Женевадағы дипломатиялық айқас: АҚШ пен Еуропа ортақ шешімге келе ме?

АҚШ Украинадағы соғысты реттеу үшін 28 тармақтан тұратын бітім жоспарын ұсынған сәттен бастап, батыстың саяси аренасы лап етіп тұтанғандай болды.

1763980946935481.png

(Сурет: chatgpt.com)

Батыс бірауыздан дерлік: «Жоспар Вашингтонда дайындалғанымен, оның мәтініндегі кейбір тұстар «орыс көзқарасы» әсерімен жазылған», - деп сынады. Тіпті мұндай айыптауларды АҚШ-тың өз парламент мүшелері мен америкалық БАҚ ашық айтты. Сол қысымнан кейін Еуропа бір қадамға барып, өз нұсқасын — 24 тармақтан тұратын балама бітім жоспарын ұсынды.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ: ЕУРОПА НЕ ҰСЫНАДЫ?

Еуропаның бұл жоспары АҚШ-тың ұсынысынан түбегейлі өзгеше: Вашингтон Ресейге маңызды жеңілдіктер беруді қарастырса, Брюссель керісінше, Украинаның егемендігін қатаң қорғайтын, қауіпсіздік кепілдіктерін күшейтетін бағытты таңдады. The Telegraph жариялаған ЕО құжаты қазір Женевадағы келіссөздер үстелінде АҚШ пен Украина делегацияларының басты талқысына айналып отыр.

ЕО-ның  24 тармақтан тұратын жоспары:

1) Соғыстың тоқтатылуы мен қайталанбауын қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді бейбітшілік пен қауіпсіздік негізін құру туралы келісімдер;

2) Қақтығыс тараптары әуеде, құрлықта және теңізде толық әрі шартсыз атысты тоқтату режимін сақтауға міндеттеледі;

3) Екі тарап АҚШ және еуропалық елдердің қатысуымен атысты тоқтатуды техникалық бақылау тетігі бойынша дереу келіссөздерге кіріседі;

4) АҚШ басшылығымен енгізілетін халықаралық бақылау жүйесі спутник, дрон және басқа технология арқылы қашықтан мониторинг жүргізеді және қажет болғанда жерүсті тергеу компонентін пайдаланады;

5) Атысты тоқтату бұзылған жағдайда хабарлау, тергеу және түзету механизмдері құрылады;

6) Ресей халықаралық серіктестердің қолдауымен депортацияланған барлық украин балаларын сөзсіз қайтарады;

7) Тараптар барлық әскери тұтқындарды «барлығына» қағидаты бойынша алмастырады, Ресей барлық бейбіт тұрғындарды босатады;

8) Атысты толық тоқтату орнағаннан кейін гуманитарлық қадамдар жасалады, отбасылардың байланысуы үшін қақтығыс сызығы арқылы өтулер ұйымдастырылады;

9) Украинаның егемендігі толық құрметтеледі, оған бейтараптықты мәжбүрлеу болмайды;

10) Украина НАТО-ның 5-бабына ұқсас заңды қауіпсіздік кепілдіктерін, соның ішінде АҚШ-тан алады;

11) Украина армиясына, қорғаныс өнеркәсібіне және халықаралық әскери ынтымақтастыққа ешқандай шектеулер қойылмайды;

12) Кепілгер мемлекеттер еуропалық және еуропалық емес елдерден тұрады, Украина өз аумағындағы достық күштердің орналасуы туралы өзі шешеді;

13) Украинаның НАТО-ға мүшелігі альянс ішіндегі консенсусқа байланысты шешіледі;

14) Украина ЕО-ға толыққанды мүше болады;

15) Украина ядролық қарусыз ел мәртебесін сақтауға дайын;

16) Аумақтық мәселелер тек толық атысты тоқтатудан кейін қаралады;

17) Аумақтық келіссөздер қазіргі бақылау сызығынан басталады;

18) Аумақтық келісім жасалған соң, тараптар шекараны күшпен өзгертпеуге міндеттеледі;

19) Украина АҚШ қатысуымен Каховка ГЭС-ін, Запорожье АЭС-ін бақылауын қайтарып алады;

20) Украина Днепр бойымен кедергісіз өтуге және Кинбурн жерін бақылауға ие болады;

21) Украина мен серіктестері шектеусіз экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

22) Украина толық қалпына келтіріледі және қаржылық өтемақы алады, бұғатталған Ресей активтері залал толығымен өтелгенге дейін қайтарылмайды;

23) 2014 жылдан бергі санкциялар тұрақты бейбітшілік орнағаннанкейін біртіндеп және шартты түрде жеңілдетіледі;

24) ЕҚЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің қатысуымен жаңа еуропалық қауіпсіздік архитектурасы бойынша келіссөздер басталады.

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ АЙҚАС ЖЕНЕВАДА ЖАЛҒАСУДА...

Ал Женевада дипломатиялық айқас жалғасуда. Бір жағында – АҚШ-тың Трамп әкімшілігі дайындаған жоспар, екінші жағында – еуропалық балама. Үстел басында Украина өз тағдырын анықтайтын шешуші тармақтарға түзетулер енгізуге тырысып жатыр. Ермак пен Рубио башылығындағы командалар күні-түні жұмыс істеуде, ал Зеленский америкалық тараптың Украина талаптарын тыңдауға дайын болуы — ең маңызды сигнал деп отыр.

Осындай геосаяси қызу сәтте, назардың барлығы Еуропаның 24 тармақты жоспарына ауған. Себебі бұл құжат — Украина соғысының тағдырын анықтайтын жаңа контур, жаңа еуропалық жауап. Женевада дәл осы тармақтар негізінде қызу сауда жүріп жатыр.

Ермак келіссөздерді «өте өнімді» деп сипаттаса, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рубио «бүгін таңертеңгіге қарағанда әлдеқайда алға жылжыдық» деп мәлімдеді. АҚШ пен Украина бірқатар тармақтарға түзетулер енгізіп үлгерген, ал соңғы сөз — Трамп пен Зеленскийде.

Зеленскийдің өзі де екі рет Трампқа алғыс айтып, соғысты тоқтатудың және қайта басталуына жол бермеудің мәнін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Ресей бұл соғысты аумақ үшін емес, «басқаларды жаулап алу құқығы» үшін жүргізіп отыр.

Ал Рубионың айтуынша, жоспарды Алғыс айту күнінен бұрын аяқтау мүмкін емес, бірақ жақын уақытта келісім болатынына сенімді. АҚШ та, Украина да — бұл процесті «оптимизммен» жалғастырып жатыр. Егер Еуропаның 24 тармағы, АҚШ-тың түзетілген жоспары және Украинаның талаптары бір арнаға тоғысса — соғыстың жаңа кезеңі басталады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар