«Орешник» берейік: Трамп «Мадуроның күні санаулы» дейді...

АҚШ президенті Дональд Трамп CBS News арнасының «60 Minutes Overtime» бағдарламасында Венесуэлаға қатысты пікір білдіріп, «Мадуроның билік басындағы күні санаулы деп ойлаймын» деді. Қазіргі сәтте АҚШ-тың әскери кемелері Венесуэлаға жақын маңда, Пуэрто-Рикодағы әскери базаға топтасуда. Пентагон Пуэрто-Рикодағы әскери базаға арнайы жасақ өкілдерін, соққы жасаушы дрондар мен тікұшақтарды, ұшақтарды жеткізуде. Кариб аймағын АҚШ-тың барлау дрондары шарлап жүр.


800_0_1471087033-3109.jpg

 

Сарапшылар АҚШ-тың арнайы жасағы Венесуэлаға соққы жасауы мүмкін деп топшылайды. Уашиңтон Мадуро режимін «есірткі картельдерін қолдауда» деп айыптады. Венесуэла билігі бұл айыптауларды толығымен жоққа шығаруда.

 

Ресейдің Мемлекеттік Думасындағы Қорғаныс комитетінің төраға орынбасары Алексей Журавлев АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты сесіне пікір білдірді. Ол Каракасқа «Орешник» кешенін беруді ұсынды.

 

«Бізге дос елге «Орешник» іспеттес жойқын қаруды берудің кедергісін көріп тұрғаным жоқ. Басқа да жойқын қаруларды беруге болады», - дейді ол. Ол Ресейдің Венесуэламен өте жақсы қатынаста екенін атап өтті. Журавлев Венесуэла әскерінде Су-30МК2 ұшақтары барын айтып, «АҚШ әскерін тосын сый күтіп тұр» деді. МемДума өкілінің сөзінше, Ресей тарапы Венесуэлаға С-300ВМ («Антей-2500»), «Панцирь-С1» және «Бук-М2Э» кешендерін де жеткізген көрінеді.

 

Washington Post басылымы бұған дейін Каракастың Мәскеуге хат жазып, Ресейден Су-30МК2 ұшақтарын модернизациялауды сұрап, жаңа радарлар мен зымыран кешендерін жеткізу туралы өтініш айтқанын жазған еді. Венесуэла Иран мен Қытайға да өтініш айтып, хат жазған. Тегеран мен Бейжіңнің қалай жауап қатқаны белгісіз.

 

АҚШ тамыз айынан бастап Венесуэла маңындағы әскери белсенділікті арттырды. Пентагон Кариб аймағындағы қайықтарға соққы жасауда. АҚШ аталған қайықтардың есірткі тасымалдауға қатысы барын айтуда. Трамптың бұйрығы бойынша Кариб аймағына Gerald R. Ford ұшақтасушы кемесі мен десанттық кемелер, оннан астам F-35 ұшағы топтасты. Сарапшылар Трамп Мадуроға психологиялық қысым жасап жатқанын айтуда. Алайда әскери операцияны да жоққа шығармайды.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар