Вашингтондағы Ақ үйдің қақпасы қазақ көшбасшысына айқара ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп қана қойған жоқ, Қазақстанның халықаралық саясаттағы беделін тағы бір айшықтап берді. Кездесу барысында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды, ал стратегиялық серіктестіктің ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейде кеңейтілді.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасы)
Қасым-Жомарт Тоқаевты Вашингтон әуежайында АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландауның өзі қарсы алды. Бұл – екі ел арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нышаны. Келесі күні Ақ үйдің төрінде Дональд Трамп Президент Тоқаевты қабылдап, екіжақты келіссөздер өткізді. Әңгіме ресми формальдылықтан алыс, нақты нәтижеге бағытталған іскер диалог форматында өрбіді.
Мемлекет басшысы Тоқаев кездесуде Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен Америка Құрама Штаттары әлемдік саясат пен экономикада жетекші рөлін нығайтып келе жатқанын атап өтті. «Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» идеяңыз біздің «Әділетті, Қуатты Қазақстан» стратегиясымен үндес», – деді Тоқаев.
Президенттің бұл сөзі кездейсоқ емес. Себебі Қазақстан дәл қазір экономикалық реформалар мен әділетті басқару үлгісін қалыптастыру жолында тұр. Бұл бағытта АҚШ-пен серіктестік – тек инвестициялық емес, технологиялық серпіліс пен жаңа индустриялық мүмкіндіктердің де бастауы болмақ.
Ақ үйдегі келіссөздер барысында тараптар авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар саласында ірі жобаларды іске асыру туралы уағдаласты. Бұл бағыттар – XXI ғасыр экономикасының тірек бағандары. Тоқаев америкалық компанияларды Қазақстандағы қолайлы инвестициялық жағдайды тиімді пайдалануға шақырып, тіпті «жеке қолдау көрсетуге дайынмын» деп нақты мәлімдеді.
Дональд Трамп өз кезегінде Тоқаевтың көшбасшылық қасиетін жоғары бағалап, Қазақстанды табиғи байлыққа ғана емес, парасатты саясатқа да бай ел деп атады. «Барлық сала өте маңызды. Бір жылдан кейін не болатынын ешкім білмейді. Бірақ сіздердің еліңізде зор әлеует пен дана Президент бар», – деді АҚШ көшбасшысы.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасы)
Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме арқауы – Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімі. Бұл – бейбітшілік пен диалогқа бағытталған батыл қадам. Дональд Трамп бұл шешімді әлемдік ынтымақтастықтың маңызды алға жылжуы деп бағалап, өзге елдерді де осы бастаманы қолдауға шақырды. Тоқаев өз кезегінде Ибраһим келісімдеріне қосылу – Қазақстанның көпжақты дипломатиясын жаңа деңгейге шығарып, халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына адалдығын нақты дәлелдейді деп атап өтті.
Ресми келіссөздерден кейін екі ел көшбасшылары еркін форматта әңгімелесті. Ақ үйдің іргесінде жаңадан салынып жатқан салтанат сарайының құрылысын бірге тамашалаған сәт – символдық мәні терең көрініс. Бұл жаңа ғимарат – жаңа кезеңнің бейнесіндей.
Тоқаев сапар аясында өткен «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) саммитіне қатысып, өңірлік ынтымақтастықты тереңдетудің нақты бағыттарын талқылады. Ол саммитті тарихи сәт деп атап, Трампқа Ақ үйде осындай формат ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. «Бұл кездесу Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы серіктестіктің жаңа дәуірін ашты», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс бүгінгі таңда жарты триллион доллардан асатын әлеуетке ие. Америка – елімізге 100 миллиард доллардан аса инвестиция салған ең ірі серіктес. Бүгінде Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады.
Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – Тоқаевтың геосаяси дәлдігі мен теңгерімді сыртқы саясатының айқын көрінісі. Ол әлемдік турбуленттілік пен жаңа блоктық қақтығыстар кезеңінде Қазақстанның дербес бағытын нақты дәлелдеді. Ешкімге қарсы емес, бірақ барлығымен тең әріптестікке негізделген саясат – қазіргі қазақ дипломатиясының өзегі.
Вашингтондағы кездесу нәтижесінде қол қойылған келісімдер – құрғақ құжат емес. Бұл – Қазақстанның әлемдік экономикалық жүйедегі орнын нығайтатын нақты жоспарлар. Энергетика, жасанды интеллект, көлік, қаржы, білім салаларындағы жобалар елдің инновациялық болашағын айқындайды.
Қорыта айтқанда, Ақ үйдегі тарихи кездесу – бір ғана сапардың нәтижесі емес, көпвекторлы саясаттың жемісі. Тоқаевтың Вашингтон сапары Қазақстанды жаңа геосаяси кеңістікке шығарды. Ал Трамптың сөзімен айтқанда, «табиғи ресурсқа бай әрі парасатты Президенті бар елдің» болашағы айқын. Бұл жолы Ақ үйдің төрінде айтылған сөздер мен қол қойылған құжаттар – тарихтың жаңа парағын ашты. Ол парақта Қазақстанның аты айқын жазылған.
Mezgil.kz