Парламенттік сайлау: Қырғызстанда кімдер төңкеріс жасамақшы?

Қырғызстанда 30 қарашаға белгіленген кезектен тыс парламент сайлауы қарсаңында елде саяси ахуал шиеленісіп тұр.

1764068841675261.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Елде 21 партия науқанға қатысуда, парламенттің жаңа құрамында 90 депутат сайланады: оның 54-і партиялық тізіммен, 36-сы мажоритарлық округтерден. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 29 қазанда басталып, елде саяси қысым мен репрессияның белгілері көріне бастады.

Президент Садыр Жапаров жуырда: «Қырғыздар, төңкеріс дегенді аты-затымен ұмытасыңдар. Ол жайлы ойлаушы да болмаңдар», - деп мәлімдеді. Алайда дәл осы сөзден кейін құқық қорғау органдары бірқатар саясаткерлер мен белсенділерге қарсы операция жүргізіп, оларды ұстап, үйлерін тінтті.

22 қарашада Бішкекте бірсыпыра саясаткерлер қамалып, тергеуге алынды. Оларға тағылған айып — төңкеріс жасауға әрекеттенді.

Ұсталғандар арасында экс-президент Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаева, оның ұлы Қадыр Атамбаев, генерал Сыймық Жапыкеев, экс-депутаттар Қуанышбек Қадыров мен Шайлообек Атазов, Социал-демократтар партиясының лидері Темірлан Сұлтанбеков, партия өкілі Ермек Ерматов және тағы екі ұсақ лауазымды тұлға бар. Көпшілік ақпарат құралдары мұны сайлау алдындағы қысым деп бағалады.

Осылардың ішінде ерекше назар аударарлық адам — Адахан Мадумаров. Қырғыз Ұлттық қауіпсіздік қызметі оның үйін, кеңсесін, телефонын, компьютерлерін, құжаттарын, сейфін түгел тәркілеп кеткен. Мадумаров оңай шағылатын жаңғақ емес. Отыз жылдан аса уақыт бойы Қырғыз оппозициясында белсенді, Парламентте сөзінің ащылығы мен түрінің сұстығы белгілі. Ол үкіметтің министрлерін сынап, Президент Жапаровты «жерден алып, жерге салатын».

Жапаров-Ташиев тандемімен ашық айқас, тепкілескен текетірес Жээнбековті құлатқан түннен басталған. Қырғыз қоғамы үш саяси лагерьге бөлінген: біреуі — Жапаров-Ташиев, екіншісі — Мадумаров-Искаков, үшіншісі — Бабанов-Атамбаевтар. Ел тізгінін ұстауға нақты таласты тек Жапаров пен Мадумаров топтары жүргізді. Ал Мадумаров пен Ташиев текетіресі Қырғыз-Тәжілік арасындағы шекара бөліс мәселесінде ушықты. Мадумаров Ташиев жетекшілік еткен Қырғыз делегациясының шешімдеріне ашық қарсы шықты, әсіресе Кемпірабад мәселесінде ашық төбелеске түсті. Парламентте бір-біріне қоқан-лоқылар айтылып, «Аяқ-қолыңды сындарам», «түрменің түбінде шірітем» деген сөздер күнде айтылып жатты. Ақырында Жапаров-Ташиев тандемі аралық шайқасты жеңіп, Мадумаров қысқа мерзімге қамалды, бірақ кейін сотта бостандыққа шықты. Парламентке қайтып оралмағанымен, оның саяси ықпалы әлі де сезіледі.

Қырғыз қоғамы Жапаров-Ташиев тандеміне екіге бөлінді. Бірі: «Екі дос Қырғыз үшін күн-түн демей жұмыс жасайды, оң өзгерістер көп», ал екіншісі: «Билікті узурпациялады, сөз бен ақпарат еркіндігін шектеп, оппозицияны жойды» деп сынайды.

Соңғы апталарда сыни пікірлер көбейді. Негізгі себептер — энергетикалық дағдарыс, кешкі оннан кейін жарықсыз қалған халықтың билікке өкпесі, баспасөз бен азаматтық қоғам еркіндігінің шектелуі, үкіметтік емес ұйымдардың жабылуы, сондай-ақ экс-президент Атамбаевтың мәлімдемелері мен Жапаров мен отбасының жемқорлық айыптары. Сонымен қатар, сыртқы қарыздың өсуі, биліктің қым-қуыт саясаты, кейбір стратегиялық нүктелерге бақылау жүргізу – бәрі қоғамдағы анти-атмосфераны күшейтуде.

Сайлау алдындағы репрессия, қамаулар және Мадумаров-Ташиев арасындағы текетірес Қырғызстанның саяси ахуалын күрделендіріп, қоғамдағы әртүрлі лагерьлерді айқын көрсетіп отыр. Билік тарапынан қолданылған «Қамшының» әсері алдағы күндері де сезіледі, ал елде сайлаудың легитимділігі мен саяси тұрақтылық басты сын-қатерге айналып отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар