Қазақстан ауыл шаруашылығына инвестиция салуды арттыруда. Басымдық агросалаға берілуде. Астық алқаптарын ұлғайту, дәнді дақылдардың сапалы сұрыптарын әкелу, агросаладағы өңдеу саласын дамыту, өнім шығаруды күшейтіп, оны экспорттау маңызды басымдыққа айналуда.

(Сурет eldala.kz сайтынан алынды)
Қазақстан агросала өнімдерін экспорттау географиясын кеңейтуде. Бүгінде еліміз 70-тен астам елге агро өнімдерін жеткізеді. Соңғы бес жылда экспорт көлемі 51%-ға артты. Қазақстан өз өнімдерін жеткізуде қиындық туындамау үшін Түркия, Қытай, Иран, Әзербайжан елдерімен фитосанитарлық келісімдер жасасты. Жеміс-жидек, күріш, мақтаны экспорттау көлемін арттыру үшін Еуропа нарығына шығу қарастырылуда.
Өнімді арттыру үшін арнайы технологиялар қолданылуда. Тыңайтқыштарды қолдану көлемі артты. Өткен жылмен салыстырғанда тыңайтқыш қолдану 2 есеге артып отыр. Сонымен бірге сапалы сұрыптарды қолдану да артуда. Бұл өнім көлемінің, сапасының артуына әкеледі және экспорт кеңістігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан агросалада өңдеуді арттыру керектігін жақсы түсінеді. Қостанай, Жетісу, Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында өңдеу кешендері ашылуда. Глютен өндіру ошақтары жұмыс істеуде. Түрлі сироптарды шығару көлемі артып келеді.
Астық өнімдерін экспорттау үлесі рекордтық деңгейге жетуде. Астық пен ұн өнімдерін жеткізу көрсеткіші Өзбекстанға 28,2%, Тәжікстанға 39,2%, Қырғызстанға 2,5 есеге, Иранға 17 есеге артқан. Ал Әзербайжанға 120 есе артып, рекорд орнатты. Қазақстан алғаш рет Польша, Бельгия, Португалия, Норвегия мен Ұлыбританияға астық жеткізуді бастады. Марокко мен Вьетнам елдеріне де қазақтың астығы жеткізілуде.
Әлемде астық саласындағы бәсекелестік артуда. Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа байланысты 400 млн адамдық нарық уақытша бос қалды. Бұл Таяу Шығыс, Африка, Еуропа және Азияда байқалды. Қазақстан сол кеңістіктен өз орнын алу үшін экспорттық келісімдер жасасты және өнімдерді жеткізуді уақытылы орындап келеді.
Mezgil.kz