Ядролық соғыс: Путин «Посейдонын» мақтаған сәтте, Трамп «атом жарам» деп атой салуда!

Әлем жұрты ядролық алпауыттардың ашық айқасын көре бастады. АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қаруды сынақтан өткізу туралы бастамалар сөзден іске ұласуда. Егескен екеудің бұл бәсекесі жаһандық ядролық қақтығыстың бастауы ма? Рет-ретімен жазайық...

1762419550261129.jpg

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ: АҚШ ПЕН РЕСЕЙ КҮШ СЫНАСУДА...

Әуелі Ресей бастады. Кезек-кезек «Буровестник» құрлықаралық зымыранын және «Пасейдон» атомды кемесін сынақтан өткізді. Онан соң АҚШ президенті Дональд Трамп ядролық сынақ өткізетіні жайлы айтты. Ал кеше АҚШ сол Трамптың тапсырмасын орындап, «Minuteman III» деп аталатын құрлықаралық балистикалық зымыранын сынақтан өткізді.

«Minuteman III» зымыраны Калифорниядағы «Ванденберг» базасынан ұшырылды. Зымыран 6,7 мың шақырымды ұшып өтіп, Маршалл аралында орналасқан «Рейган» полигонындағы нысанаға тиген.

Осының ізін ала Ресей президенті Путин Қауіпсіздік кеңесін жиып, ядролық сынақ өткізу жайлы сөз етті. Ол Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен арнайы қызметке ядролық сынақтарды өткізу туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.

ПУТИН: АҚШ СЫНАҚ ЖАСАСА, БІЗ ДЕ ЖАСАЙМЫЗ!

Путин Сыртқы істер министрлігіне, Қорғаныс министрлігіне, барлау органдарына және басқа да ведомстволарға ядролық сынақтарды қайта бастау мүмкіндігі туралы АҚШ мәлімдемелерін талдауды және Қауіпсіздік Кеңесіне ықтимал жауап шаралары туралы ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Ол АҚШ президенті Трамптың ядролық қаруды сынау туралы мәлімдемелерін «маңызды мәселе» деп атап, Қауіпсіздік Кеңесі американдық билеуші топтарда естіген риториканы талдағанын атап өтті. Сондай-ақ, ол 2023 жылы Ресейдің Федералды жиналысында айтқан сөзінде: «Егер АҚШ немесе шарттың басқа тараптары ядролық сынақтар жасаса, Ресей де солай жауап беруге мәжбүр болады», - деп ескерткенін еске салды.

Ал Ресейдің Қорғаныс министрі Андрей Белоусов халықаралық жағдайдың өзгеруіне сілтеме жасай отырып, «толық ауқымды ядролық сынақтарға дайындықты дереу бастауды» ұсынды. Ол: «Вашингтонн қазір ядролық оқтұмсығы бар және 13 мың шақырымға жететін жаңа құрлықаралық баллистикалық зымыран жасап жатыр», - деді. Ол Америка Құрама Штаттары 14 ядролық сүңгуір қайықтағы 56 ұшыру қондырғысын пайдалануға даярлап жатқанын және озық стратегиялық «Columbia» сүңгуір қайығын жасап жатқанын, Вашингтонның «үнемі стратегиялық шабуыл күштері жаттығуларын өткізетінін, олардың ең соңғысы Ресей аумағына алдын ала ядролық зымыран соққыларын жасауды қамтитынын» атап өтті. Сонымен қатар, ол Америка Құрама Штаттары Ресей мен Қытай зымырандарын ұстап алуды және ұшыру алдында жоюды көздейтін «Алтын күмбез» бағдарламасын іске асыра бастағанын мәлімдеді.

РЕСЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ ӨТКІЗЕ МЕ? КІМДЕР ҚОЛДАП, КІМДЕР ҚАРСЫ?

Ресей президенті Путин 2022 жылы да ядролық сынақ өткізу үшін Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауын алуға тырысқан. Алайда, ол жолы Қауіпсіздік кеңесі бұл ұсынысты қолдай қоймаған. Бұл жолы да Қауіпсіздік кеңесінің үні бірауызды болған жоқ. Бұл ұсынысқа кім қалай реакция білдірді? Қараңыз:

Бірінші: РФ Қорғаныс министрі Белоусов «ядролық сынақты дереу өткізуді» ұсынды.

Екінші: РФ Бас штабының бастығы Герасимов шұғыл шешім қабылдауды талап етіп: «Егер біз қазір тиісті шаралар қолданбасақ, АҚШ-тың әрекеттеріне жедел жауап беру мүмкіндігін жіберіп аламыз», - деді. Ол сынақтарға дайындық бірнеше айға, тіпті жылдарға созылатынын генерал еске салды.

Үшінші: Ал РФ ФҚҚ бастығы Бортников «сынаққа даярлықты асығыс жасауға қарсы болды». Ол президенттен ұсыныстар дайындауға уақыт беруін сұрады.

Төртінші: Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Шойгу да асығыстыққа қарсы болды: «Осы мәлімдемелер мен барлық декларацияларды талдау негізінде біз АҚШ-тың ядролық қару сынақтарын өткізуге немесе өткізбеуге қатысты болашақ әрекеттері мен қадамдарын толық түсінбейміз», - деді.

РЕСЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТЫ ҚАЙДА ӨТКІЗБЕК?

РФ Қорғаныс министрі Белоусов ядролық қаруды «Жаңа жер» деп аталатын Солтүстік мұзды мұхиттағы архипелагта өткізуді ұсынды. «Жаңа жер» архипелагы – Солтүстік мұзды мұхитта, Баренц және Кар теңіздерінің ортасында орналасқан. Ресейдің Архангелскі облысына қарайтын жер. Онда шамамен 2,3 мыңдай адам тұрады. Бұл Кеңес дәуірінен бергі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірі, онда адамзат тарихындағы ең қуатты термоядролық құрылғы «Патша бомбасы» жарылды.

Сарапшылардың пікірінше, Путиннің ядролық спектаклі жалғыз көрерменге арналған қойылым. Ол көрермен - Трамп. Мәскеу сынақтарға асықпайды, себебі бұл оның дипломатиясын айтарлықтай әлсіретеді.

ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРДЫ КІМ ЖӘНЕ ҚАШАН ЖАСАДЫ?

БҰҰ дерегінше, алғашқы ядролық сынақтарды Америка Құрама Штаттары 1945 жылы жүргізген. 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСТШ) қол қойылғанға дейін бүкіл әлемде 2000-нан астам ядролық сынақ жүргізілді. Міне, тізім:

▪АҚШ 1945 және 1992 жылдар аралығында 1032 сынақ жүргізді;

▪КСРО 1949 және 1990 жылдар аралығында 715 сынақ жүргізді;

▪Ұлыбритания — 1952-1991 жылдар аралығында 45 сынақ;

▪Франция — 1960-1996 жылдар аралығында 210 сынақ;

▪Қытай — 1964-1996 жылдар аралығында 45 сынақ;

▪Үндістан — 1974 жылы бір сынақ.

1996 жылдан бері үш ел сынақтар жүргізді: Үндістан (1998 жылы екі сынақ), Пәкістан (1998 жылы екі сынақ) және Солтүстік Корей (2006-2017 жылдар аралығында алты сынақ).

Ал Дональд Трамп: «Ресей мен Қытайды қоса алғанда, кейбір елдер құпия сынақтар жүргізіп жатыр», - деп мәлімдейді. Дегенмен, бұл туралы ресми ақпарат жоқ. Ресей ресми түрде ядролық қаруды тасымалдауға қабілетті жүйелерді сынақтан өткізіп жүр (мысалы, «Буревестник» немесе «Посейдон»), бірақ БҰҰ мәліметтері бойынша, оның соңғы ядролық сынағы 1990 жылдың 24 қазанында болды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар