Қаш, Мадуро: Ресейге сенген тағы бір президенттің билігі құлауға жақын

Венесуэла басшысы Николас Мадуроның басына күн туды. АҚШ-тың тегеуріні қатты. «Мадуроны биліктен түсірмей, тыным таппаймыз», - деп табандап отыр. Ал Мадуро болса Трампты райынан қайтара алмай шыр-пыр болуда.

1763456987732865.jpg

МАДУРО БИЛІККЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Николас Мадуро Венесуэла билігіне бұрынғы президент Уго Чевес өлгеннен кейін келді. Бұл 2013 жыл еді. Оған дейін Мадуро Чевестің вице-президенті болған. Ол билікке келген уақта Венесуэла қарызға белшеден батқан, халықтың тұрмысы тұралаған, мемлекеттің қаңқасы бар да, қауқары жоқ, күйреуік күйде еді. Содан билік тізгінін мұраға ұстаған Мадуро ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да радикалды ұстанымдар мен шешімдер қабылдады. Содан ол елде социализм орнату үшін Парламенттен өзіне ерекше құзырет беруді сұрап алады. Ол қабылдаған радикалды шешімдердің бірі – елдегі ірілі-ұсақты сауда брендтерін мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алу, ал тауарларды тиын-тебенге сату болды. Бұл үшін армия мен полиция жұмылдырылды. Ал елдің кей аймақтарында арзан тауарды алуға асыққан жұртты игеру мүмкін болмай, дүкен желілері тоналып жатты. Сөйтіп, елде қылмыс көрсеткіші әп-сәтте ұлғайды. Бұның ақыры 2014 жылы жаппай наразылықтарды оятты.

Мадуро билікке осылай келді. Ал 2015 жылғы сайлауда ел Парламенті оппозицияның қолына өтті. Ал 2016 жылы Мадуро Жоғарғы сот арқылы 3 депутатты мандатынан айырып, Парламентте оппозицияны әлсіретті. Мадуроның елішілік айқасы мұнымен тоқтамады. 2016 жылы Парламент оған импичмент жариялауға тырысты. 2017 жылы бір күннің ішінде Конституциялық кеңестің сайлауын өткізіп, Конституцияны өзгертті. Сол үшін АҚШ, Канада, Панама секілді елдердің санкциясына ілікті.

Мадуроның екінші президенттік мерзімі 2019-2025 жылдардың аралығын құрайды. Сайлау 2018 жылы өтіп, Мадуро билік тізгінін ұстап қалды. Әлбетте, Батыс елдері мен Латын Америкасының елдері, соның ішінде Аргентина, Бразилия мен Канада секілді елдер бұл сайлауды мойындаған жоқ. Тіпті, Каракастан елшілерін кері шақыртып әкетті. Ал АҚШ Венесуэлаға қосымша санкциялар салды. Мадуроның билігін Ресей, Қытай, Куба, Сальвадор секілді елдер мойындады. 2018 жылы Мадуроға қастандық жасалды. Бірақ, бұл сәтсіз операциялардың бірі болды.

Мадуро үшінші кезек сайлауды 2024 жылы өткізіп, 51 пайыздан аса дауыс иеленді. Әрине, бұл сайлаудың нәтижесін де ел оппозициясы мен халықаралық қауымдастық мойындаған жоқ. Бірақ, оған қарап жатқан Мадуро жоқ. 2025 жылдың қаңтарында антын қабылдап, қызметіне кірісіп кеткен.

АҚШ-ПЕН ТЕКЕТІРЕС: МАДУРОНЫҢ БАСЫНА БӘЙГЕ ТІГІЛГЕН

АҚШ Мадуроның ізіне 2020 жылдан бастап мықтап түсті. Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде АҚШ есірткі тасымалдаушыларға қарсы күрес ашты. Сол жылы АҚШ Қаржы министрлігі Мадуро мен оның жақтастарын «есірткі саудасының демеушісі» деп жариялап, Мадуроның жеке басына бәйге тікті. Оны тұтқындауға көмектескендерге 50 млн доллар берілетінін айтты.

Ал 2025 жылдың қаңтарында Трамп Ақ үйге қайтып орала салысымен, бұрын басталған есірткі ағынымен күресті қайта жандандырды. Венесуэла маңына АҚШ әскерін топтастыруда. Ондаған ұшақ, десанттық кемелер, сүңгуір қайық, 5 мыңнан астам арнайы жасақ сарбаздары және соққы жасаушы дрондар Венесуэлаға 700 шақырым жерде топтастырылды. Сарапшылар АҚШ билігі есірткі тасымалдаушы топтарға ғана емес, Венесуэла билігіне де соққы жасауы мүмкін деп санайды.

МАДУРОНЫҢ ДӘУРЕНІ АЯҚТАЛДЫ МА?

«Foreign Policy» басылымы Вашингтонның аталған аймақтағы стратегиясына қатысты болжам жасап, үш түрлі сценарийді болжады. Олар: Көтеріліс жасау, АҚШ-тың тікелей әскери әрекеті немесе Каракаспен келісім сценарийлері.

Жуырда «Miami Herald» басылымы: «Ақ үй Пентагонға Венесуэланың әскери нысандарына соққы жасауға рұқсат берді», - деп жазды. Бұл ақпаратты «The New York Post» басылымы да растап: «Мадуроның дәурені аяқталды. Енді бірер күннен соң ол туралы өткен шақта сөйлейтін болады. Ал Венесуэла еркін тыныстап, дамуға бет алады», - деп жазды.

ЖАН АЛҚЫМНАН АЛҒАНДА МАДУРОНЫҢ ЖАНТАЛАСУЫ

Мадуроның жаны әздек екен. Әуелі ол Ресей, Қытай, Иран мен Солтүстік Корейден әскери көмек сұрады. Онысы орындала қойған жоқ. Артынша ол толықтай ұрысқа дайындалып, қолда бар қаруы мен техникасын шекараға тізді. Бірақ, АҚШ-тың тегеуріні бет қаратпай тұрған соң, ол АҚШ-қа бірнеше мәрте үндеу жасап (ағылшын тілінде) Трампты соғысу райынан қайтаруға әрекеттенді. Сондай амалдардың бірі күні кеше ғана Мадуро Джон Леннонның әйгілі «Imagine» әнін шырқай жөнелді. Бұл ән соғысқа, қантөгіс пен қақтығысқа қарсы шығып, бейбітшілікті насихаттайтын туынды саналады.

Содан кейін ол АҚШ-қа елдің орасан зор мұнай қорына жол ашатын бұрын-соңды болмаған келісімді ұсынды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуромен келіссөз жүргізу мүмкіндігіне ашық екенін айтты. «Біз Мадуромен біраз келіссөздер жүргізіп, не болатынын көреміз. Олар бізбен сөйлескісі келеді», - деді Трамп.

МАДУРОНЫ КІМ ҚАБЫЛДАЙДЫ? РЕСЕЙ МЕ, ТҮРКИЯ МА, ӘЛДЕ ӘЗІРБАЙЖАН БА?

Ал «Politico» басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп: «АҚШ президентінің әкімшілігі Мадуроны биліктен кетірген соң, оны елден қумақ. Мадуроға саяси пана болатын бірнеше нұсқа ұсынылмақ. Олардың қатарында Ресей, Куба, Түркия мен Әзірбайжан бар», - деп жазды.

АҚШ қазір Мадуроның болашағына қатысты бірнеше нұсқаны қызу талқылауда. Олар:

Бірінші нұсқа – Мадуроны биліктен түсірген соң, оны елден қуып жіберу. Үшінші бір елге жер аудару. Болжалды жерлер: Ресей, Куба, Түркия мен Әзірбайжан.

Екінші нұсқа – Мадуроны дереу тұтқындап, АҚШ сотымен соттау. АҚШ-тың есірткі ағынымен күресі Мадуро билігін әлсіретіп, ел оны биліктен өзі құлатады.

Үшінші нұсқа – өзге елдерден жеке күзет фирмаларын жалдап, Мадуроның орнына келетін билікті күзету. Ал Мадуроны ашынған халықтың талан-таражысына салу.

ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ: МАДУРОНЫҢ БАКУМЕН ЕШ БАЙЛАНЫСЫ ЖОҚ!

«Politico» басылымының ақпаратына қатысты Әзірбайжан Парламентінің депутаты Фазил Мұстафа пікір білдіріп: «Бұл туралы ашып айту қиын. Егер АҚШ-тан Әзірбайжанға қатысты нақты сондай сұрау салынса, Әзірбайжан басшылығы АҚШ-Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастардың деңгейіне қарай шешім қабылдауы керек болады. Әзірге пәлен деп айту қиын», - дейді.

Әрі қарай Әзірбайжан депутаты: «Мадуроның Әзірбайжанмен ешқандай балынысы жоқ. Иә, екі ел арасында қандай да бір қарым-қатынастар жоқ емес, бірақ, ол соншалық жоғарғы деңгейде дей алмаймыз. Біз Венесуэламен бауырластық деңгейде араласпаймыз», - дейді.

Ал «Politico» басылымы: «2024 жылдың желтоқсанында Сирияда оппозиция көтеріліп, билікті өз қолына алған соң, сол кездегі президент Башар Асад бас сауғалап Мәскеуге барған. Ресей Башар Асадқа пана берген. Сол жағдай Мадуроға қатысты қайталануы әбден мүмкін», - дейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар