Қазақ-түрікмен қатынасы: Астана мен Ашхабадтың әріптестігі не береді?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердымұхамедов соңғы жылдары екіжақты байланыстарды жоғары деңгейде ұстап, саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтырып келеді. Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары Астана мен Ашхабат қарым-қатынасының стратегиялық әріптестік деңгейіне жақындауына жаңа серпін берді. Аймақтағы геосаяси турбуленттілік, энергия нарығындағы өзгерістер және цифрлық технологиялардың жедел дамуы жағдайында екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің маңызы арта түсуде. Қазақстан мен Түрікменстан көлік-логистика, энергетика, өңірлік қауіпсіздік, инновациялар және цифрландыру сияқты салаларда бір-бірін толықтыратын маңызды әріптестерге айналып келеді. Тарихи-рухани байланыстардың да саяси ынтымақтастықты бекемдеудегі рөлі ерекше. Бұл үдерістердің барлығы екі ел қатынастарының болашағына қатысты өзекті сұрақтарды туындатады.


Turkmen_Kazakh-flags.jpeg


Осы мәселелер аясында біз Президент жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының қолданбалы зерттеулер институты директорының орынбасары Әйгерім Бахтияровамен сұхбаттасып, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы серіктестіктің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқыладық.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердымұхамедов екіжақты байланыстарды жоғары деңгейде ұстап келеді. Сіздің ойыңызша, бұл мемлекеттік сапар Астана мен Ашхабат қарым-қатынасын стратегиялық әріптестікке қалай жақындатады?

 

Мемлекет басшысы Түрікменстанды Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар ел ретінде қарастыратынын атап өтті. Мұның бірқатар себептері бар. Біріншіден, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық нығайып келеді. Орталық Азия елдерімен салыстырмалы түрде тауар айналымы қарапайым деңгейде болса да, екі мемлекет те бұл көрсеткішті миллиард долларға жеткізуге мүдделі екендігіне сенім білдірді. Қазіргі таңда Қазақстан Түрікменстанға қосымша құны жоғары өнімдерді экспорттап жатса, Түрікменстан ауыл шаруашылығы өнімдері мен газды жеткізіп отыр. Табиғи шикізат тұрғысынан Ашхабадтың әлеуеті жоғары, ондағы газ конденсатты кен орындарын игеру Қазақстан үшін энергетика көздерін диверсификациялау тұрғысынан өзекті болып табылады.

 

Екіншіден, жүк тасымалдау тұрғысынан Қазақстан мен Түрікменстан «Оңтүстік–Солтүстік» халықаралық дәлізінің және Ашхабад келісімінің қатысушылары болып табылады. Бұл өз кезегінде біздің мемлекетке құрлықтағы жолдар бойынша Түрікменстан территориясы арқылы ирандық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

 

Үшіншіден, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестициларды өзара көтермелеу және қорғау жөніндегі келісімді ратификациялау бойынша заңға қол қойды. Бұл стратегиялық әріптестік тұрғысынан елдер үшін кәсіпкерлердің мүдделері мен қызығушылықтарын ілгерілетуге, олардың заңды құқықтарын қорғауға, салық жеңілдіктерін қамтамасыз етуге және виза алу үдерісін жеңілдетуге мүмкіншілік тудырып отыр.

 

Төртіншіден, Түрікменстан өз сыртқы саясатында тұрақты бейтараптық позициясын ұстанатын мемлекет болғандықтан ол бейбіт және келісімге негізделген қарым-қатынасты құруға мүдделі. Сол себепті, Орталық Азиядағы елдер арасындағы ықпалдастықтың нығаюымен аймақтық ұйымдардың белсенділігіне байланысты Қазақстан үшін де, Түрікменстан үшін де стратегиялық әріптестікті дамыту маңызды болып табылады. Және Сердар Бердымухамедовтың біздің елімізге мемлекеттік сапары мен екі ел президенттерінің уағдаластықтары осыған үлкен серпіліс беретіні сөзсіз.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел қатынастарының тарихи негізін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету қажеттігін айтты. Осы үндеу аясында Қазақстан мен Түрікменстан ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығару үшін қандай бағыттарды күшейту маңызды деп ойлайсыз?

 

Ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарудағы өзекті бағыттарды атап айту үшін ең алдымен осы екі елде соңғы уақытта орын алған экономикалық және инновациялық өзгерістерге шолу жасау керекпіз деп ойлаймын. Мысалы, бүгінгі уақытта әлемді шарпыған цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларының дамуы аясында Қазақстан мен Түрікменстанда бірқатар маңызды құжаттар мен тұжырымдамалар қабылданды. Мысалы, Түрікменстанда Цифрлық экономиканы дамыту бойынша тұжырымдаманың, Қазақстанда «Жасанды интеллект» бойынша заңның қабылдануы осы елдерде цифрлық шешімдерге негізделген жаңа бағыттардың дамып келе жатқандығын білдіреді. Осы орайда, екі мемлекет IT, креативті индустрия, цифрлық консалтинг, AI басқару, өнеркәсіп пен жаңа технологиялар салаларында білім алмасып, жаңа тәжірибелерге қол жеткізе алады.

