдің халықаралық жағдайы да ауырлай түсті. Кремль ұсынып жүрген «бейбіт жоспарлардың» мәні Украинаны әлсіретуге, әсіресе оның әскерін шектеуге бағытталғаны түсінікті. Алайда бұл тактика Батыста қолдау табар емес. Еуропалық дипломатия жетекшісі Кая Каллас Украинаға шектеу қою — Ресейдің қақпаны екенін ашық айтты.
«Егер әлем нағыз бейбітшілік қаласа, онда шектеулер жәбірленушіге емес, агрессорға қойылуы тиіс», - дейді Каллас ханым.
Финляндия сыртқы істер министрі Элина Валтонен де: «Украинаға қойылатын талап Ресейге дәл сондай, тіпті қатаң түрде қойылуы керек», - деген пікір білдіріп, Кремльдің манипуляциясын ашып көрсетті.
Украина президенті Владимир Зеленский де осы ойды қуаттайды: «Әлем қысымды Украинаға емес, соғыстың жалғыз себепшісі — Ресейге жасауы керек. Украина армиясының күн сайынғы нәтижесі, арнайы қызметтердің дәл соққылары және РФ аумағындағы стратегиялық нысандарға жасалған операциялар Украинаның өзін де, әлемдік қауіпсіздікті де қорғауға қабілетті екенін дәлелдеп отыр», - дейді.
АЗИЯ РЕСЕЙДІҢ АРҚАСЫНА ПЫШАҚ СҰҒУДА...
Экономикалық қысым тек Батыстан емес, Ресей үміт артқан Азиядан да күшейе бастады. «S&P Global» деректері қарашада Ресейдің негізгі азиялық елдерге мұнай-химия өнімдерін экспорттауы 60-80 пайызға құлдырағанын көрсетті.
Үндістан ресейлік импорттың 57 пайызын қысқартса, Қытай — 73 пайызға, Тайвань — 79 пайызға дейін азайтқан. Үнді компаниялары ресейлік жеткізілімнен мүлдем бас тартуы мүмкін деген болжам бар, ал Тайваньның ірі импортері «Formosa Petrochemical» да Ресеймен байланысын үзу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл тек нарықтағы өзгеріс емес — геосаяси бағыттың өзгеруі. Әлем Ресей энергоресурстарына сенімсіздікпен қарай бастағанын анық көрсетуде.
Осының бәрі — дрондардан бастап, дүкендердің жабылуына, халықтың кедейленуінен халықаралық нарықтан ығыстырылуға дейінгі процестер — бір ғана нәрсені көрсетеді: Ресей соғысты жалғастырып келеді, бірақ уақыт оның жағында емес. Экономика әлсіреп жатыр, одақтас іздеген сайын серіктестер азайып барады, ал әлемдік нарықтан тықсырылған сайын ішкі жағдай тіпті ауырлай түсуде. Кремльдің бұл соғысты аяқтауға ниеті жоқ болуы мүмкін, бірақ экономика мен халықаралық оқшаулану Ресейдің болашақтағы ең үлкен қарсыласына айналуда.
Mezgil.kz