Африканың қақ ортасында орналасқан Малиде жағдай күн өткен сайын күрделенуде. Билікті күшпен басып алған әскерилер мен оларға қарсы әрекет етуші қарулы топтар арасындағы қақтығыс артып келеді. Бұл шайқасқа Ресейдің не қатысы бар? Сарапшылар не дейді? Bloomberg басылымы не жазды?

Мали астанасы Бамако қаласына апаратын жолдардың бірқатарын қарулы топтар өз бақылауына алды. Қарулы топтардың басым бөлігін Мали билігі мен әлемдік қауымдастық «лаңкестік ұйымдар» деп атауда. Аталған топтар Бамако қаласына жанармай жеткізуге кедергі жасауда.
«Әл-Каидамен» байланысы бар деп танылған бірнеше топ Малиде 10 жылдан астам уақыт бойы әрекет етуде. Олар осы жылдар аралығында мыңдаған адамды өлтіріп, жүздеген мың адамның босқын атануына себепкер болды. Үш ай бұрын Мали билігіне қарсы соғысушы топтар бірлескен әскер құрды, ал екі ай бұрын Мали астанасы Бамако қаласын қоршауға алуды бастады. Олар Бамакоға апаратын жолдарды жауып, әскери колонналарға шауып, жанармай қоймаларын өртеуде.
Мали астанасында жанармай тапшылығы орасан деңгейге жетті. Мотоциклдер мен машиналар жанармай бекеттерінде бірнеше шақырымға созылған кезекте тұр. Soufan Center сарапшысы Лукас Веббердің сөзінше, қарулы топтар жанармай тапшылығын күшейту арқылы ел билігін тақтан тайдыруды ойластыруда. Лаңкестер «жанармай тапшылығына шыдамаған халық билікке қарсы көтеріледі деп санайды» дейді сарапшылар. Қарулы топтар ел тұрғындарына биліктің халықты жанармаймен, азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайтынын дәлелдеуге тырысуда.
АҚШ, Италия және Германия билігі дереу арада өз азаматтарын Малиден кетуге шақырды. Ал Нигер билігі Мали билігіне көмек қолын созуға әзір екенін айтуда. Нигер Малиге жанармай жеткізуді ойластыруда. Алайда оны қалай жеткізері белгісіз. Себебі Бамакоға апаратын жолдардың барлығы дерлік көтерілісшілердің бақылауында.
Бамакоға апаратын жолдарды «Жамаат Нұсрат әл-Ислам уәл-Муслимин» ұйымының жасақтары бақылауға алған. Олар Бамакоға бір литр жанармай да кірмеуі тиіс деген позицияны ұстануда. Ал Бамако мен оның маңында 4 млнға жуық адам қоныстанған. Сарапшылар 2012 жылғы сценарийдің қайталануынан қорқады. 2012 жылы қарулы топтар туарегтермен одақ құрып, Малидің солтүстігін басып алып, шариғат заңдарына негізделетін уақытша «мемлекет» құрған еді.
Ол сәтте ел билігіне көмекке Франция әскері келді. Франция елдің оңтүстігі мен астанасын көтерілісшілерден қорғады. Алайда көп ұзамай әскерилер үкіметті төңкеріп тастады және Франция әскерін елден шығаратынын айтты. Франция әскерінің орнына олар ресейлік «Вагнер» жалдамалы әскерін шақырды. Үкіметті төңкеріп, билікке келген әскерилер осылайша Ресейдің жеке компаниясына арқа сүйеді.
«Вагнер» әскері о баста қарулы топтар мен лаңкестерді бірқатар аудандардан шегіндіре білді. Кейін қарулы топтар ол аймақтарды қайта басып алды. Armed Conflict Location & Event Data сарапшысы Хени Нсаибияның сөзінше, вагнерліктер келген сәттен кейін, бейбіт тұрғындардың оққа ұшуы 4 есеге артқан.
Алайда «Вагнер» енді лаңкестер мен қарулы топтарды тоқтатуға қауқарлы емес. Ресей бұған дейін Нигер мен Буркина-Фасода да сәтсіздікке ұшыраған болатын. Аталған екі елден де Франция әскері шығарылып, билік ресейлік жендеттерді жалдаған еді. Бірақ вагнерліктер өз миссиясын орындай алмады. Ресей Пригожиннің бүлігінен кейін «Вагнер» жеке әскери компаниясын үшке бөліп, бір бөлігін Африкаға жіберді. Ол «Африкалық корпус» деп аталады және оған вагнерліктерден басқа да ресейлік жалдамалылар кірген. Дегенмен «Африкалық корпус» Африкада қауқар көрсете алмауда.
Малиде көтеріліспен билікке келген әскерилер жанармай тапшылығын шешу үшін қарулы топтарға әуеден соққы жасап, қарымта шабуылдар ұйымдастыруда. Алайда нақты нәтижеге қол жеткізе алмауда. Мали әскерімен келісімге келген ресейлік жендеттер де жағдайды реттей алмады. Тіпті бірнеше мәрте қоршауға түсіп, үлкен шығынға ұшырады.
Сарапшылар Бамако қаласында билікке қарсы наразылық басталса, ел билігі ғана емес, Ресейдің Африкадағы жеке әскери компаниялары да аймақтан кетуі мүмкін дейді.
Mezgil.kz