 

Сонымен қатар, еларалық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде аймақтық қауіпсіздік саласын да сөз еткен жөн. Территориялық орналасу тұрғысынан Түрікменстан ауғандық және ирандық жерлемермен шекаралас жатыр. Соңғы уақытта Ауғанстанда орын алған жер сілкінісі, ондағы Талиб режимін инклюзивті халықаралық ортаға бейімдеу мәселелері, Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық Түрікменстанды өз сыртқы саясатында белсенділік танытуға итермелеп отыр. Осыған орай, екі мемлекет әскери білім және тәжірибе алмасу мен гуманитарлық қолдау көрсету бойынша ынтымақтастығын арттыра алады деп ойлаймын.

 

Үшіншіден, бүгін екі ел C5+1 форматы, Орталық Азия мемлекет басшыларының Консультативтік кездесулері және Түркі елдері ұйымы шеңберінде бірқатар аймақтық маңыздылығы бар уағдаластықтарға қол жеткізген. Оның ішінде 2024 жылы қабылданған «Орталық Азия–2040» тұжырымдамасына тоқтала кеткен жөн. Себебі бұл құжатта аймақтағы елдер, оның ішінде Қазақстан мен Түрікменстан, жасыл энергетика, көлік және жүк тасымалдау, сауда және өнеркәсіп кооперациясы мен тағы да басқа салаларды бірге дамытуға келіскен. Сол себепті, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге шығару потенциалы өте жоғары және болашағынан зор үміт күттіреді деп ойлаймын.

 

Қазақстан мен Түрікменстан – энергетика нарығындағы ірі ойыншылар. Газ саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қандай мүмкіндік бар деп ойлайсыз? Екі ел бәсекелес емес, керісінше өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз ете алатын және қажет болса, экспорттық саясаттарын үйлестіре алатын серіктестерге айнала ала ма?

 

Жалпы Орталық Азиядағы еларалық қарым-қатынастардың бәсекелестіктен өзара тиімді әріптестік орнатуға көшуі аймақтық парадигманың, саяси ойлау жүйесі мен көзқарастың өзгергендігінің айқын көрінісі. Оның дәлелі ретінде Мемлекет басшысының жақында Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезіндегі сөздері арқау бола алады. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ-өзбек қарым-қатынасы бәсекелестікке емес, сенімді одақтастыққа негізделген деп нақты айтқан болатын. Дәл осындай сенімге негізделген серіктестікті нығайтуға қазақ-түрікмен тараптары мүдделі. Сол себепті энергетика нарығындағы Орталық Азиядағы ірі ойыншылар болып саналатын Қазақстан мен Түрікменстан газ саласындағы ынтымақтастықты тереңдете алады деп ойлаймын. Қазір екі ел тарапынан QazaqGaz бен Түрікменгаз ұлттық газ компаниялары бірлескен жобаларды іске асыруда.

 

Түрікменстан нарығында қазақстандық кәсіпкерлер үшін (ұн, астық, металл өнімдері) қай бағыттар ең қолайлы деп есептейсіз?

 

Қазақстанда соңғы уақытта агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Бұл ұлттық экономикамыздың әлеуеті жоғары сала болып табылады, ресми ақпарат бойынша агроөнімдерді экспорттау бүгінгі таңда 4,7 млрд долларға дейін өскен. Сол себепті қазақстандық кәсіпкерлер үшін еліміздің табиғи ресурстарын тиімді қолдана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдері, қайта өңделген өнімдерді, ұн және бидай өнімдерін тасымалдау тиімді деп есептеймін. Осыдан бөлек, Қазақстан бүгінгі таңда білім және ғылым салаларына үлкен көңіл бөлуде, елімізде шетелдік топ университеттердің филиалдары ашылып, кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осындай іспеттес ахуалдарды кәсіпкерлер тиімді пайдалана алса, Түрікменстанға заманауи білімдерді экспорттау бойынша жұмыспен шұғылдануға болар еді.

 

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынас терең тарихи-рухани ортақтыққа сүйенеді. Бүгінгі прагматикалық заманда осы гуманитарлық байланысты нығайтудың мәні қандай? Екі ел лидерлерінің ортақ мәдени мұраға айрықша көңіл бөлуі саяси серіктестікті қаншалықты бекемдей алады?

 

Әрбір саяси серіктестіктің өзегінде түрлі салаларға негізделген ортақ мүдделер болады. Соның ішінде мәдени мұраға көңіл бөлу – бұл тек Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзекті мәселе емес, бұл жалпы еларалық қарым-қатынастарды нығайтудағы тиімді құралдардың бірі болып табылады. Тарихи тамыры сабақтасқан Қазақстан мен Түрікменстан бүгінгі таңда түркі әлемін дамытуға айрықша үлесін қосып келе жатыр және бұл саяси серіктестікті терең бекемдей алады деп ойлаймын. Себебі, мысалы Түркі мемлекеттері ұйымының шеңберінде қабылданып жатқан шешімдердің мәдени-гуманитарлық мән-мағынасы зор. Түркі академиясы базасында Түркі әлемін зерттеушілер клубын құру туралы шешім осының айқын дәлелі. Бұл мәдениет пен ғылым саласында тек екіжақты ғана емес көпжақты қарым-қатынасты нығайтып, саяси ықпалдастықты одан әрі арттырады деп ойлаймын.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар