Такаитидің тегеуріні қатты: Жапония ядролық қаруға ие болмақ...

Соңғы күндердегі саяси айтыс-тартыстардың ушығуы Тынық мұхит аймағынан да тыныштық сейіле бастағанын анық аңғартады. Қазір Жапония мен Қытай арасы күрт салқындап, сөзтартыстар нақты іс-әрекеттерге ұласуда.

1763369784790357.jpg

ЖАПОНИЯ МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫ УШЫҚТЫ

Істің мән-жайы былай: Жапония тарихында тұңғыш рет әйел премьер-министр болып сайланған Санаэ Такаити әлгінде батыл мәлімдеме жасап, Тайваньға күш қолданылса, Жапония мұны «тіршілік қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер» деп бағалайтынын ашық айтқан. Ал мұндай баға Токиоға заң жүзінде қақтығысқа араласуға жол ашады.

1763369095142289.jpeg

(Сурет: eadaily.com)

Қытай мұндай сөзді әсте кешірсін бе, бірден бұлқан-талқан наразылық білдірді. Бейжің жедел түрде мәлімдеме жасап, өз азаматтарына Жапонияға бармауға кеңес берді. Жапонияда жүрген студенттерін сақтыққа шақырды. Дипломатиялық жоралғылар жасалды. Бейжің мұнымен шектелген жоқ.

Бір күн өтті дегенде Қытайдың 4 қарулы кемесі Сенкаку маңына кіріп, өз аумақтық құқығын «патрульдеуге» кіріскенін жария етті. Онан соң Қытай жағалау күзетінің қаруланған кемелері Жапония бақылайтын суға кіріп кеткені айтылды.

Бұл – жай ғана теңіздегі кезекті протоколдық дабыл емес еді. Бұл – Такаитидің батыл мәлімдемелеріне берілген нақты, әскери реңкі бар жауап болатын.

ЖАПОНИЯ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ҰМТЫЛУДА

Тынық мұхиттың толқыны биіктеп, саясаттың самалы дауылға айнала бастаған тұста Жапон премьері Такаити күтпеген қадамға барды. Ол – Жапония ядролық қаруға ұмтылысын мәлімдеді.

Жапонияда соңғы 60 жылда айнымай ұстанып келген 3 ұстанымы бар. Ол үш ұстаным – анти-ядролық ұстанымдар. Олар: Ядролық қаруға ие болмау, оны өндірмеу және ең бастысы – елге кіргізбеу.

Санаэ Такаити осы алпыс жылдық ұстынамнан бас тартуды ұсынды. Хиросима мен Нагасаки қаперде тұрса да, Такаити бүгінгі әлемнің 1945 жыл емес екенін, АҚШ-тың ядролық тежеуші күші бұрынғыдай қорғаныш құралы болып қала алмайтынын ашық айтты.

Такаити: «Вашингтонның өзі қазір әлемнің әр нүктесінде саяси тартысқа түсіп жатқан шақта Жапонияны толық қорғауға кепілдік бермейді. Ал Жапонияның қауіпсіздігі дәл осы тежеуші  күшке, яғни, ядролық қаруға тәуелді», - деп кесіп айтты.

1763369216817631.png

(Сурет: wikipedia.org)

ХИРОСИМА МЕН НАГАСАКИ ТРАГЕДИЯСЫ

Әлбетте, Жапон жұрты үшін атом бомбасы туралы әңгіме – өте-мөте ауыр әңгіме. Әлем жұрты Хироисма мен Нагасакидегі алапатты әлі ұмытқан жоқ. 1945 жылдың тамызы Жапонияның қос қаласы адамзат тарихындағы ең зұлматты күндерді бастан кешірді.

6 тамыз:  B-29 «Enola Gay» бомбалаушы ұшағы Хиросимаға «Little Boy» деп аталатын атом бомбасын тастады. Қуаты – 13-18 килотонна тротилге тең болды.

9 тамыз: Нагасаки қаласына қуаты 19-21 килотонна тротилге тең «Fat Man» плутоний атом бомбасы тасталды.

Осы қос соққыдан ә дегенде 80 мың адам көз жұмды. Жыл аяғындағы есеп бойынша, жалпы қаза тапқандар саны Хирлсимада 90 мыңнан 166 мыңға, Нагасакиде 60 мыңнан 80 мыңға дейін бір-ақ жетті.Тамыздың орта шешінде Жапония капитуляция жариялап, оған қыркүйекте қол қойылды.

ТЫНЫҚ МҰХИТТЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫН ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ҚОРҒАЙ МА?

Десе де Токионың сыртында тұрған стратегтер Такаитидің сөзін құр романтика емес, нақты факт ретінде қабылдады: Қытайдың әскери қуаты Тынық мұхит аймағында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Солтүстік Корея ракета сынауын тоқтатқан жоқ. Ал Ресей Қиыр Шығыста Қытаймен бұрынғыдан да жақындап барады. Осындай жағдайда Жапонияның өзінің аумағына одақтастың ядролық қаруын кіргізуге тыйым салуы алып тастау керек деген бастаманы батыл көтеруде.

1763369313247755.jpg

(Сурет: nippon.com)

САНАЭ ТАКАИТИ КІМ?

Санаэ Такаитидің  Жапония премьерлігіне биыл 21 қазанта тағайындалды.

Такаитидің саясаттағы жолы әлдеқайда ертерек – 1961 жылы Нара префектурасында басталған. Жасынан дербес, қатаң, өзіне сенімді өскен Такаити Коби университетін тәмамдап, АҚШ-та тағылымдамадан өткен. Өзінің еңбек жолында Такаити заң шығарушының көмекшісі де болды, тележүргізуші де болды. Ол 1993 жылы алғаш рет парламентке сайланды және көп ұзамай Либерал-демократиялық партияның ең ықпалды тұлғаларының біріне айналды. Ол ішкі істерді де, коммуникацияны да, экономикалық қауіпсіздік министрлігін де басқарды. Сөйтіп Жапонияның стратегиялық бағыттарын ішінен түсінетін санаулы саясаткердің бірі болды.

Консервативті ұстанымның беделді өкілі ретінде Конституцияның 9-бабын қайта қарауды ашық жақтады, қорғанысты күшейтуді талап етті, жасанды интеллект пен жаңа технологияларға мемлекеттік инвестицияны еселеу қажеттігін айтты. Тіпті, оның Ясукуни ғибадатханасына барып тұруы – оның идеологиялық бағытын анық көрсететін белгі. Өзінің саяси рухани ұстазы ретінде Маргарет Тэтчерді атайды. «Темір ханымның» батыл стилін жапон саясатына әкелгісі келетінін де жасырмайды.

ТАКАИТИ ЖАПОНИЯНЫ ҚАРУЛЫ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫРА МА?

Такаитидің билікке келуі – Жапониядағы қатардағы кадрлық ауысым емес. Бұл – елдің стратегиялық бағытының түбегейлі өзгеруі. Көп жылдар бойы «бейбіт ел» образына байланып қалған Токио енді аймақтық держава ретінде әрекет ете бастады. Қытайға қарсы нақты позиция ұстанып отыр. Тайвань мәселесінде тұмшаланған сақтықтан бас тартып отыр. АҚШ-пен әскери интеграцияны тереңдетуге дайын. Ең бастысы – ядролық тыйымның бұғауын босатуға жақын.

Ядролық қарудың қзұлматын бүкіл әлемге алғаш болып көрсеткен, өз халқынан жүздеген мың адамы сол қасіретті қарудан опат болған Жапония қазір сол қаруды қорғаныс құралы ретінде қарастырып отыр. Бұл – Такаити дәуірінің ең қатал, ең даулы, бірақ ең шынайы шешімдерінің бірі болмақ.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар