АҚШ әскерін топтастыруда: Мәскеу Мадуроны құтқара ма?

АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы әрекеті күшейген сәтте, Мәскеу Мадуроны қолдауды арттыруды ойластыруда. Бұл туралы The Times жазды.


md700.jpg

 

АҚШ Кариб аймағында әскерді топтастыруды күшейтті. Ал Мадуроның «сенімді» одақтасы саналатын Ресей Венесуэланы қолдау әрекеттерін талқылап жатыр. Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Венесуэлаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымыран кешендерін беруді ұсынды. АҚШ 1963 жылдан кейін, араға 60 жыл уақыт салып, Кариб аймағында аса белсенді әрекетке көшуде.

 

Ресейдің СІМ төраға орынбасары Сергей Рябков былай дейді: «АҚШ Кариб аймағында әскери күшін топтастырып жатыр. Не үшін екені белгісіз. Бұл белгісіздік жағдайында шиеленіс те күшеюде, ал ол шиеленістің күшеюіне ең алдымен АҚШ кінәлі», - дейді. Ол ықтимал қақтығысқа Ресейдің қалай жауап қататынын айтпады.

 

Ресей мен Венесуэла мамыр айында әскери-техникалық байланысты арттыру бойынша стратегиялық келісім жасасты. Құжат бойынша екі ел соғыс жағдайында бірлесе қорғануға міндетті емес, алайда әскери техника сұрауға болады. Дегенмен сарапшылар бұл құжатқа сенім артпайды. Өйткені, Иран-Израиль соғысында Ресей тарапы Тегеранмен дәл осындай келісім жасасқанына қарамастан, парсыларға қандай да бір ауқымды көмек көрсетпеді.

 

АҚШ Кариб аймағындағы соққыларын арттыруда. Осы уақытқа дейін АҚШ-тың соққыларынан 70-ке жуық адам қаза тапты. Пентагон оларды «есірткі тасымалдаушы топтар» деп атады. Өткен аптада АҚШ-тың екі бірдей B-52 ұшағы Венесуэла жағалауына жақын маңнан ұшып өтті.

 

Трамп ОББ (ЦРУ) қызметкерлеріне Венесуэла аумағында құпия операцияларды өткізуге рұқсат етті. Ал Уашиңтон Мадуроны «есірткі әлемінің серкесі» деп атап, оны ұстауға мүмкіндік беретін ақпаратқа 50 млн доллар сыйақы беруге әзір екенін айтты. Дей-тұра, АҚШ басшысы Трамп Венесуэла аумағына соққы жасауға ниетті еместігін айтумен келеді.

 

Өткен аптада АҚШ Сенаты Трампқа Конгресстің қолдауынсыз Венесуэлаға соққы жасау мүмкіндігін беру туралы сұрақ аясында дауыс берді. Дауыс берушілердің 51 пайызы қарсы позицияны таңдады.

 

Мадуро АҚШ-тың шынайы мақсаты Венесуэланың мұнайға бай аймақтарын өз иелігіне алу екенін айтуда. Әскери сарапшылардың пікірінше, АҚШ Венесуэлаға соққы жасаса, Ресей де, Қытай да, Иран да Мадуроны қолдау бойынша шынайы әрекет жасамайды. Себебі аталған елдер Трамптың қарсы реакциясынан именеді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар