Ресейдің 67 өңірінде ақша жоқ: Кремльге тағы бір жойқын соққы жасалды

АҚШ пен Батыстың жаңа санкция толқыны Кремльді бұрын-соңды болмаған экономикалық қысымға түсіріп отыр.

1762164190823929.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Ресейдің мұнай мен газдан түсетін табысы күрт азайып, энергетикалық жобаларына қауіп төнді. Еуропа мен Түркия сияқты ірі тұтынушылар Мәскеуден теріс айналып, балама бағыттарды іздеуде. Ал дәл осы сәтте Қазақстанның энергия нарығындағы орны күшейіп, аймақтық емес, жаһандық ойыншы рөлін иеленуге мүмкіндік туып отыр.

ТҮРКИЯ РЕСЕЙ МҰНАЙЫНАН БАС ТАРТЫП, ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗ САЛУДА...

«Reuters» агенттігінің дерегінше, Түркияның ең ірі мұнай өңдеу зауыттары «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкциялар әсерінен ресейлік шикізатты сатып алуды азайтып, Қазақстан, Ирак және басқа елдердің мұнайына бет бұрған. Бұрын тек ресейлік «Urals» маркасына тәуелді болған «STAR» зауыты енді қазақстандық «KEBCO» мұнайын тұтынуда. Бұл өнім сапасы жағынан «Urals-пен» бірдей, бірақ санкциялық тәуекелсіз, «таза» шикізат.

Тағы бір ірі кәсіпорын – «Tüpraş» компаниясы да Ресейден бас тартуға ұмтылып, балама көздерді іздеп жатыр. Түркия – бұрын ресейлік мұнайдың ең ірі сатып алушыларының бірі болған, алайда қазір ол энергетикалық саясатында жаңа бетбұрыс жасап отыр. Бұл бетбұрыс Қазақстан үшін үлкен мүмкіндікке айналуда.

Каспий дәлізі арқылы Түркия мен Еуропа нарығына бағытталған қазақстандық мұнайдың үлесі артып келеді. Қазақстанның бейтарап ұстанымы мен тұрақты энергетикалық серіктестік имиджі оған халықаралық сенім мен жаңа нарықтардың есігін ашты.

САНКЦИЯ РЕСЕЙДІҢ ІШКІ ЭКОНОМИКАСЫН КҮЙРЕТУДЕ

Алайда санкциялар Ресейдің ішкі экономикасын да күйретіп барады. Өңірлер бюджетін қысқартып, әлеуметтік бағдарламаларды тоқтатуға мәжбүр. Ростовтан Иркутскке дейінгі облыстарда мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысының үстемақысынан айырылып, өңірлік билік «ақша жоқ» деп мойындауға мәжбүр.

Экономистердің мәліметінше, Ресейдің 67 өңірі биыл қаржылық тапшылықпен жұмыс істеген. Бірінші жартыжылдықтағы бюджет дефициті 398 млрд рубль болса, қыркүйек соңында ол 725 млрд-қа жеткен. Кейбір аймақтарда тапшылық кірістің 30 пайызынан асып түскен.

Мәскеу соғыс пен әскери өндірісті қаржыландыруды бірінші орынға қойып, әлеуметтік саланы құрбандыққа шалған. Федералдық орталық аймақтарға бөлінетін трансферттерді қысқартып жатыр. Ал мұндай жағдайда қарапайым халықтың жағдайы нашарлап, өңірлер экономикасы «тірі қалу» режиміне көшкен.

РЕСЕЙГЕ ТАҒЫ БІР ЖОЙҚЫН СОҚҚЫ: «ЯМАЛ СПГ» ҚАРА ТІЗІМДЕ

Санкцияның жаңа сериясы Ресейдің ең әлсіз тұсын – энергетикалық жүрегін нысанаға алды. БАҚ-тың хабарлауынша, Ресейдің ең ірі сұйытылған табиғи газ (СТГ) жобасы «Ямал СПГ» санкция тізіміне енуі мүмкін.

Бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы президент Джо Байден кезінде санкцияны тек жаңа жобаларға бағыттаса, Дональд Трамп билікке қайта келісімен «Роснефть» пен «Лукойлға» тікелей шектеу енгізді. АҚШ-тың шешімінен кейін Еуропалық одақ та Мәскеуден келетін СТГ импортына тыйым мерзімін 2028 жылдан 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін қысқартты. Бұл шешім Ресейдің стратегиялық энергетикалық жобаларына – «Арктик СПГ» және «Балтық СПГ»-ге ауыр соққы болды.

Қазір Upstreamonline мәліметінше, «Ямал СПГ» мен «Сахалин-2 СПГ» жобалары санкция қаупінің ең алдында тұр. Былтыр «Ямал СПГ» Еуропа мен Азияға 21 миллион тоннадан астам газ экспорттаған. Егер бұл жоба «қара тізімге» енсе, Кремльдің кіріс көзі тоқтап, Мәскеу үшін бұл энергетикалық инфарктпен тең болмақ. Сарапшылардың айтуынша, санкциялардың қысқа мерзімде әсері шектеулі болғанымен, орта және ұзақ мерзімде Ресейдің логистика шығыны бірнеше есеге өседі, ал Еуропа нарығы жабылған жағдайда Азия бағыты тым қымбат және күрделі жолға айналады. Бұл Кремльді Қытай мен Үндістанға ғана тәуелді етуі мүмкін.

Әлем энергетикалық және саяси тұрғыдан жаңа бағыт таңдады. Түркия Ресей мұнайынан бас тартып, Қазақстанға бет бұрды. Батыс Кремльдің энергетикалық жүйесін күйретуге көшті. Ал Ресейдің өңірлері әлеуметтік дағдарысқа батып отыр. Бірі – нарық пен болашақтың логикасымен әрекет етуде. Екіншісі – соғыс пен санкцияның тұңғиығында қалды. Қазақстан дәл осы тарихи сәтті тиімді пайдаланып, өз ресурсын саяси емес, экономикалық қаруға айналдырса, ертеңгі күні әлемдік энергетикалық картаның орталығына айналары сөзсіз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар